"Ол күлді, ал біз жылай бастадық..."

"Ол күлді, ал біз жылай бастадық..."

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

немесе
Сөзінде Алласы бар бірақ көңілінде Алласы жоқтар ғалым бола алмайды
(Түнгі әңгіме)

Ғалымның да, ғалым болмаса да қарапайым тақуа кісінің де ұйқысы ғибадат болмақ. Ғалым Алланы танытпаққа еңбек жазып арасында тыныққаны үшін, тақуаның түнде тұрып ғибадат жасамаққа ниеттеніп жатқаны үшін ұйқылары құлшылық болмақ. Әрине бұл жердегі ғалым дегеніміз де тақуа ғалымдар. Сөзінде Алласы бар бірақ көңілінде Алласы жоқтар ғалым бола алмайды. Иә, бұл ауылда мына жұманың мүбарак түнінде де аздан соң тұруға ниеттеніп ұйқыда ғажайып түстер көріп жатқандар қаншама десеңізші. Олар біз секілді түн ішінде елдің мазасын алған жапалақтай ұйқысы қашқандар емес, жүрегін зікірге, санасын пікірге толтырып, тақуалықтары ихсан ернеуінен тасығандар.
- Ассалаумағалайкүм! А,а бұл тағы сіз бе едіңіз? Түн ішінде кімге сөйлеп тұр деп келсем.
- Алайкүмсалам! Сен әлгі "жаңа жылды" тойламақ болып жүрген бала емессің бе? Содан бері көрінбей кеттің ғой. Түн жамылып қайда бара жатырсың?
- Ой, аға, соның бәрі бекершілік екен. Тәубаға келдім. Мына ауылдың мешітіне бара жатырмын.
- Мына уақытта ма? Қазір жабық қой.
- Онда аға дұғаның қалай қабыл болатыны туралы бір сыр айтып берсеңіз.
- Сол сырды білсем қазір-ақ мына еліміздің бірлігі мен екі дүние бақыты үшін дұға етер едім ғой. Айтпақшы сол сыр дәл мына қазіргі кезеңнің ішінде бар. Жұманың осы түнінен күні батып, сенбінің ақшамы кіргенге дейінгі аралық. 
- Бұл қиындау екен. Басқа оңай жолы бар ма?
- Е, оңай жолын іздесең дұғадағы ықылас қой. Айтпақшы ұйқың қашса осы жайында бір әңгіме айтып берейін.
- Айта беріңіз.
- Әл-қисса:
Бұл бір болған оқиға. Әлгі есіңде болса Қағбаның жанында бір әулие кісімен жолыққан досым айтқан еді. Бұдан отыз қырық жыл бұрын арнайы көлік жалдап бір топ қажы шалғай жерден Меккеге қажылыққа аттанады. Арасында заты есімде аты есімде жоқ сол себепті "Абдулла" деп айтайын бір мүбарак кісі бар еді. Айтқан кісінің өз аузынан көркемдеп тыңдалық:
"Сонымен бәріміз мәре-сәре болып жолға шықтық. Ол заманда қажылыққа бару екінің біріне нәсіп бола бермейтін заман. Жолай бір-бірімізге уағыз-насихат айтып, зікір, салауат айтсақ да жеткенше тағат таппадық. Әсіресе әлгі Абдулла ғажайып мүбарак жан еді. Өзі бір түрлі қызық адам. Не айтсаң имандай сене береді. Өткірік деген ұғымды мүлде білмейтін еді. Оның көңіл-күйі мүлде бөлек болды. Бейне бір Пайғамбар заманына бара жатқандай қазір бара қалса алдынан Алла елшісі аләйһис-салату уәс-сәләм шығып күтіп алып "Қош келдің, Абдулла!" дейтіндей сезімде еді. Әсіресе Қағбаны алғаш көргенде біз іштей сезімге бөленіп жылауға бір-бірімізге қарап тосырқап тұрсақ та ол бар дүниені ұмытып, Қағбаға қарай ұмтылды. Минада да, Арапатта да бізбен бірге жүрсе де сырттай бізбен бірақ өзі басқа бір әлемде жүргендей еді. Біз қажылықтан соң елге қайтуға дайындалып "алдымнан барған кім шығар екен, мүбарак қолымызды қай күнәһар пенде алар екен, оларға не алсам екен?" деп базар аралап жүрсек те ол бізден оқшауланып Қағбаның алдынан шықпай қойды. Ол кезде Қағбаның айналасы қазіргідей емес ашық болатын. Көлігіміз де Қағбаға қол созым жерде тұрған еді. Біз бәріміз көлікке мініп кетуге оңтайлансақ та әлгі Абдулла қол созым жердегі Қағбаның қасында дұға қылып жылап тұрды. Осы кезде менің ойыма бір пікір келіп қасымдағыларға сонымды айтып Абдулламен әзілдесетін болып келістік. Бір кезде Абдулла Қағбаға қарай қарай зорға көлікке мінді. Мен:
- Әй, Абдулла! Қағбаны қимай тұрсың ба?
-Әрине.
- Солай де. Абдулла! Осы түні мен бір түс көрдім. Түсімде маған аян беріліп осы жасаған қажылығымның қабыл болғаны білдірілді. Ал сен ондай түс көрмедің бе? Кенеттен Абдулланың түсі өзгеріп кетті.
- Жо, жоқ, мен көрмедім.
- Қалайша? Осы отырғанның бәрі түсінде дәл мен секілді түс көріпті. Бәрімізге бірдей аян берілгенде сен қалай жалғыз қалып қойғансың? Ол көлік ішіндегі қажылардан жеке-жеке сұраған еді бәрі "иә, солай" деп жауап берді. Абдулланың түсі өзгергені сол көздерінен жас тамшылап, жаймен төмен қарай сорғалай бастады.
- Қалай? Бәріңнің қажылықтарың қабыл болып, менікі қабыл болмаған ба сонда?
- Кім білсін? Алла біледі.
- Жоқ, бұлай болмайды. Болмайды болмайды. Я, Алла! Мына пенделеріңнің бәрінің қажылығын қабыл етіп, мені жалғыз тастағаның ба? Жақсылармен жүрген жаманды да жақсы етемін, дұғасын да қабыл етемін дегенің қайда? 
Осылай деп жылаған ол көліктен асыға түсіп Қағбаға қарай жүгіре жөнелді. Екі қолы аспанда. "Я, Алла, я, Жаппар Ие". Қағбаның қасына барған ол көп жылап тұрып алды. Біз артынан кезекпен барып мұның бәрі әзіл екенін айтсақ да көнбей қойды. Амал жоқ кері қайтып көлік ішінде көп уақыт күтіп отырдық. О, ғажап! Бір кезде әлде бір жақтан қарлығашқа ұқсайтын бір құс көз ілеспес жылдамдықпен көктен құйылып кеп Қағбаның төбесіне келіп айнала ұша бастады. Аузында тістеген бір ақ қағаз бар еді. Абулланың төбе жағына келгенде сол қағазды тастап кеп жіберді. Әлгі ақ қағаз қалықтап ұшып дәл Абдулланың жайған екі қолының арасына түсті. Абдулла қағазды ұстай алды да үңіліп қарап қалды. Қол созым жерде тұрған біз бір-бірімізге сауалды нышанмен қарап, қайта бәріміз сол жаққа қарадық. Әлгінде "болыңдар" деп асыққан көлік жүргізуші де осыны көре қалып іштей тына қалды. Ақ қағазды қолына ұстап бізге қарай жүгіріп келе жатқан Абулланың былай деген айқайын естідік: "Менің де қажылығым қабыл болды". Осылай деп ішке кірген ол қолындағы қағазын көрсетті. Қағазда: "Ей, Абдулла! Қажылығың қабыл болды" деген жазу бар еді. Ол: 
- Міне менің де қажылығым қабыл болды. Айттым ғой, Алла көпшіліктің қажылығын, дұғасын қабыл еткенде оның арасындағы мен секілді күнәһардың да дұғасы мен қажылығын қабыл етеді - деді жүзінен нұр тамып. 
Осы кезде көлік жүргізушіден бастап Абдулладан басқа бәріміз ботадай боздап жылай бастадық. Ал ол болса біздің не үшін жылағанымызды білмей аң-таң болып тұр еді..."

Иә, солай бала, солай болған. Әлі де бола бермек. Қой қайтайық, ертең малдың кезегі дегендей. Біз қайда, Абдулла қайда? Таң атса күйкі тіршілік қой баяғы бітпейтін. Енді қай мұсылманға тиісіп, қай мұсылман бізді сынар екен? Мұсылманмын. Бірақ қай мұсылманның аяғынан шалсам екен?! Қай ғалымның өскенін көре алмасам екен? Қайсысын сынап алдына көк аттыдай көлденең тұрсам екен? Сөзі бөлек, ісі бөлек деген осы ғой.
- Түсіндім аға. Уәссәләм.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: