Исрафил (ғ.с.) періште жайлы не білесіз?

Исрафил (ғ.с.) періште жайлы не білесіз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сұрды (сырнай) үрлеуші періште. Исрафил (ғ.с.) – хадистерде айтылатын төрт үлкен періштенің біреуі.1 Оның негізгі міндеті қиямет қайым басталатын кезде Аллаһтың әмірімен сұр үрлеу. Әрине, бұл Исрафил (ғ.с.) періште мұнан басқа ешнәрсе істемейді деген сөз емес. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға Аллаһтың сәби бергенін сүйіншілеп адам бейнесінде келген періштенің,2 Аллаһ тағаланың аршысын көтерген періштелердің бірі3 және Бәдір шайқасында мұсылмандарға жәрдем еткен періштелердің арасында осы Исрафил (ғ.с.) періштенің орын алғандығы айтылады.4 Сонымен қатар, бәлкім біз біле бермейтін өзге де әмірлерді орындауға үнемі дайын тұруы әбден мүмкін.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен Исрафил (ғ.с.) періштенің арасында да достықтың лебі бар еді. Оны мына оқиғадан анық байқауға болады. Бір күні Жәбірәйіл (с.ғ.) періштемен бірге Сафа төбешігінде отырған сәтінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) отбасы және өзінің біраз күннен бері нәр татпағанын тілге тиек етті. Осы уақытта көк жүзі гүрілдеп қоя берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қияметтің болуына әмір келді ме?», – деді. Жәбірәйіл (ғ.с.) : «Сенің әуелгі сөзің көкте естіле салысымен Исрафилдің (ғ.с.) осы жерге келуі әмір етілді», – деді. Осы уақытта Исрафил (ғ.с.) періште Аллаһтың сәлемімен келіп, Оған: «Уа, Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.)! Сенің айтқандарыңды Аллаһ тағала естіді. Сенен: Сүлеймен (ғ.с.) сияқты патша пайғамбар болуды қалайсың ба, әлде құл пайғамбар болуды қалайсың ба? – деп сұрап жатыр», – деп сауал тастайды. Жәбірәйіл ( ғ.с.) періште осы сәт: «Раббыңа кішіпейілдік таныт!» деп ишара етті. Сонда Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.): «Бір күн аш қалып жалбарынған, бір күн тоқ болып шүкір еткен құл пайғамбар болуды қалаймын»,5 – деп Исрафилге ( ғ.с.) жауап қайтарған еді.

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Исрафил (ғ.с.) періштенің өзге періштелерден үстем екендігін көрсету үшін түнде намаз соңында: «Уа, Раббым! Жәбірәйіл (ғ.с.), Микаил (ғ.с.), және Исрафилдің (ғ.с.) Раббысы. Көк пен жердің жаратушысы...»,6 – деп олардың аттарымен дұға оқығанын көреміз.

Бұл періштенің аты тікелей Құранда аталмағанымен, сұр үрлейтін періштенің аты екені хадистер арқылы келіп жеткен. Қиямет күні бұл періште Аллаһтың әмірімен екі рет сұр үрлейді. Сұрға (сырнай) байланысты Құранда: «Сырнай үрленді, Аллаһтың қалағандарынан тыс жердегі және көктегі барлығы дереу жансыз жерге құлады. Сосын сырнай тағы бір рет үрленген мезетте адамдар қабірлерінен түрегеліп жан-жағына шошына қарап қалады»,7 – десе, Исрафил (ғ.с.) періште жайында: «Жақын жерден дауыстап шақыратын (сұр үрленетін) күнге құлақ сал»,8 – дейді.

Сонда адам баласы қабірде үнсіз жатқанда бір дыбыс естиді. Бұл – олардың қайта тірілуіне ишара білдірген Исрафил (ғ.с.) үрлеген сұрдың дыбысы.

Құранда: «Ендеше, олардан бет бұр. Әлбетте, бір күні шақырушы (Исрафил) барлығын еш көрмеген таңқаларлық ақиқатқа (қабірдегі адамдарды маһшар алаңына жиналуы үшін сұр үрлеп) шақырады. Олар, үрейленіп, айналаны бірден шегіртке қаптап кеткендей қабірлерінен шығады»,9 – дейді.

Мына хадисте сұр жайында былай делінеді: Абдуллаһ ибн Әмір ибн әл-Астың риуаяты бойынша, бірде бәдәуидің бірі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Сұр деген не?», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үрленетін сырнай»10 (біз үшін беймәлім яғни қияметтің хабарын беру үшін үрленген кезде дыбыс шығаратын құрал) – деп жауап берген еді. Басқа бір жерде екі дүние Рахымы (с.ғ.с.): «Исрафил (ғ.с.) сұрды қолына ұстап, үрлеу үшін әмір күтіп тұр»,11 – дейді.

Исрафил (ғ.с.) періштені Аллаһтың рұқсатымен сұрды алғаш рет үрлегенде қиямет қайым орнап, жер мен көктегі бүкіл жанды тіршілік өледі. Екінші рет үрлегенде бүкіл жанды тіршілік қайта тіріледі де ақирет басталады. Исрафил (ғ.с.) періште сұр үрлейтіндіктен ол (ғ.с.) «Сұр үрлейтін періште» деп аталған.

Исрафил (ғ.с.) періштенің алғаш рет сұр үрлегендегі жағдайды Құран: «Сұр үрленген күні Аллаһ қалаған біреулерден басқа көктерде болғандар да, жерде болғандар да үрейленеді. Сондай-ақ барлығы Аллаһтың алдына сүмірейіп келеді»12; «Сонда бір рет сұр үрленген сәтте жер мен таулар көтеріліп, соғылып күйреген сәтте. Міне, сол күні қиямет уақиғасы болады. Сол күні көк жарылып, босайды»,13 – деп суреттейді.

Екінші үрлеу – қайта тірілудің белгісі. Құранда: «Сұр үрілгенде олар қабірлерінен тұрып, Раббыларының құзырына жүгіреді»,14 – дейді.

Исрафил (ғ.с.) періштенің сұрды екі рет үрлеуінің арасы қанша уақыт болатыны белгісіз. Хадисте бұл жөнінде былай делінеді: Әбу Һурайраның (р.а.) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с. ): «Сұрды екі рет үрлейді. Осы екі рет үрлеудің арасында қырық уақыт бар»,15 – деген. Ол қырық уақыт дегені күн бе, ай мa, не бізге беймәлім өзге де өлшем бе, ол жағы бір Аллаһқа аян.

Әзірейіл (ғ.с.) періште

Әзірейіл (ғ.с.) періштенің міндеті – ажалы жеткен адамның жанын алу. Адам баласы бір періштенің күзетуімен бұл дүниеден келесі дүниеге аттанғандықтан, Құран мен хадистерде Әзірейіл (ғ.с.) періштені «Мәләк-ул Мәут» (өлім періштесі) деп атаған. Құранда: «(Мұхаммед) Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар де»,16 – дейді.

Ардақты төрт періштенің бірі Әзірейіл (ғ.с.) өзге періштелер сияқты Аллаһ тағаланың әмірлерін орындайды. Аллаһ тағала оған ажалы жеткен адамдардың жанын алу ісін жүктеген. Әзірейіл (ғ.с.) періштенің де көмекшілері бар. Олар да Аллаһтың әмірлеріне бас иеді. Құранда бұған ишарат ретінде: «...Біреулеріңе өлім келген сәтте, періштелеріміз жанын алады әрі еш кемістік етпейді»,17 – дейді.

Өлім мен өмірді берген – Аллаһ тағала. Олай болса Әзірейіл (ғ.с.) мен өзге періштелер тек дәнекер ғана. Бір күні Әзірейіл (ғ.с.) періште Ұлы Жаратушыға: «Мен өз міндетімді орындап пенделердің жанын алам, ал адамдар мені осыған бола жек көруде»,– деп мұңын шағыпты. Сонда Аллаһ тағала: «Өз міндетіңді орындау үшін мен олардың ажал құшуына түрлі себеп жаратамын. Осылайша адамдар ажалды сенен емес, сол себептерден көретін болады» деп мәселенің мәнін ашып, айқындап береді.18 Расында да, адам біреудің қайтыс болғанын естісе дереу «неден қайтыс болыпты?» деп бірден себебін сұрап жатады.

Кейде адам баласы өзінің шектеулі ақылымен «Әлемнің түкпір-түкпірінде бір уақытта қайтыс болған мыңдаған адамның жанын алуға Әзірейіл (ғ.с.) періште бір уақытта қалай үлгереді?» деп күмәнға жол беріп жатады.

Періштелер нұрдан жаратылғандықтан бір сәтте бірнеше жерде көріну мүмкіншілігіне ие. Олардың бір істі атқаруы екінші бір істі жүзеге асыруына әсте, бөгет бола алмайды. Міне, сондықтан Әзірейіл (ғ.с.) періште дүниенің бір жеріндегі белгілі бір адамның жанын алған сәтте басқа жердегі екінші бір адамның жанын да оп-оңай ала алады.19

Мұны тағы бір мысалмен айқындай түсейік. Мәселен, бір жерден радио толқындары арқылы мәлімет тараса, сол толқынды ұстайтын жиіліктегі барлық құралдар да әлгі мәліметті тарата бастайды. Ал, бір түймені басу арқылы орталықтан берілетін хабарды тоқтатса, сол толқынды ұстайтын жиіліктегі барлық радио құралдары да әп-сәтте өз қызметін тоқтатады. Дәл осы секілді Аллаһ тарапынан берілген алапат күш иесі Әзірейіл (ғ.с.) періште де өлім жиілігіндегі бүкіл пенделердің жанын бір мезетте неге ала алмасын?!

Ойымызды және бір дәлелдеу мақсатында Әзірейіл (ғ.с.) періштенің өлім алдындағы пендеге қорқынышты, не ұнамды кейіпте көрінуін қарапайым ғана айнаны мысал ете отырып түсіндіріп көрейік. Бөлмедегі жүз айнаның біреуі шағылысқан затты қара, екіншісі көк, үшіншісі ұзын әрі жіңіше, ал енді бірі толық, қысқа етіп көрсететін болса, бөлмеге кірген бір ғана адам жүз айнада жүз түрлі кейіпте көрінеді. Міне, сол сияқты Әзірейіл періште де рухын алатын кісінің иман, ғибадат, мінез-құлықтарының рухани айналарындағы жағдайына қарай әртүрлі бейнеде көрінеді. Күнәһар адамға үрейлі, ал тақуа адамға ұнамды кейіпте көрініп, рухын майдан қыл суырғандай оп-оңай алуы мүмкін.20

Аллаһ тағала қаласа кейбір құлдарының жанын дәнекерсіз тікелей өзі алады. Кейде Әзірейіл (ғ.с.) , кейде көмекшілері алады. Құранда: «(Аллаһтың әмірлерін алып) ұшқан және (оларды орындауға) сүңгігендерге (періштелерге) серт. (Алған әмірлерін) қуаныш және ынтамен әрекет еткендерге серт. (Илаһи әмірлерді орындау үшін көк мұхитында) жүзгендей әрекет еткендерге серт»21 – дейді. Бұл Аллаһтың рұқсатымен әр адамға жеке-жеке жіберілетін Әзірейіл (ғ.с.) періштенің көмекшілері бар екендігін көрсетеді. Қалай болғанда да әрбір адам жан тапсырарда періштемен жеке қалмақ. Періштелер дүниеде жасаған амалына қарай жан тәсілім ететін адамға қайырымды немесе үрейлі бейнеде көрінеді.22

Егер де адам тіршілігінде ізгі амалдар жасап ғұмыр кешкен болса өлерінде қиналмастан тез жан тапсырады. Ондай мүміндердің рухын періштелер гүл тәрізді аялап ұстап, көкке алып кетеді. Жоғарыдағы аятта: «(Алған әмірлерін) қуаныш және ынтамен әрекет еткендерге» – делінген.

Ал, кәпірлерге жанын алуға келген періште тым үрейлі, қорқынышты кейіпте көрінеді. Оларға Әзірейіл (ғ.с.) періште өлгеннен кейінгі баратын жерлерінің сипатын сездіре келеді. Ондай адам аятта айтылғандай шелекпен құдықтан су тартқандай қиналып әрі баяу жан тапсырады. Кәпірлердің бұл соңғы халі Құранда былай суреттеледі: «Періштелер, сондай қарсы болғандардың беттеріне, арқаларына, ұрып: «Күйдіретін азапты татыңдар!» – деп жандарын алғанын көрсең!»23; «Сондай өздеріне зұлымдық еткендердің періштелер жандарын аларда: «Ешбір жамандық істемеп едік» деп сылтау айта бастайды»,24 – дейді. Яғни, сол кездегі қиындықты елестету мүмкін емес, өйткені ол сәт тым ауыр.

Жоғарыда айтылғандай періштенің мүміндерге жақсы жағынан көрінуі нығмет болса, кәпірлерге жаман жағынан көрінуі олар үшін азаптың бір түрі болмақ.

Бірде Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар Әзірейіл (ғ.с.) періштеге кәпірлерге қандай бейнеде көрінетінін сұраған еді. Әзірейіл(ғ.с.) : «Уа, Ибраһим (ғ.с.)! Сен бұған шыдай алмайсың» деді. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар алған бетінен қайтпады. Әзірейіл(ғ.с.) періште: «Жарайды, онда мұнда қара» дегенде Ибраһим(ғ.с.) пайғамбар басы көкке тиіп, құлақтары мен ауызынан от алаулап тұрған, бет-әлпеті қап-қара қорқынышты бейнені көргенде шыдай алмай талып қалады. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар есін жиғанда Әзірейіл(ғ.с.) әу бастағы өз бейнесіне қайта оралды. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар: «Ей, өлім періштесі! Кәпір сенің бұл бейнеңді көрсе басқа азап тартпаса да ол үшін бұл азап жеткілікті, енді мүміндерге көрінетін бейнеде көрінші» деп өтінді. Әзірейіл(ғ.с.) періште: «Жүзіңді ана жаққа бұр» деді. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар қарай салысымен «Көркем жүзді, жұпар иісті, жас жігітті көріп, «Бұл кім?» деді еріксіз таңырқап. Іле: «Егер мүмін үшін өлім алдында ешқандай да нығмет берілмесе де мына сенің көркем жүзің ол үшін жеткілікті болғандай екен»,– деген еді.25

Яғни, өлім аузында Әзірейіл (ғ.с.) және оның көмекшілері адам баласының ізгі амалдары мен жүрегінің тазалығына қарай көрінеді екен. Негізінде Әзірейіл (ғ.с.) періштенің әрбір адамға әйтеуір бір көрінері хақ. Адам баласы қалай өмір сүрген болса, солай жан тапсырады. Ал, қалай жан тапсырған болса, солай қайта тіріледі.

____________________________________________

1. Қараңыз: Бухари, «Риқақ», 43
2. Елмалылы Хамди Языр, ІV/554
3. Алуси, 29/46
4. Мүснәд, 1/147
5. Хайсәми, Мәжмауз Зауаид, 9/18-20; Ахмад ибн Ханбал, «Мүснәд», 2/231
6. Муслим, «Мусафирун», 200
7. «Зүмәр» сүресі , 68-аят; Қосымша қараңыз: «Әнғам» сүресі , 73-аяи; «Таһа» сүресі , 122-аят;
8. «Қаф» сүресі, 41-аят
9. «Қамар» сүресі, 6-7 -аяттар
10. Әбу Дәуіт, «Сүннет», 24; Тирмизи, «Қиямет», 9; Ахмад ибн Ханбал, ІІ/196
11. Табәри, «әл-Жамиул Бәйан», VІІ/211; Ибн Кәсир, «Тафсирул Қуран», ІІІ/276
12. «Нәміл», сүресі 87-аят
13. «Хаққа» сүресі , 13-16-аяттар
14. «Ясин» сүресі, 51-аят
15. Бухари, «Тафсир», Нәбә, 78/18
16. «Сәжде» сүресі , 11-аят
17. «Әнғам» сүресі , 61-аят
18. Қараңыз: Әбу Нуайм, «Хилиәтул Әулия», 5/51; Суюти, «әд-Дуррул-Мансур», 6/543
19. С.Сених, «Шүбһелер үзерине», Измир, 1988, 60
20. Қараңыз: Қ.Жолдыбайұлы, «Күдікпен күрес», А., 2006, 86-89
21. «Назиғат» сүресі , 1-3-аяттар
22. Ибн Кәсир, «әл-Бидая уән-Нихая», Бейрут, 1988, І/42
23. «Әнфал» сүресі , 50-аят
24. «Нахыл» сүресі , 28-аят
25. Ғазали, «Иһиау улумид-дин», ІV/829

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: