Кезінде бір дана кісі: «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген. Мұның мәні терең. Бүгінгі жас қыздар мен бойжеткендер ертеңгі ана, бір-бір отбасының тәрбиешісі. Сондықтан сол арулардың инабатты, ибалы, иманды болуы аса қажеттілік. Бұл күндері мешіттер жанындағы сауат ашу курстарында білім алып жүрген қыз балалар да, егде тартқан аналар мен әжелер де аз емес. Солардың қаншасын көрдік, сұхбаттастық, имани ілім алып жүргеніне бәрі де қуанышты.
Соның бір тобы жуырда Алматы Орталық мешітінде 4 айлық оқу нәтижесі бойынша мешіттің оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Талғат Сапанов басқарған комиссияға сынақ тапсырды. 4 айда әжептәуір діни білім ала алған. Қасиетті Құранды түпнұсқада оқумен қатар, бірнеше сүрелерді жаттаған, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисімен де, дініміздің тарихымен де, шариғат заңдарымен де танысқан. Сол бойжеткендерге қойылған сауалдарға берген жауабынан-ақ білім деңгейлерін аңғаруға болады.
Куәлік сөзінің дәлелі: «Алла, періштелер және ілім иелері Одан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ екендігіне әділеттілікпен куәлік етті. Расында зор құдірет иесі, өте дана Алладан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ» («әл-Имран» сүресі, 18-аят). Алладан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ екендігіне алдымен жаратушы Алла тағаланың өзі, кейін аспан әлемінің жандандырушысы және Алланың әмірін бұлжытпай орындап бойұсынатын періш-телері, сонымен қатар адамдар мен жындар арасындағы ілім иелері куәлік етеді. Олар өз куәлігінде шыншыл да әділ. Расында, бір құлшылық Аллаға ғана тән, себебі бүкіл әлемді жаратқан да жалғыз Алла.
Куәлік сөзінің мағынасы: «Лә илаһа илаллаһ» - Алладан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ. Кәлима екі бөліктен тұрады: 1. «Лә илаһа - Барлық Алладан басқа құдайларды жоққа шығару. 2. «илаллаһ» - жалғыз Алла тағаланы құлшылыққа лайықты құдай деп білу. «Әлиф. Ләм. Ра. Бұл аяттары түсінікті болған, кейіннен Білгір де Дана (Алла) тарапынан баян етілген кітап. Алладан өзгеге құлшылық етпеулерің үшін» («Һуд» сүресі, 1-2-аяттар).
Бүкіл пайғамбарлар өз қауымдарын осы куәлікке шақырған. Алла тағала қасиетті Кітабында бұл туралы: «Расында, әрбір үмметке: «Аллаға құлшылық етіңдер, тағұттан (жалған құдайлардан) аулақ болыңдар» дейтін елші жібердік» («Нахл» сүресі, 36-аят), - деген.
Сонымен қатар, бүкіл пайғамбарлар мен елшілердің ең соңғысы әрі мөрі болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз да өз қауымын: «Алладан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ деп айтыңдар, жетістікке жетесіңдер!» - деп таухидке шақырған.
Куәлік сөзінің артықшылықтары: бір Аллаға ғана құлшылық ету (таухид) жаратушы бұйырған амалдардың ең ұлысы. Өйткені, Алла тағала: «Мен жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым» («Зарият» сүресі, 56-аят), - деген. Сонымен қатар, «Ниса» сүресінің 36-аятында: «Аллаға құлшылық етіңдер, Оған ешнәрсені серік етпеңдер», - деп әмір еткен.
Куәлік сөзі ақырет күні таразыда ең ауыр тартады. Абдулла ибн Амрден жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Қиямет күні бүкіл жаратылыстың көз алдында менің үмметімнен бір адам шақырылады. Кейіннен оның алдына күнәлары жазылған, көлемін көз ауқымы қамти алмайтын 99 кітап қойылады да, одан: «Мына күнәлардың біреуін жоққа шығарасың ба?» - деп сұрайды. Ол болса: «Жоқ, иә Раббым!» - дейді. «Ал сенде бұл күнәларды ақтайтын жақсы амалың бар ма?» - дегенде, ол кісі сасқалақтап шошығаннан: «Жоқ», - деп жауап береді. Сол кезде оған: «Бар! Бізде сенің бір жақсы амалың бар, бүгін сен әділетсіздік көрмейсің!» - деп, «Лә илаһа илаллаһ» деген сөзі бар кішкентай қағаз әкеледі. Ол болса: «Иә, Раббым, мына 99 кітаптың жанында бұл кішкентай қағаз не болады?», - дейді. Сонда оған Раббысы: «Сен бүгін әділетсіздік көрмейсің», - дейді. Осылайша 99 кітапты таразының бір басына, ал «Лә илаһа илаллаһ» деген сөзі бар қағазды таразының екінші бір басына қойғанда, кішкентай қағаз 99 кітапты басып кетеді.
Анастан жеткен жақсы хадисте: «Мен, Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқанын естігенмін: «Алла тағала былай деді: Ей, адам баласы, егерде сенің күнәларыңның мөлшері жер көлеміне тең болып, бірақ Маған ешнәрсені серік етпей (теңдес етпей) жолықсаң, онда Мен сені, міндетті түрде, тура сол (жердің) мөлшеріндей кешіріммен қарсы алармын», - делінген.
Сынақ тапсырушы бойжеткендердің дені жоғары оқу орындарын бітіріп, қызмет етіп жүр. Ал, бірқатары студент. Арасындағы бірден-бір келіншек Мензипа Исламқызы екі перзентті екен. Мектепте оқитын қызын намаз оқуға бетбұрғызып, баулып жүр.
Бойжеткендердің біріне: «Бұл күнде, жасырып-жабары жоқ, мұсылман қазақ қыздарының кейбірі басқа дін өкілдеріне, тіпті сонау шетелге тұрмысқа шығып жатыр. Бұған қалай қарайсыз? Басқа дін өкілдері мұсылман қызының қадіріне жете ме?» деген сауал қойылды. Оған бойжеткеннің жауабы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне сүйеніп берілуімен сүйсіндірді: «Басқа діннің өкілі мұсылман дінін қабылдамаса, оған тұрмысқа шығуға болмайды. Өйткені, ол ислам дінінің қадіріне жетпейді, бағаламайды». Расында да, бұл біздің қаракөз қарындастарымыз бен қыздарымыздың үнемі ескеріп, естерінде сақтап жүретін жәйт екендігін атап көрсеткіміз келеді.
Курсты бітірушілерге куәлік және «Өмірдің үзік сырлары» атты кітап тапсырылды. Ең алғаш курсқа қалай болса солай, ашық-шашық, жалаңбас келген бойжеткендер енді шариғатқа сай хижаб киіп, аса сыпайы да ибалы бола түскен. Қарасаң көзің де, көңілің де тояды. Бұларды күні кеше ғана діннен хабарсыз, бейнамаз деп айтуға аузың бармайды.
Шіркін-ай, көшеде және қоғамдық орындарда кіндігін көрсетіп, ашық-шашық киініп, жалаңбас жүрген қыз-келіншектер де осылардай мешітке келіп, діни сауатын ашса ғой деп іштей армандайсың.
Оңғар ӨМІРБЕК