Рахман да Рахымды Аллаһтың атымен
1. «Ғасырға ант етейін:
2. Шындығында адам баласы зиянда.
3. Бірақ, иман келтіріп көркем амал жасағандар, бір-бірлеріне ақиқат пен сабырды насихаттағандар бұдан тыс болмақ».
Меккеде түскен «Асыр» сүресі үш аяттан тұрады. Бұл сүре аса қарапайым және қысқа болса да өткен сүрелердің барлық насихаттарының мазмұнын қамтыған. Сүреде барлық адамдардың зиянда қалатындықтарын, алайда, азаттық пен бақыттылық тек қана иман келтіріп, көркем амал жасап, ақиқат пен сабырды насихаттау арқылы келетінін айтады. Имам Шафиғи: «Құрандағы басқа сүрелер түспегенде, осы сүренің өзі адамдардың дүние мен ақыретте бақытты болуына септігін тигізер еді. Бұл сүре Құранның барлық насихаттарын қамтиды» деген.
1. وَالْعَصْرِ – «Ғасырға ант етейін!». Қазақ тілінде ғасыр деп жүз жылдық бір заманды айтады. Осы сөзге тәпсіршілер: Намаздыгер намазы, намаздыгер уақыты, заман, әсіресе, хазіреті Пайғамбарымыздың ғасыры, яғни, Аллаһ елшісінің жіберілген заманы, ақырзаман мағыналарында қолданған .
Аллаһ Тағала сәске уақытына ант еткені тәрізді ғасырға да ант еткен. Дұха күннің бір ұшы болса, ғасыр (асыр) – күннің ақырғы ұшы. Бұдан адамдардың өмірінің бітуге жақындағанын ишарат еткен. Сондықтан да «Қасас» сүресіндегі: وَلَقَدْ آتَيْنَا مُوسَى الْكِتَابَ مِنْ بَعْدِ مَا أَهْلَكْنَا الْقُرُونَ الْأُولَى بَصَائِرَ لِلنَّاسِ وَهُدًى وَرَحْمَةً لَعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ – «Расында, бұрынғы ұрпақтарды жоқ еткеннен кейін, Мұсаға адамдардың түсінулері үшін Кітапты көрнеу дәлелдер, туралық және мәрхамат түрінде бердік»– аятын мысал етіп көрсеткен кейбір тәпсіршілер Құранда адамзат тарихы үш заманға бөлінгендігіне ишарат бар деген пікір айтады:
1. Хазірет Мұсаға Тәурат түспестен бұрын перғауынның өлімімен аяқталған заман – «алғашқы ғасырлар» заманы.
2. Тәураттың түсуімен басталып, ақырғы Пайғамбарға дейінгі «орта ғасыр» заманы.
3. Ақырғы Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) келуімен басталған «ақырғы ғасыр», «ақырзаман», яғни, Мұхаммед (с.а.с.) және үмбетінің ғасыры. Ендеше, аяттағы «ғасыр» сөзі осы ғасыр жөнінде айтылса керек .
Тәпсіршілердің пікірлерінің нәтижесі мынау: Ей, Мұхаммед (с.а.с.)! Ғасырға, әсіресе, барлық заманның мазмұны саналған ақырғы – осы ғасырға ант етейін;
2. إِنَّ الْإِنسَانَ لَفِي خُسْرٍ – «Шындығында адам баласы зиянда». Яғни, келесі аятта айтылған адамдардан өзге әрбір адам, барлық адамзат, ұлттар, әрбір ғасырда, әсіресе, ақырзаманда келген адамдардың барлығы зиянда . Өйткені, адамдардың қазынасы – өмірі. Ал сол баға жетпес ғұмыр әрбір сағат босқа өтіп түгесілмек. Тыныс алынған сайын сол нығметтің ақыры мен есебі жақындай түсуде. Осы бір ғұмыр, һәм алған тыныстар адамның өз дүниесі болғанда, яғни, оны өзі жасап алатындай күш-қуаты болғанда пенденің өмірі түгесілмес еді де, оны қалағанынша жұмсар еді. Оны қайда жұмсаса да өз еркінде болып, ешқашан зиянға душар болмас еді. Алайда, өмір адамның өз меншігі емес, сол өмірді жаратқан Хақ Тағаланың меншігі. Ол сол меншігін Өзінің атынан жұмсап, пайда тапсын деп адамға шектеп және есептеп аманат етіп берген қазынасы. Адамн өз өмірін дұрыс жолға жұмсау арқылы табыс таба білуіне қатысты.
3. إِلَّا الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَتَوَاصَوْا بِالْحَقِّ وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ – «Бірақ, иман келтіріп көркем амал жасағандар, бір-бірлеріне ақиқат пен сабырды насихаттағандар бұдан тыс болмақ». Мына саналған төрт ерекшелікке иелік еткендер зиянға ұшырамай, қайта мол табысқа кенелмек.
1. الَّذِينَ آمَنُوا – «Иман келтіргендер». Барлық әлемдердің Раббы, дін күнінің иесі Аллаһ Тағаланың даралығы мен түсіргендерін растап, Оған ықыласты түрде құлшылық етіп, мойынсұнып сөз берген жандар.
2. وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ – «Және иман арқылы көркем амалдар жасағандар». Яғни, имандары тек қана көңілдері мен тілдерінде қалып қоймай, жасаған істерін имандарына сай, Аллаһтың ризалығына, түскен үкімдерге сәйкес, ақиқат пен қайыр екендігіне сеніп, әрбір жақсылықты отбасы, туыстары, елі, тіпті жалпы адамзаттың бақытылығы үшін жасағандар. Әмір етілген уазипаларды орындап, тыйым салынған үлкен күнәлар мен жиіркенішті қылықтардан іргесін аулақ салғандар.
Құран бойынша, тамыры иман емес барлық амалдар салиқалы амалдарға жатпайды. Сондықтан да Құранның қай жерінде салиқалы амалдар хақында сөз қозғалса, сонымен бірге иман да айтылған. Һәм әрқашан салиқалы амал, иманнан кейінге қалдырылған. Сондай-ақ еш жерде, жақсы да болса имансыз іс-әрекетке сый-сияпат үміті берілмеген. Пайдалы және бағалы иман – амал арқылы анықталған иман екендігін көрсеткен. Өйткені, амалсыз иманға иелік еткен адам өзін қаншама имандымын дегенімен негізінде ол Аллаһ және елшісінің көрсеткен жолынан өзге бір жолға түскен болып саналады.
Салиқалы амал негізінде екі түрлі:
Біреуі – тәнге қатысты құлшылықтар. Яғни, жауапкердің тікелей өзіне пайдалы және өзінің жақсылығы үшін болған амалдар.
Келесісі – зекет және садақа тәрізді басқаларға пайдасы тиетін амалдар. Бұның ең маңыздысы да ақиқатқа шақыру және хақ жолында күш-қайрат жұмсау. Бұлар иман және көркем амал арқылы бір-бірлеріне және басқалардың да мәңгілік бақытқа жетулеріне күш-қайрат жұмсап, оларды Хаққа шақыруды негізгі міндеті санамақ.
3. وَتَوَاصَوْا بِالْحَقِّ – «Және Хақты өзара насихаттағандар». Яғни, барлық күш-жігерлері Хаққа арналып, имандары да, амалдары да, сөздері де түгелдей Хақ жолында сарп етілгендер. Қандай әрекетке барса да ақиқатты негізге алып, оны насихат еткен. Әр кез халықты ақиқатқа шақырып, жақсылыққа баулып, жамандықтан тыюға күш салысқандар.
Жоғарыда айтылған екі сипат әрбір адамда болуы тиіс. Бұлар иман етіп, салиқалы амал жасағаннан кейін бір-бірлеріне ақиқатты айқындап, сабырды насихаттаулары тиіс. Бұның мағынасы мынау: біріншісі, иман келтіріп, салиқалы амал жасағандар осы істерімен шектеліп қалмай, мұсылман һәм салиқалы бір қоғам құруы ләзім. Екіншісі, қоғамды бұзылудан сақтап қалу үшін, сол қоғамның әрбір мүшесі өзінің жауапкершілігін ұғынулары керек. Сондықтан, қоғамның барлық мүшелеріне, бір-бірлеріне ақиқат пен сабырды дұрыс насихаттап отырғандары жөн.
«Хақ» сөзі – «жалғанға» қарама-қарсы ұғым. Әсіресе, бұл сөз мына екі мағынада қолданылады: Біріншісі – шындыққа, әділдікке лайық шынайы сөз. Екіншісі – адам мойнының борышы мен парызы болған ақиқат. Хақты насихаттаудың мағынасы – мұсылман қоғамына жалғанның таралуына тосқауыл болуы. Қоғамның әрбір мүшесі өзі ғана ақиқатты, туралықты және әділдікті іске асырып қоймай басқаларға да үлгі-өнеге көрсетуі тиіс. Қоғамды құлдыраудан осындай жолмен ғана сақтап қалуға болады. Егер қоғамда осы рух жоқ болса зияннан көз ашпайды. Тек өз басы ғана ақиқатты ұстанып жүргендердің қоғамның бұзылуына жайбарақат қарауының ақыры – бір күні олар да тура жолдан тайқып, зиянға ұшырайды. Сондықтан, «Маида» сүресінде хазіреті Дәуіт және хазіреті Исаның тілімен Израйыл ұрпақтарына лағнет еткен. Өйткені олар жайылған зұлымдық пен күнәларды көре тұра бір-бірлеріне тосқауыл жасап, ақиқатты насихаттамаған еді («Маида», 78-79).
4. وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ – «Және сабырды өзара насихаттағандар». Яғни, Хақ пен ақиқат жолында сабырға бір-бірлерін шақырғандар. Ақиқатты насихаттаумен қатар мұсылман қоғамының зияннан құтылулары үшін, қоғам мүшелері бір-бірлерін сабырға үндеулері тиіс. Яғни, ақиқат және оны сақтау жолында кездескен барлық қиыншылықтарға төтеп беріп, бір-біріне көмек беру.
Сабырлық етуде тәрбиенің, еріктің ең бастысы – иманның орны ерекше. Сабыр ете білу жауапкершілік арқалаған адамдардың діттеген межесіне жетуі үшін аса қажетті қасиет. Сондықтан Құранда: إِنَّ اللَّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ – «Аллаһ сабыр етушілермен бірге» , إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُمْ بِغَيْرِ حِسَابٍ – «Сабыр еткендердің сауабы есепсіз беріледі»– деп насихатталған. Хадистерде де: «Сабыр – кеңдіктің кілті» ; «Сабыр – жарық», деп айтылған.
Ендеше, бұл аяттағы мақталған сабыр – иман мен көркем амал жолындағы сабыр. Бұл нағыз батырлық пен мәрттіктің рәмізі. Болмаса, әрбір қорлыққа мойынсұну, жамандыққа ризалық білдіруді сабырлық деуге келмейді. Өйткені, жамандыққа ризалық – жамандық, күпірге ризалық – күпірлік саналады.
Міне, ендеше осындай иман, көркем амалдар, ақиқат пен сабырды насихаттап төрт ерекшелікке ие болғандар зиянға ұшырамайды. Бұның төртеуі де Хақ Тағалаға толық иманның белгісі. Имансыздардың ешбірі жазадан құтыла алмайтындықтары айқын. Бірақ, бұл аят бойынша Хақ Тағалаға иман келтірсе де салиқалы амалдар жасамаған, ақиқат пен сабырды насихаттамаған адамдар да зияннан толықтай құтыла алмайды. Сондықтан, сүнниттердің көзқарасына қарай – иманы болса да салиқалы амалдары болмаған пасықтар мен күнәкарлар үшін кәпірлерден әлдеқайда күнәлары жеңілірек болса да бастарына келетін қасірет бар. Өйткені, мәңгілік қалмаса да күнәкар мұсылмандар үшін де жаһаннам бар. Имандары ақыр соңында құтқарғанмен, жамандықтары ауыр басқан мұсылмандар күнәлары тазарғанға дейін жаһаннам азабын тартады. Хақ Тағала бізді жаһаннам қасіретінен сақтасын!!!