Ақидаң дұрыс па? 1

Ақидаң дұрыс па? 1

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құранның кейбір аяттарында «Алланың көз алдында», «Алланың қолы олардың қолдарының үстінде» деген секілді тіркестер бар. Сондай-ақ, «Адам ұрпақтарының жүректерінің бәрі Алланың екі саусағының арасында тұрады...» деген хадистерді де кездестіреміз. Көз, қол, саусақ секілді белгілі бір ағзаны бейнелейтін сөздерді қалай түсінген жөн? Соңғы кездері бұл тақырып мұсылмандар арасында қызу тартысқа себеп болуда. Тартыстың аяғы әртүрлі түсінбеушілік пен бөлінушілікке соқтырып жатады. Осының ара-жігін ажыратып берсеңіз.

Сауалыңызға жауап бермес бұрын, Алла тағала жайлы түсі-нікті дұрыстап алғанды жөн көріп отырмын.

Алла тағаланы ақылмен толық түсіну мүмкін емес. Өйткені, Алла тағала шексіз, ал адамның ақылымен қоса басқа да қабілеттері де шектеулі. Міне, сондықтан, Әбу Бәкір (р.а.): «Алла тағаланы толық қамтып түсіне алмауыңды мойындауың - оны толық түсінгенің»,- деген. Әсілінде, адам не нәрсені де мына өмірде өзі көрген, білгенімен салыстырып барып, ұғынып жатады. Алайда, ғұламалар: «Ақылға салып қалай пайымдасаң да Алла бәрібір одан өзгеше» деп ескерткен. Осы себепті, әһлі сүннет ғұламалары Аллаға: «Мұхалафатул лил-хауадис» деген ерекше сипат берген. Мұның мәні: «Алла тағала кейіннен жаратылғандардан өзгеше, олардың ешқайсысына ұқсамайды» дегенді білдіреді. Бұл негіз - Құранның: «Оған (Аллаға) еш нәрсе ұқсамайды»1, «Алла тағаланың еш теңдесі жоқ»2,- деген секілді аяттарынан алынған. Иә, Алла тағалаға жаратылғандардың ешқайсысы ұқсамайды. Алла тағаланың бар болуының белгілі бір бастауы жоқ - әзали, соңы жоқ - мәңгі. Алла тағала жаратады, бірақ жарату үшін қолды да, басқа құралды да қажет етпейді. Бұл теңдессіз құдірет Құранда былай деп түсіндірілген: «Бір нәрсені қаласа, Оның бұйрығы «Бол!» деу ғана. Сонда әлгі нәрсе дереу бола кетеді»3.

Алла тағала көреді әрі естиді. Алайда, Оның көруі мен естуі белгілі бір ағзаға не құралға тәуелді емес. Аллаға мекен мен заманның да ықпалы жүрмейді, себебі, бұлар кейіннен жаратылған. Ал, Алла тағала мекен де, уақыт та жоқ кезде бар еді. Түптеп келгенде, мекен мен заманның өзі Алла тағаланың билігіндегі нәрселер. Құранның: «Көктегілер мен жердегілер кімге тиесілі? - деп айт. Оларға бәрі Алланікі - дегін»4,- деген аяты мекеннің де, оның ішіндегілердің де Алланың иелігінде екендігін білдіреді.

Хазреті Әли (р.а.): «Алла тағала Аршты өзіне мекен үшін емес, керісінше құдіретін паш ету үшін жаратты», «Алла тағала мекен жоқ кезде де бар еді. Ол бұрын қалай болса, қазір де дәл солай»5,- деп, Аллаға мекен тән еместігін білдірген.

Хужжатул-Ислам Әбу Жәғфар әт-Тахауи өзінің мәшһүр «Тахауия ақидасында» былай дейді: «Алла тағала шектеуліліктен, рүкіндер мен ағзалардан, құралдардан пәк. Оны кейіннен жаратылғандар тәрізді алты жақ (оң, сол, алдыңғы, артқы, жоғарғы, төменгі жақтар) қамтымайды»6.

Абай бір өлеңінде Алланың мекенсіздігін меңзеп былай деген:

«Мекен берген халық қылған Ол Лә мәкан,

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың оны ойламай,

Басқа мақсат ақылға тола ма екен?!»7

Алла тағала жайлы осы түсініктерді нақтылап алғаннан кейін енді жоғарыдағы сұрақтың жауабына оралайық. Құранның кейбір аяттары мен бағзы хадистердегі Алла Тағалаға қатысты айтылған тура мағынасы белгілі бір ағзаны немесе жаратылғандарға тән іс-әрекеттер мен ерекшеліктерді білдіретін сөздерге «мүтәшабиһ аят, хадистер» (мағынасы анық емес аят, хадистер) немесе «Айатус-сифат», «Ахадисус-сифат» (Алла Тағаланың сипаттарына қатысты аят, хадистер), яки, «ас-сифатул-хабария» (хабари сипаттар - тек аят хадистерде айтылған ақылмен біліне бермейтін Алланың сипаттары) делінеді.

Мақаламызда бұдан әрі мұндай сипаттарға «хабари сипаттар» дегенді көбірек қолданамыз.

Ғұламалардың хабари сипат-тарға байланысты ұстанымдары негізінде екі бағытта өрбиді.

Біріншісі, көпшілік сәлаф ғалымдарының көзқарастары. Сәлаф - бұрынғылар дегенді білдіреді. Оған, ең әуелі, пайғамбарымызды көзі көрген сахабалар, сахабаларды көзі көрген табиғиндер, табиғиндарді көзі көрген атбағут-табиғиндер кіретіні талассыз.

Сәлаф ғалымдары хабари сипаттарда қолданылған сөз-дердің ағза мағынасындағы әрі жаратылғандарға тән ерек-шеліктерді білдіретін тура мәнін қабылдамаған. Сондай-ақ, Алла тағаланы жаратылғандарға ұқсат-пастан және мұндай сөздердің Алла мұрат еткен мағынасының бар екенін қабылдай отырып, жалпылай иман келтірген. Сәлаф ғалымдарының мұндай аяттардағы мүтәшабиһ сөздердің ауыспалы мағынасын таңдап, астарлы мәніне үңілуден бас тартуларының астарында үлкен сақтық жатыр. Себебі, мұндай сөздердің бірнеше ауыспалы мағынасы, әрі бірқатар астарлы мәні болуы мүмкін болғандықтан, оның нақты қайсысы Алла үшін мақсат етіліп тұрғандығы белгісіз. Яғни, олардың көзқарасы бойынша, Аллаға тікелей қатысты мәселелерде тәуил8 жасап, жорамалға бару - қатерлі.

Умму Сәлама анамыздан (р.а.) ««Алла сосын аршқа9 истиуа10 етті» деген аяттың мағынасы сұралғанда: «Қалай болатындығы ақылға сыймайды, ал истиуа бұл беймәлім емес, бұған сену иман-нан, ал қарсы шығу - күпірлік»11,- деп жауап берген.

Имам Мәликтің мәжілісіне бір кісі келіп: «Уа, Абдулланың әкесі, «Әр-Рахман аршқа истиуа етті» делінген аят бар. Сонда Ол қалай истиуа етті?», - дейді. Осы сәтте Имам Мәлик басын төмен иді де артынша қара терге түсті. Сосын былай деп жауап берді: «Ар-Рахман аршқа өзі сипаттағандай истиуа етті. «Қалай?» деп айтылмайды. Өйткені «кейіп» деген ұғым Аллаға жүрмейді. Сен бидғатшыл адам екенсің. Мынаны сыртқа шығарыңдар». Басқа бір риуаятты былай деген: «Истиуа бұл белгісіз емес. Ал оның қалай екендігі ақыл білетін дүние емес. (Басқа риуаятта: қалай екендігі (белгілі бір кейіп) Аллаға жүрмейді. Бұған иман келтіру - уәжіп. Ал бұл туралы сұрау - бидғат»12.

Уәлид ибн Муслим былай дейді: «Мен әл-Аузағи, Мәлик және әс-Сәури, әл-Ләйс ибн Сағдтан хадистердегі (мүтәшабиһ) сипаттар жайлы сұрадым. Олар: «Белгілі бір кейіпте болатындығын ойламастан хадистерде айтылғанды сол күйінде үстінен оқып қана өтіңдер», - деп жауап берді»13.

Ахмад ибн Ханбалдан сифатқа қатысты хадистер жайлы сұралған еді. Ол: «Оған (ондай сипаттарға) ешбір мағына берместен әрі белгілі бір кейіпте болады деместен иман келтіреміз әрі растаймыз»,- деп жауап қатты.

Жоғарыдағы сәлаф ғұламаларының хабари сипаттарға қатысты жауабынан олардың мынандай негіздерді ұстанғанын байқаймыз.

1. Белгілі бір ағзаны немесе жаратылғандарға тән іс-әрекетті білдіретін сөздердің тура мағынасын Ұлы Жаратушыға телу мүмкін емес. Алла тағала одан пәк.

2. Алла тағалаға ешбір нәрсе ұқсамайтыны секілді Алла Тағала да ешбір нәрсеге ұқсамайды.

3. Сондай-ақ, Алла тағаланы кемшіліктерден пәктеймін деген ниетпен аяттағы Алла мұрат еткен мағынасын түгелдей жоққа шығармау (таътил).

4. Мұндай сөздердің нақты мұрат болған мағынасын Алланың шексіз іліміне қалдыра отырып, айтылғанға жалпылай иман келтіру (тафуид).

Міне, сәлафус-салихиндердің көпшілігі аят пен хадистердегі хабари сипаттарда қолданылған сөздердің белгілі бір ағзаны яки жаратылғандарға тән іс-әрекеттерді білдіретін тура мағынасының Ұлы Жаратушы үшін мүмкін еместігін білдіре отырып, Алла тағала мұндай сөздер арқылы нендей мағынаны мұрат етіп, қандай сипатты қалаған болса, соған жалпылай иман келтірген. Сөздің ауыспалы мағынасы мен астарлы мәнін іздеп, жорамалға бармаған.

Ал хабари сипаттарды түсінудегі екінші бағыт - Алла тағаламен байланыстырыла айтылған тура мағынасы белгілі бір ағзаны немесе жаратылғандарға тән іс-әрекеттерді білдіретін сөздердің араб тіліндегі Ұлы Жаратушыға лайық келетін басқа ауыспалы мағынасын іздеп, астарлы мәніне жорамал жасау бағыты. Бұл бағыт сәлафус-салихиндердің кезінде аз да болса кездесетін (Олардың аттарын төменде арнайы атайтын боламыз). Бірақ кейіннен ислам жағрафиясының кеңеюі нәтижесінде мұсылмандар арасында түрлі философиялық ағымдар пайда бола бастаған шақта бұл бағыттың кеңінен өріс алғанын байқаймыз. Себебі, кейбір топтар хабари сипаттардағы сөздердің тура мағынасын негізге алып, «Алланың көзі, жүзі, екі қолы, саусақтары, екі жаны, аяғы бар, тағына отырады» деп Ұлы Жаратушыны жаратылғандарға ұқсата бастаған еді. Бұл жайлы Әбу Ханифа былай дейді: «Батыс мен шығыстан екі жаман пікір келді. Олар Жәһим муъаттила (Алланы пәктейміз деп онда айтылған сипатты толықтай жоққа шығарушылар) мен Мұқатил мүшаббиһа (сөздің тура мағынасын негізге алып, Алланы басқа жаратылғандарға ұқсататындар). Осындай «мүшаббиһа» сияқты топтардың жая бастаған түрлі қате пікірлеріне қарсы сәлафус-салихиндердің ұстанған «Алла тағала мұндай сөздер арқылы нендей мағынаны мұрат етіп, қандай сипатты қаласа, соған жалпылай иман келтіреміз» деген шынайы мойынсұнушылықты білдіретін тәсілі жеткіліксіз еді. Міне, осындай қым-қиғаш кезең-де қарапайым мұсылмандардың санасына сызат, көңілдеріне күдік түсірмеу үшін философиялық пікірлерге ислами қисын жолымен жауап беру қажеттілігі туындады. Осындай қажеттіліктің нәтижесінде, әлгіндей тура мағынасы Алла тағаланы басқа жаратылғандарға ұқсататын сөздердің ауыспалы мағынасын таңдап, басқа астарлы мәндеріне жорамал жасау тәсілі көптеп қолданыла бастады. Бұл жайлы Абдуллаһ Дираз өзінің «әл-Мұхтар мин кунузус-сунна» атты еңбе-гінде былай дейді: «Халафты тәуил жасауға итермелеген себептердің бірі мүшаббиһа, мүжәссима және сол сияқтылардың бидғаттарының шығуы еді»14.

Тәуил жасау ұстанымын кейінгі ғасырларда (һижри ІІІ ғасырдың соңы) өмір сүрген ғалымдардың көпшілігі ұстанғандықтан оған «халафтардың (кейінгілердің) ұстанымы» делінетін болды. Олар хабари сипаттардағы сөздердің ауыспалы мағынасы мен астарлы мәнін кездейсоқ ойларына не келсе соны емес, араб тілі қағидаларының шеңберінде таңдады. Сондай-ақ, таңдалған мағынаның Құранның мұхкам15 аяттарында анық білдірілген Ұлы Жаратушының кемел сипаттарына сай келуін басты назарда ұстады. Яғни, мүтәшабиһ аяттарды мұхкам аяттардың аясында түсінуге тырысты.

Хабари сипаттарда қолданылған шынайы мәнін айқындау күрделі келетін Алла Тағалаға қатысты сөздердің ауыспалы мағынасы мен астарлы мәніне үңіліп, тәуил жасаудың ғұламалар белгілеген бірқатар өзіндік ережелері мен шарттары бар. Олар қысқаша мынандай;

1. Алланың кемелдігі мен ұлықтығына лайық болуы.

2. «Алла тағалаға еш нәрсе ұқсамайды» деген секілді мағынасы айқын мұхкам аяттарға және діндегі жалпы қағидаларға қайшы келмеуі.

3. Араб тілінің ережелері мен тәсілдері шеңберінде жүзеге асуы.

4. Нұрлы ақылға, дұрыс қисынға қайшы келмеуі.

МҰХКАМ МЕН МҮТӘШАБИҺ АЯТТАР

Әсілінде, ««мүтәшабиһ аяттың астарлы мәнін іздеп, ауыспалы мағынасын таңдау арқылы жорамал жасауға болмайды» дейтін сәлафтар да болады» дейтін халафтар да өз көзқарастары-ның дұрыстығына «Әл-Ғимран» сүресіндегі мына аятты дәлел ретінде келтіреді: «Ол (Алла) саған Құранды түсірді. Онда мағынасы айқын мұхкам аяттар бар. Олар - Құранның негізі һәм тірегі. Ал басқа аяттары болса, мағынасы нақты ұғынықты емес мүтәшабиһ аяттар. Жүректерінде қыңырлық бар жандар «қалай бүлік шығарып (адамдарды адастырамыз һәм қалай нәпсі қалауымызға қарай) олардың жорамалын жасаймыз» деп мүтәшабиһ аяттардың соңына түседі. Шын мәнінде, оның нақты жорамалын тек Алла біледі және ғылымда тереңдегендер де, «Біз бұл кітапқа (мұхкамі мен мүтәшабиһына) толықтай иман келтірдік. Барлығы Алланың құзырынан» дейді»16.

Екі жақтың да дәлелдеу жолдары түсінікті болу үшін аятты қысқаша түсіндіре кетейік. «Әл-Ғимран» сүресінің жоғарыда келтірілген аятында баяндалғандай Құран аяттары «мұхкам» және «мүтәшабиһ» болып екіге бөлінеді. Мұхкам - бұл мағынасы айқын, анық түсінікті аяттар. Мысалы, «Алла бір, Алла еш нәрсеге мұқтаж емес - әс-Самад, Ол тумады да, туылмады һәм Оның ешбір теңдесі жоқ» деген секілді аяттар. Мүтәшабиһ - мағынасы айқын емес, бірнеше мағынаны қамтыған, тіпті тура мағынасы мұрат болған мағынаға қайшы секілді көрінетін аяттар. Мұхкам аяттар Құранның негізі болса, мүтәшабиһ аяттар сол негізгі аяттар шеңберінде қарастырылатын тармақ аяттар болмақ.

«Мүтәшабиһ аяттардың жорамалын жасауға, ондағы мұрат болған мағынаны айқындауға бола ма?» дегенде ғұламалар екі пікірді ұстанған. Бірінші топтағылар қарсылық білдірген. Себебі, мүтәшабиһ аяттардың мағынасы ол Аллаға ғана аян, мұны аяттың өзі баяндап тұрғандығын алға тартады. Бұл көзқарастағылар: «Шын мәнінде оның нақты жорамалын тек Алла біледі және ғылымда тереңдегендер де, «Біз бұл кітапқа (мұхкамі мен мүтәшабиһына) толықтай иман келтірдік. Барлығы Алланың құзырынан» дейді» деген аяттың «Шын мәнінде, оның нақты жорамалын тек Алла біледі» деген жерінен сөйлемді аяқтап, тоқтайды. Сөйлем бұл жерде аяқталған жағдайда, мүтәшабиһ аяттардың жорамалы мен мағынасын Алла ғана біледі деген мағына шығады. Одан кейінгі «және ғылымда тереңдегендер де, «Біз бұл кітапқа (мұхкамі мен мүтәшабиһына) толықтай иман келтірдік. Барлығы Алланың құзырынан» дейді» деген аят жаңа сөйлем болып басталады. Сөйлем бұл жерден басталған жағдайда ғылымда тереңдегендер «Біз бұл кітапқа (мұхкамі мен мүтәшабиһына) толықтай иман келтірдік. Барлығы Алланың құзырынан» деп, мүтәшабиһ аяттардың мағынасын білмейтіндіктерін мойындап, терең бойұсынушылықпен иман келтіреді де жорамал жасаудан бас тартады деген мағына шығады. Сәлафус-салихиндердің көбісі тура мағынасы белгілі бір ағзаны яки жаратылысқа тән іс-әрекеттерді білдіретін аяттар - жоғарыда білдірілген мүтәшабиһ аяттарға жататындығын алға тартып, оны жорамалдауға болмайды деген көзқарасты ұстанған.

Ал, екінші топ ғұламалар мүтәшабиһ аяттардың мағынасын ғылымда тереңдегендер де біледі, сондықтан жорамал жасауға болады деген көзқарасты ұстанады. Олар да жоғарыдағы аятты өз көзқарастарына басқа қырынан дәлел ретінде келтіреді. Олар «Шын мәнінде, оның нақты жорамалын тек Алла біледі» деген тұстан емес, «және ғылымда тереңдегендер де» деген жерден бірақ тоқтап, сөйлемді осы жерден аяқтайды. Сөйлем бұл жерден аяқталған жағдайда «мүтәшабиһ аяттардың жорамалы мен мұрат болған мағынасын Алла және ғылымда тереңдегендер де біледі» деген мағына шығады. Ал, оның жалғасында келетін «Біз бұл кітапқа (мұхкамі мен мүтәшабиһына) толықтай иман келтірдік. Барлығы Алланың құзырынан» дейді» деген аят жаңа сөйлем болып басталады.

Екінші пікірді ұстанатындар-дың көзқарасы бойынша «Жү-ректерінде қыңырлық бар жандар қалай бүлік шығарып (адамдарды адастырамыз һәм қалай нәпсі қалауымызға қарай) олардың жорамалын жасаймыз деп мүтәшабиһ аяттардың соңына түседі» деген аят жалпы тәуил жасауға тыйым емес. Бұл тыйым - аятта анық білдірілгендей адамдар арасында бүлік шығару үшін мүтәшабиһ аяттардың мағынасын өз қалауларына қарай бұрып, мағынасы айқын мұхкам аяттардың білдірген үкімдеріне қайшы жорамал жасайтындарға арналған тыйым. Сондықтан, олар мүтәшабиһ аяттарды мағынасы айқын мұхкам аяттардың аясында уа һәм бүлік іздеп, таяз тұжырымды дәлелдеу үшін емес, ақиқатты тану үшін тәуил жасауға әбден болады деген тұжырымға барған. Тура мағынасы белгілі бір ағзаны яки жаратылысқа тән іс-әрекеттерді білдіретін аяттарды жорамалдауға болады дейтіндер мұндай аяттарды мүтәшабиһ аяттардың қатарына қоспайды, ал қосқан жағдайда да жоғарыда білдірілгендей оның мағынасын ғылымда тереңдегендер де біледі деген пікірге сүйенеді.

СІЛТЕМЕЛЕР:

1 «Шура» сүресі, 11-аят.

2 «Ықылас» сүресі, 4-аят.

3 «Иасин» сүресі, 82-аят.

4 «Әнғам» сүресі, 12-аят.

5 Абдул-Қаһир әл-Бағдади, әл-Фарқу бәйнәл фирақ, 234-бет, «әл-Мактабатуль асрия» баспасы, Сайда-Бейрут, 2004 ж.

6 Әби Хафсин Сиражиддин Умар ибн Исхақ әл-Ғазнауий әл-Һинди, Шархул ақидати әл-имамит-Тахауий, 88-бет. «Дәрул-Караз» баспасы, Каир, 2009 ж.

7 Абай Құнанбаев, Қалың елім, қазағым, 153-бет. «Атамұра» баспасы, 2002 ж.

8 Тәуил жасау - сөздің астарлы мәніне үңіліп, ауыспалы мағынасын таңдау арқылы жорамал жасау.

9 Арштың сөздіктегі тура мағынасы «тақ» дегенді білдіреді. Хадистерде арштың ең үлкен жаратылыс екендігі де білдірілген.

10 Истиуа - сөзінің тура мағынасы «отырды, орнықты, жайғасты» дегенге саяды.

11 Абдул-Кәрим Татан, Мұхаммед Әдиб әл-Кәйлани, Аунул-мурид ли шархи жәуһарит-таухид, 1-том, 469-бет. «Дарул-башайр» баспасы, 1999 ж.

12 Мұхаммед Наъим Мұхамед, әл-Қанун фи ъақайдил-фирақи уәл-мәзаһибил-исламия, 417-бет. «Дәрус-салам» баспасы, Египет, 2007 ж.

13 Абдул-Кәрим Татан, Мұхаммед Әдиб әл-Кәйлани, Аунул-мурид ли шархи жәуһарит-таухид, 1-том, 466-бет. «Дарул-башайр» баспасы, 1999 ж.

14 Абдуллаһ Дираз, әл-Мұхтар мин кунузус-сунна.

15 Мұхкам аяттар - мағынасы айқын аяттар.

16 «Әл-Ғимран» сүресі, 7-аят.

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: