Бидғатты қалай түсініп жүрміз

Бидғатты қалай түсініп жүрміз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Исламның Жаратушы тарапынан жан-жақты қорғалғанын көру қиын емес. Осы орайда Алла тағаланың: «Күдіксіз бұл ескертушіні (Құранды) Біз түсірдік, әрі оны Біз ғана қорғаймыз» («Хижр» сүресі, 9-аят),- дегені ойға оралады. Бұл аятта тек Құранның ғана қорғалуы сөз болғанымен, шешендік іліміндегі «Зикруль-жуз-и уә ирадәтуль-Кулли» яғни, «Заттың бір бөлігі айтылғанымен, оның тұтастай меңзелуі» деген араб тілінің қағидасына салар болсақ, сол қасиетті кітаптар арқылы тұтас Ислам деп түсінеріміз хақ. Яғни, Құранның қорғалуы - Исламның қорғалуы деген сөз.

Құран кәрімнен кейін хадис те ешқашан бұл қорғаудан тыс қалған емес. Хадистердің бізге дейін «мансапқұмар» емес, «ынсапқұмар» ғалымдар тарапынан қалай жеткенін бір сәт ойласаңыз, құдірет Иесінің жәрдемін сезіну әсте қиынға соқпас. Алла тағала Ислам дінін және оның құрамдас бөліктерін түрлі жолдармен қорғады. Соның бірі - бидғаттан сақтану деген түсінікті мұсылмандарға елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы үйретуі.

Тақырыбымызға арқау болған «бидғат» сөзінің этимологиясына тоқталар болсақ, ол араб халқының қолданысында түбір сөз ретінде «бидғат, ибдәғ, ибтидәғ», сондай-ақ «бидғатшы» деген мағынаға келетін есім сөз ретінде «мубдиғ, мубтәдиғ» болып кездеседі. Бір түбірден шығып (б-д-ғ.), әр келкі қолданылған жоғарыдағы сөздердің арасында айырмашылық болумен қатар, сайып келгенде барлығы сөздікте «Бір нәрсені ешбір үлгіге қарамай соны (оригинал) бір түрде жасап шығару» дегенді білдіреді. Дәл осы мәнде Алла тағала Құранда «Бәдиғус-сәмәуәти уәл-ард» («Жер мен көкті бірінші болып жаратушы») («Бақара», 117; «Әнғам», 101),- деп өзін «бидғат» түбірінен шыққан «бәдиғ» (бірінші болып жаратушы) есімімен сипаттады.

Ал, Ислам шариғаты термино-логиясында бидғатқа былайша анықтама берілген: «Бидғат - шариғат иесінің (Алла немесе Оның елшісінің) рұқсатынсыз Ислам дінінің кез келген бір құндылығын алып тастау немесе дінге жат нәрселерді оған енгізу».

Бұл анықтамадан бидғаттың тек қана Исламға бір жаңалық енгізу емес, сондай-ақ, оның құрамынан бір нәрсені де алып тастау екенін ұқтық. Демек, Исламға, оның негіздеріне кереғар жаңалықтар енгізу бидғат болғаны сияқты, оның ішінен бір нәрсені алып тастау да бидғат, әрі бұлай ету үлкен күнә болып табылады, тіпті кейде діннен шығуға алып барады. Ислам осы бидғаттан сақтанумен қорғалады. Себебі, дініміздің қорғалуы мен бидғаттан сақтану арасында тығыз байланыс бар. Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сенімділігі дау тудырмайтын хадистерінде бидғаттан сақтану керектігін шегелеп айтқан-ды. Мұсылмандар бидғаттан сақтан-ғанда ғана хақ Исламды таза күйінде қорғай алмақ. Олай болса, бидғат ұғымының шығу мақсаты - Исламның арнасын оған ағылып құйылатын түрлі лас нәрселерден қорғау деген тұжырым айтуға толық негіз бар. Тақырыпты Исламның қорғалуынан сөз етіп бастағанымыз, міне, осыдан.

Алланың Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Расында кітаптардың ең жақсысы - Алланың кітабы (Құран). Жолдардың ең турасы - Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жолы. Амалдардың ең жаманы - жа-ңалары. Әрбір бидғат (жаңалық) - адасушылық»,- деп айту арқылы артынан ерген сахабалары мен кейінгі үмметтерін дінге жаңалық енгізуден салмақты сөздермен тыйған-ды. Мұны ескерер болсақ, бидғаттың дінімізге қаншалықты зиян екенін сезіну әсте қиын емес. Ол (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Кім де кім біздің бұл ісімізге (дінге) жаңадан, оған жат бір нәрсені енгізетін болса, оның бұл амалы қабылданбайды»,- дейді (хадисті Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт және Ахмед ибн Ханбел риуаят етті).

Алланың харам еткенін адалға, адал етіп бекіткенін харамға шығару, бұйырылмаған амалдарды парыз, уәжіп дәрежесіне көтеру, мәселен, әулиелердің, кейде тіпті әулиелігі, қала берді намазхан болғандығы күмән тудыратын белгісіз мазар иелерінің басына түнеп, оларға арнап құрбан шалу-ды шариғаттың бұйырған мінде-тіндей біреудің мойнына жүктеу, сол сияқты, әулие (?) Валентин күніне сену, жамылғы-сүлгісіз моншаға түсу, ерлі-зайыптылардың қосылғаннан кейін бойдәретсіз жү-рулері, бала асырау, бала асырап алып, баланы өз әкесінің тегімен атамау, дініміз міндеттеген хижап-ты арабтың салты деп есептеу, т.с.с. істер дәстүрлі Исламға қайшы, қоғамымызда бертін келе туындаған бидғаттардың бір легі болып табылады.

Біреуге арнап құрбан шалудың бидғат екенін айттық. Құрбандық мейлі тірі, мейлі өлі болсын, ешқандай адам үшін шалынбайды. Ол тек, Алланың разылығы үшін ғана шалынады. Дегенмен, қайтқан кісі тірі кезінде уәжіп бола тұра құрбан шалмаған болса, онда мойнында қарыз болып қалып кет-пес үшін артындағы туыстары оның дүние-мүлкінен алып «пәленше марқұмның атынан» деп ниет етіп, құрбан шалады. Сондай-ақ, құрбан бауыздалып өліге сауабын бағыштауға да болады. Қысқасы, құрбан бір адам үшін емес, «бір адамның атына сауабын бағыштау» немесе «пәленшенің мойнындағы құрбандық қарызын өтеу үшін» деген ниетпен шалынғанда ғана шариғатқа сай амал бола алады. Ал егер біреу үшін сойылса, онда ол құрбандық деп есептелуі былай тұрсын, етін жеудің өзі харамға айналады. «Алладан басқа біреу үшін сойылған мал сендерге харам етілді» («Маида» сүресі, 3-аят),- деген аят бұған ап-айқын дәлел.

Бидғаттың түрлері

Бидғат - екі түрге бөлінеді: жақсы бидғат (бидғатун хасана), жаман бидғат (бидғатун сәйиә). Бидғатты бұлай ең алғаш Имам Шәфиғи бөлді деген риуаят бар. Ал енді бұл екі бидғатқа тоқталар болсақ, жақсы бидғат дегеніміз - хазреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде болмағанымен, Құранға да, сүннетке де қайшы келмейтін жаңа нәрселер. Мысалы, Құран әріптерінің нүктеленуі мен харекеленуі, мешіттердегі михраб және мұнара, хазреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туыл-ған күні - Мәулітті тойлау және т.б. Бұл аталғандардың бар-лығы жақсы бидғаттар болып есептеледі. Сондай-ақ, бұлар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисіне сәйкес «жақсы сүн-нет» болып табылады: «Жәбир ибн Абдилләһ әл-Бәжәлиден (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кім де кім Исламда жақсы сүннет (жол, әдет) қалдырып кеткен болса, оған сол сүннеттің сауабы және де оны орындағандардың сауабы жазылады. Әрі олардың сауаптары еш кемімейді. Ал енді, кім де кім Исламда жаман сүннет қалдырған болса, оған сол сүннеттің күнәсі және де оны орындағандардың күнәлары жазылады. Әрі олардың күнәлары еш кемімейді» - деді» (хадисті Имам Мүслим риуаят етті).

Хадистегі «сүннет» сөзі «жол, әдет» деген мағынаға келеді. Яғни, кейінгілерге жақсы әдет, жақсы жол қалдырумен таразымызға өзіміздің, әрі біз салған жолмен жүрушілердің сауабын салып отырамыз. Сауабы үзілмейтін садақа (садақатун жәрия), міне, осы болар. Есесіне жаман жол қалдырумен дәл сондай күнә табады екенбіз.

Мұнымен қатар, бидғатты әр түрлі тұстан алғанда бірнеше бөлікке бөлуге болады. Бидғат Ислам дінінде орын алған саласы жағынан екіге бөлінеді: ақидамен байланысты және амалмен байланысты бидғаттар. Ақидамен байланысты бидғаттарға харижилер, шиа, жәбрия, қадария, жәһмия, муғтазила, ахмадия сынды ағымдардың әһли сүннә уәл-жамағат түсінігіне қайшы сенімдері жатады. Тіпті түрік ғалымы, Ислам құқығы ғылымдарының докторы, профессор Хайреттин Караман бұрынғы ғалымдардың ізімен, аталмыш ағымдардың өзін «бидғат мәзһабтар» деп атағанды жөн көрген. (Хайреттин Караман, Ана хатларыйла Ислам хукуку 1 Гириш ве Амме хукуку, Енсар нешрият, Стамбұл, 1984 ж. 62-бет.)

Амалға қатысты бидғаттарға фиқһ амалдарына хазреті Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) кейі-нірек енгізілген жақсы-жаман, үлкенді-кішілі, ауыр-жеңіл жаңа-лықтар кіреді.

Фиқһ кітаптарында бидғат сөзі жай ғана «сүннет емес» деген мағынада қолданылады. Хайреттин Караман сүннетке берген анықтамасында оның бидғаттың антонимі екендігін айтады. Демек, бидғат - сүннеттің антонимі. Бұны сіз кез келген фиқһ кітабынан көре аласыз. Мәселен, фиқһта сүнни (сүннетке сай) талақ және бидғи (сүннетке қайшы, бидғат) талақ деп талақты екіге бөледі. (Қараңыз: Мухиддин Мисту, Мұхаммед Уахид әл-Аққад, доктор Мұстафа әл-Буға, Уәһби Сүлеймен Ғауажи, «Әл-Фиқһул-Ханафи», 37-бет.)

Бидғаттың жақсы және жаман болып бөлінуінің дәлелі

Бидғаттың жақсы-жаман деп бөлінетіндігін, сондай-ақ, бидғатты бұлайша ең бірінші болып Имам Шәфиғи бөлгендігін жоғарыда айттық. Енді мұның дәлеліне келер болсақ, Бұхаридің "Сахихінде" келтірілген мына бір хадиске назар аударыңыздар.

Ибн Шиһабтан, ол Уруа ибн әз-Зубәйрден, ал ол Абдуррахман ибн Абдилқаридің былай дегенін риуаят етеді: «Мен Рамазанның бір кешінде Омар ибн әл-Хаттабпен бірге мешітке баруға шықтым. Қарасақ, адамдар бөлініп алған. Бір кісі жеке намаз оқыса, енді бірі көпшілікпен намаз оқуда. Омар (р.а.) айтты: «Мен, осыларды бір имамның артына жинасам, өте дұрыс болар еді деп ойлаймын». Сосын нақты шешім қабылдап, оларды Убай ибн Кағбтың артына (оған ұюлары үшін) жинап берді. Осыдан кейін онымен бірге басқа бір түнде шықтым. Адамдар өз қариларына (имамдарына) ұйып намаз оқып жатты. (мұны көрген) Омар (р.а.): «Бұл қандай жақсы бидғат!» - деді» (Бұхари).

Сахаба Омардың (р.а.): «Бұл қандай жақсы бидғат!»- деуі бидғаттың жақсы-жаманға бөліне-тіндігінің дәлелі болып табылады.

Тағы бір мысал. Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рим пат-шасы Һирақлға хат жолдағанда: «Алланың құлы, әрі елшісі Мұхаммедтен Рим патшасы Һирақлға»,- деп, өзінің есімінен кейін «саллаллаһу алейһи уә сәлләм» демеген. Яғни, салауат айтпаған. Алайда, кейінгі ғалым-дар мұны жаңадан енгізіп, әдетке айналдырған. Міне, бұл әдет күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Тіпті, «Хазреті Пайғамбарымыздың кезінде орындалмаған нәрсенің барлығы адастырушы бидғат (бидғату даләләтин)»,- деп жүргендердің өзі жазған еңбектерінде Пайғам-барымыздың (с.ғ.с.) есімінен кейін салауат жазып жүр емес пе? Егер бидғатты жақсы-жаман деп бөлмей, жаппай барлығын адасушылық деп бағалайтын болса, өздері неге бұл бидғатты жасайды? Шынтуайтында, бидғат жақсы-жаман болып бөлінеді, әрі хазреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аты аталғанда салауат айту уәжіп, ал салауатты оның есімінен кейін жазу - жақсы бидғат.

Барлық бидғат адасушылық па?

Алла тағала Құран кәрімде былай дейді: «Расында Алла аманатты иелеріне берулеріңді бұйырады» («Ниса» сүресі, 58-аят), сондай-ақ, «Білмесеңдер, білетіндерден сұраңдар»,- дейді. Жаратушы Хақ тағала кез келген аманатты иелеріне беруімізді бұйырды. Ілім де аманат. Соның ішінде хадис ілімі де - аманат. Бұл ілімнің майталманы Имам Нәуәуиге жүгінсек, ол Мүслимнің «Сахих» атты еңбегіне жасаған шархында (түсіндірмесінде) біз жоғарыда келтірген хадистегі: «Куллү бидғатин» (Барлық бидғат) сөзінің «шектеулі жалпылықты» (ъам-махсус) білдіретіндігін айтады. Яғни, «барлық бидғат» емес, «бидғаттың көбісі» деген мағына береді. Демек, хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кез келген бидғатты істеуші адамның тозаққа баратындығын айтпаған. Бұдан біздің «тозаққа алып бармайтын кейбір бидғаттар да бар» деген нәтиже шығаруымызға толықтай негіз бар.

Тәспі қолдану бидғат па?

Намаздың соңында 33 рет «әл-хамду лилләһ», 33 рет «Аллаһу әкбар» және 33 рет «субхан Аллаһ» деп айту - сүннет.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілуі бойынша Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Кім де кім әр намаздың соңында 33 рет «субханаллаһ» (Алла пәк), 33 рет «әлхамду лилләһ» (Күллі мадақ Аллаға тән), 33 рет «Аллаһу әкбар» (Алла ұлы), деген соң «Лә иләһә илләллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһу, ләһул-мүлку уа ләһүл-хамду уа һуа алә кулли шәйин қадир» (Алладан басқа табынуға лайық бір де бір тәңір жоқ, оның серігі жоқ. Мүлік оныкі, мадақ оныкі. Оның барлық нәрсеге күші жетеді) деген сөзбен жүзге толықтырса, теңіздің көбігіндей болса да күнәлары кешіріледі» (Мүслим).

Бұл зікірлерді дәл осылай 33 рет айту үшін саусақ буындарымен есептеуге де, немесе арнайы тәспі қолдануға да болады. Алайда, кей бауырларымыз тек саусақпен есептеу керек, хадисте тәспі жайлы еш нәрсе айтылмаған деп оны бидғат санап жүр. Негізінде, тәспі қолдану бидғат емес, себебі, тәспі қолдануды ешкім ғибадат деп айтпайды. Тәспі қолдануды ғибадат деп есептесе ғана - бидғат болады. Ал, ол бар болғаны жоғарыдағы зікірлерді санынан жаңылмай, хадисте көрсетілгендей орындау үшін оңтайлы құрал. Аталмыш зікірлерді айту - ғибадат, тәспіні қолдану - ғибадат емес. Демек, тәспі тартуды бидғат деп есептей алмаймыз.

Өліге Құран сауабын бағыштау бидғат па?

Бидғатты дұрыс түсінбе-гендіктен, базбіреулер кез келген жаңа нәрсені Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Әрбір бидғат отта (тозақта)» деген хадисімен бидғат санап, жоққа шығаруды әдетке айналдырып алған. Соның бірі - марқұмдарға Құран сауабын бағыштау.

Қабір басында Құран оқу жайында әйгілі Ханбали мәз-һабының ғалымы Ибн Қудама «әл-Муғни» атты өзінің іргелі еңбегінің «Китабул-жәнәиз» де-ген тарауында мынаны жазады: «Біздің көзқарасымызды (Құран сауабын марқұмдарға бағыштауға болатындығы туралы пікір) жоғарыда айтқанымыз (Ибн Қудама тақырыпқа қатысты Құран аяттары мен бірнеше сахих хадистерді айтады) бен мұсылман ғалымдардың ижмасы (бір ауыздан келісімі) дәлелдейді. Себебі, олар әрбір ғасырда, әрбір қалада жиналып Құран оқып, сауабын өлгендеріне бағыштап отырған. Әрі бұлай етуге ешкім де қарсы болмаған. Себебі, Алла Елшісінің (с.ғ.с): «Мәйіт туыстары (дауыстап) жылағаны үшін азап көреді»,- деген хадисі сахих жолмен келді. Ал, енді Алла тағала неге (тірі адам жасаған) күнәнің жазасын беріп, құлшылықтың сауабынан мақұ-рым етсін?»

Ғалымның құлшылық деп отырғаны - Құран оқу. Діни еңбектер бойынша көзі қарақты оқырмандар білуге тиіс, хадистерде Құран оқыған адамға әрбір әрпіне он сауаптан берілетіндігі айтылады. Сол сауап өліге тиеді деген үмітпен арнайы Құран оқылады. Ғұлама Ибн Қудама: «Хадисте өткендей, тірі адам қабір басында дауыстап жылағаны үшін қабірдегі мәйіт азап шегетін болса, неге өліге арналып оқылған Құранның сауа-бы оған тимеске?!»- деген «ғақли» дәлел келтіріп отыр. Сондай-ақ, Алла тағаланың пенделеріне деген мейірімі Оның қаһарынан басымдығы да құдси хадистерден мәлім.

Ибн Қудама аталмыш еңбе-гінде өліге Құран бағыштауға байланысты нақты дәлелдерге иек артады. Мүмкіншілігі барлар дәлелдерді сол кітаптан оқуына болады. Тағы бір айта кететін жайт, бүгінде өліге Құран сауабын бағыштауды жоққа шығарушы топ әлгі Ибн Қудаманың өздері сияқты Ханбали мәзһабының өкілі екендігін қаперлеріне алса дейміз.

Бидғатты ешқандай уақыт кеңістігімен шектеуге болмайды

Базбіреулер бидғат бидғат болып есептелуі үшін алғашқы үш кезеңнен (Пайғамбар, сахаба және тәбиғиннен) кейінгі уақыттарда шығуын шарт деп санауда. Яғни, хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.), сахабалар мен тәбиғиндердің дәуірлерінде шығып отырған жаңалықтар бидғат шеңберіне кірмеуге тиіс. Алайда, Сәйид Мухсин әл-Әмин әл-Амиди атты ғалым: "Бұлай деуге ешбір негіз жоқ",- дейді. (Сәйид Мухсин әл-Әмин әл-Амиди, «Кәшфул-иртияб», 143-бет). Сонымен, бидғат қай кезде шықсын, бәрібір ол бидғат болып есептеледі.

Сөз соңында айтарымыз, бидғат өте маңызды өзекті тақырып. Бидғаттан сақтану - әлбетте бәріміздің де міндетіміз. Бидғат адасушылық болмаса, ол жайында жоғарыдағы хадистер айтылмас еді. Дегенмен, бидғат іске бару үлкен күнә болғаны сияқты, кез келген жаңа нәрсені бидғат деп есептеп, иесін бидғатшы санау - одан кем түспейтін күнә.

Қанат ЖҰМАҒҰЛОВ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: