Дұға қабыл болудың негізгі шарты «қабыл болды» деп сену. Егер дұға қабыл болды ма, болмады ма деп күмән етсеңіз Аллаһ Тағаланың «Әл-Мужиб» дұғаларды, тілектерді қабыл етуші сипатына күмән еткен боласыз.
Сондай-ақ, «Худжатул Ислам» (Ислам айғағы, Ислам дәлелі, Ислам қорғаушысы) деген үлкен атаққа ие болған имам Ғазалидің «Ихяу улумид-дин» еңбегінде дұға, тілектердің тілеудің әдептері жайлы былай делінген: Біріншісі: Қасиетті уақыттар. Жылдың ішінде арафа күні, айлардың ішінде рамазан айы, апта ішінде жұма күні, түнгі уақыт ішінде сәресі мезгілі секілді.
Екіншісі: Қасиетті жағдайлар. Әбу Һурайра: Аспан есіктері Алла жолында мұсылмандар саптарын түзей бастаған шақта, нөсер жаңбыр жауған уақытта, бес парыз намазға қамат етілген уақытта ашылады. Осы уақыттардың қадірін біліңдер,– дейді. Әбу Дауд және Нисаи хадис жинақтарында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Азан және қамат арасында жасалған дұға кері қайтарылмайды» деген сөзі бар.
Үшінші: Дұға жасаған кезде құбылаға қарап және екі қолын көкке көтеру. Әбу Дауд, Термизи және Ибн Мажаһ кітаптарында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисі келтірілген: «Расында Раббыларың Хай (Тірі), Карим (Жомарт), пендесі қол жайса, құр алақан қайтаруға ұялады»,– дейді.
Төртінші: Биік те емес және бәсең де емес дауыспен дұға ету. Әбу Муса әл-Ашъари былай баян етіп: Біз Алла елшісімен (с.ғ.с.) Мадинаға келіп жеттік. Қалаға жақын келгенде адамдар такбир айтып, дауыстары көтерілді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ей, адамдар, сендер дұға етіп тұрған Зат керең емес, ғайып та емес. Сендер дұға етіп тұрған Зат сендердің мойындарың мен ат-көліктеріңнің мойыны арасында» (яғни тым жақын),– деген хабар жеткізеді.
Бесінші: Өлеңдетіп дұға етпеу. Дұға етуші жалбарынушы кейіпте болуы қажет. Сондықтан мұсылман өз тілек-дұғасына сай Құран және хадисте айтылған зікірді пайдаланғаны абзал. Өйткені, онда Алла өзі үйреткен және пайғамбарлар (ғ.с.) тілінен шыққан дұғалар бар. Алланың таңдаулы құлдарының қалыбынан шыққан дұға қабыл болған тілектер. Тәубе етуші Адам (ғ.с.) атаның тәубе дұғасын, шипа сұраушы Аюб (ғ.с.) пайғамбардың шипа дұғасын, перзент сүйе алмай жүрген пенде Закария (ғ.с.) пайғамбардың қартайған шақта мұрагер сұраған мінәжатын, перзент сүйіп ата-ана болғандар Имранның әйелі, Мәриям ананың шешесі айтқан дұғаны тілегені абзал.
Алтыншы: Дұға жасаушының күйі. Дұға жасаушы байсалды кейіпте, Жаратушысынан қорқып сұрауы қажет. Жақсылық сұрағанда құштарлана, жамандықтан сақтауды жалбарына тұруы керек.
Жетінші: Дұғасында бек тұру, қабыл болатындығына күмән келтірмеу. Суфиян бин Ъуяйна: Дұға жасаудан ешқайсысыңыз тыйылмаңыз, дұға етуді тоқтатпаңыз. Өйткені, Алла тағала жаратылыстың ең жаманы Ібілістің де, Алланың лағынеті болсын, дұғасын қабыл етті. Құранда: «(Ібіліс) ендеше, Раббым маған қайта тірілетін күнге дейін кеңшілік бер,– деді. Алла Ібіліске: расында, саған кеңшілік берілді,– деді» («Хижр», сүресі, 36-37-аяттар).
Сегізінші: Тілек-дұғаны тоқтатпау. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайлы: «Сендерден асықпағандарыңның және «дұға етем, бірақ қабыл болмай жатыр» деп айтпағандарыңның дұғасы қабыл болады. Қайсы бірің дұға етер болсаң Алладан көп-көп сұрасын, өйткені сен Жомарттан сұрап тұрсың»,-деген. Демек, дұғаның тағы бір шарты сабырлылық.
Тоғызыншы: Дұғаны Аллаға мақтау және пайғамбарға салауат айтумен бастау. Салама бин Аукаъ: мен Алла елшісінің дұға жасағанда Аллаға «Субхана Робби әл-Аъла әл-Уаһһаб» (Ұлы да Жомарт Раббым барлық кемшіліктен пәк) деп мақтау айтып бастайтын. Әбу Сулайман ад-Дарани бұл жайлы: Кім Алладан бір қажетін сұрайтын болса Пайғамбарға салауат айтудан бастасын. Сосын өзінің мұң-мұқтажын айтып мінәжат етсін. Соңынан тағы Алла елшісіне (с.ғ.с.) салауат айтсын. Алла бұл екі салауатты да қабыл етеді. Алла екі салауат арасындағы тілекті кері қайтармайтын Жомарт,– дейді.
Оныншы: Дұға етушінің ішкі жан дүниесі. Бұл дұғаның қабыл болуындағы ең маңызды жәйт. Бұл: тәубе етіп тазару, адам баласына сөзімен және іс-әрекетімен жасаған қиянаты болса кешіруін сұрап, бүтін болмысымен Аллаға бет бұру.
Сонымен қатар, дұғаның құдіретіне қатысты мына таңғажайып оқиғаны жолдаймыз: Бір мұсылман дәрігерінің Орталық Африка республикасында қызмет атқарған кезінде болған жағдай екен. Оқиғаны сол әйелдің өз аузынан тыңдап көрелік...
«Сахараның оңтүстік аймағы, халқының көбісі қайыршылықта өмір сүріп жатқан Орталық Африка елінде, бір ауылдық ауруханада жұмыс істеп жүрген кезім, – дейді дәрігер әйел, – Бір күні түнде бізге бір әйелді алып келді. Аяғы ауыр екен, іші қатты ауырып, жедел жеткізіпті. Бірақ, босанатын айы-күні жетпесе де, уақытынан бұрын босандырып алуға тура келді. Өкі-нішке орай, біз қанша күш салып, бар мүмкіндігімізді пайдалансақ та, босандыру барысында жүкті әйелдің өмірін сақтап қала алмадық. Артында мерзімінен бұрын дүние есігін ашып, әлі де толық жетіліп үлгермеген бір жапырақ сәбиі мен екі жасар қызы қалды.
Енді жаңа туған шарананы аман алып қалу керек, алайда бізде жетілмеген сәбилерді арнайы ұстайтын қажетті жабдықтар да, жағдай да жоқ еді. Тіпті, сол кедей елде инкубатор үшін электр желісі де болмады. Енді не амал бар? Бұл жер экватор бойында жатқанымен, көбінесе түндері сүйектен өтер желді, ызғарлы суық болатын.
Менің қасымдағы акушер қыздардың бірі діріл қағып жатқан қызылшақа сәбиді орайтын мата алып келді. Ал медбике грелка әкелуге жүгірді. Тропиканың түнгі суығында сәбиді грелкамен жылытып ұстамаса болмайды. Екі-үш минут өтер-өтпестен әлгі медбике көзінің жасын көл қылып жылап қайтып келді, грелкаға ыстық су құйып жатқан кезде жарылып кетіпті. «Бұл біздегі ең соңғы грелка еді», – деді.
Біз тұрған мекенде не бір дәріхана, не дүкен де жоқ болатын. Сондықтан, мұнда басқа грелка іздеуден еш қайыр болмайтынын білдік. – Жарайды, бір амалын ойластырайық, – дедім жанымдағы дәрігер құрбыларыма қарап, – Баланы жылы болатындай етіп отқа жақын жатқызу керек. Отқа тым жақындатып не алыстатып алмау қажет. Әйтпесе, мынадай салқын түнде сәбидің адам боп кетуі екіталай. Ал өзіміз есіктен суық ұрмауы үшін сәби мен есіктің арасына жатамыз. Алдағы бірнеше күн баланы жылы ұстауымыз керек...
Аурухананың жанында балалар үйі бар еді. Ертесіне таңертең мен намаз оқитын бірнеше жеткіншекті қасыма ертіп мешітке бардым. Намаз басталмас бұрын балаларға өткен түнде болған оқиғаны, нәрестені жылы жерде ұстаудың қиын болып жатқанын, қысылтаяң шақта қолда бар жалғыз грелканың жарылып кеткенін айтып бердім. «Грелканың көмегі көп болар еді, – дедім, – Айы-күні жетпеген сәби сәл тоңазыса-ақ, шетінеп кетуі мүмкін». Және мен балаларға сол сәбидің екі жасар апасы бар екенін, кеше анасы қайтыс болғаннан кейін, жетім қалып, жылап жатқанын да айттым.
Әңгімемді ден қойып тыңдаған балалар, намаз оқуға кірісті. Бір кезде намаз оқып болып, қос алақанын жайып, Алладан дұға тілеп отырған он жасар қызға еріксіз көзім түсті. Ол кінәсіз көздерін көкке тігіп, шын жүрегімен Жаратқаннан жәрдем тілеп отыр еді: – Өтінемін Сенен, иә Алла, – дейді кішкентай қыз, – Бізге грелка жіберші. Ей, Алла, оны бүгін жіберші, ертең кеш болуы мүмкін, ертеңге дейін бөпе өліп қалуы мүмкін». Қыз бар көңілімен осылай деп тілегін айтып, соңында: «Ей Алла, бізге бөпенің апасы үшін қуыршақ жіберші, ол Сенің оны жақсы көретініңді білсін, өзін жалғызбын деп сезінбесін. Өтінемін Сенен, ей Алла!», – деп елжіреп тұрып сұрайды.
Он жасар қыз баланың мына сөздерін естіп, аң-таң болған мен, кінәсіз сәби көңілдің сондай аңғырт, кіршіксіз тазалығына қайран қалдым. Иә, оның әрбір тілеген тілегі қаншалықты шын көңілден айтылып жатса да, мен бұл тілегі орындала қоятынына сене алмап едім. Әрине, Құранда Алланың құдіреттілігіне шек жоқ екені айтылған. Бірақ, әр нәрсенің, тілек тілеудің де шегі болмай ма? Кедейшілік үстемдік құрған, бір жапырақ нанға зар болып отырған өлкеде кішкентай қыздың бұл сұрауының орындала қоюы да қиын еді. Осындай сенімсіз ойлар жетегінде, бір жағынан қыздың сөздеріне қайран қалып жұмысыма оралдым. Бір-екі сағат өткенде, оқушыларыма медициналық жәр-дем негіздері бойынша сабақ беріп жатқан едім, бір адам менің үйімнің алдында (ол жұмысыма жақын жерде еді) бір машина келіп тұрғанын айтты. Үйіме жеткенше машина кетіп қалды. Есіктен кіре бергенде… түсім бе бұл, өңім бе… олар маған салмағы жиырма екі келідей қомақты сәлемдеме тастап кетіпті!
Көзіме жас үйіріле бастағанын сездім. Сәлемдемені ашам дегенше, айналама таңертең бірге намаз оқыған балалар де жиналып қалды, араларында Алладан тілек тілеп отырған жаңағы он жасар қыз да бар болатын.
Сәлемдемені ораған жіпті босатып, әрбір түйінін мұқияттап шешіп, бәріміз демімізді ішімізге тарта толқып, құпия қораптан заттарды ала бастадым. 15-20 бала қолымның әрбір қимылын қалт жібермей бақылап тұр.
Алдымен сәлемдеменің ішінен бірнеше жейде алып шықтым. Оларды балаларға үлестіріп бердім, қуаныштарында шек жоқ. Артынша сырқат жандарға арналған бірнеше бандаж (медициналық белбеу) шықты. Одан кейін әртүрлі медициналық жабдықтар, жүзім салынған орамалар, т.б. алынды, бір кезде саусағыма іліккен бір нәрсені ұстап көрдім… Жоқ… Бұл мүмкін емес!
Қолыма іліккен нәрсені діріл қағып сәлемдеменің ішінен шығардым… Иә, бұл жап-жаңа резеңке грелка еді! Балалар қуанғаннан шуылдасып қоя берді, ал мен көзімнен аққан жасты ұстай алмадым. Сол кезде бағанағы он жасар қыз маған жүгіріп келіп: – Алла тағала бізге грелка жіберген болса, онда қуыршақты да жіберген шығар, – деді сеніммен, қораптың ішіне көзін жүгіртіп. Иә! Әлбетте! Қораптың ең тү-бінен әп-әдемі кішкене қуыршақ шықпасы бар ма! Мұны көргенде, қыздың екі жанары жайнап сала берді. Бала көңіл қуыршақтың да бар екеніне мүлдем күмән туғызбаған, ал мен болсам жүрегімді жарған қуаныштан, өз-өзімді билей алмай, көзімнен жас сорғалай берді.
– Мына қуыршақты кішкен-тай қызға апарып берсем бола ма, Алла тағала өзін жақсы көретінін білсінші?.. Өтінемін, – деді ол.
– Әрине, бара ғой, қымбаттым менің, – дедім, қыз қуыршақты құ-шақтаған күйі қуана жүгіріп кетті. Бұл сәлемдемені Оңтүстік Африка республикасындағы менің бұрынғы оқушыларым салып жіберіпті. Бес ай бойына жолда болған екен. Ішіне грелканы бір әріптес құрбым салса, қуыршақты оқушыларымның бірі жіберген. Сонау құрлықтың алыс түкпіріне сол сәлемдеменің дәл мезгілінде, қажет болған шақта жетуін қарашы! Алланың мейіріміне шын көңілмен сенген он жасар қыздың дұғасы қабыл болып, сұраған грелкасы мен қуыршағының сол күні кaелуі шынымен таңғажайып оқиға емес пе?!».
Міне, дәрігер әйелдің басынан кешкен осы жағдайы кім-кімнің де көңілін қозғап, жүрегін жібітері аян. Құранда Алла тағала: «Олар дұға жасамай жатып-ақ, Мен олардың тілегіне жауап беремін», – дейді.
Дайындаған
Ахметжан Керімбек