ҚАЛА ИМАМЫ АСАБАЛАРМЕН БАС ҚОСТЫ

ҚАЛА ИМАМЫ АСАБАЛАРМЕН БАС ҚОСТЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл құдайы астарды жүргізіп жүрген 5 асабаны қабылдады. Имам Алланың үйіне қадам басып келген сөз майын қалқып ішкен шеберлерді келе жатқан құрбан айт мерекесімен құттықтап, оларды шақырудағы мақсатын жеткізді.

«Қазіргі таңда халық асабаны тек тойда емес, құдайы астарға да шақыратын болған. Жасыраты жоқ, құдайы тамақтарда құдды тойдағыдай тілек айтқыштар көбейіп кетті. Кейбір асабалар асқа жиналған жұртқа уағыз айтып кететіні тағы бар. Ол асабалардың кейбірінің діни ұстанымдары күдік тудырады. Осы ретте марқұмдарға сауабы тисін деген ниетпен жайылған астың обалы тимесін деген оймен, астың тәртібін реттеуді қолға алу үшін өздеріңізбен бас қосқанды жөн көрдік», - деді дін қызметкері.

Жиынға келген азулы асаба Ануарбек Жұмағұлов ас пен тойдың айырмашылығы болмай бара жатқанын және аста тілек емес, көңіл айту керектігін жеткізді. Адуынды асаба Берік Жарымбетовтың пікірінше, елімізде ас тұрмақ, тойдың өзінде де реттелмей келе жатқан дүниелер көп. Тойды халал не басқа той деп атауға қарсы. Ішімдіксіз деп атаса бір сәрі.

«Иә, сізбен келісемін. «Халал» сөзін орынсыз қолданып қадірін қашырып алмауымыз керек-ақ», - деді Қанат Әділханұлы.

Әккі асаба Ербол Қамбатыров та сөз жалғап отырды. «Осы отырған қай-қайсымыз болмайық, тойды жетесіне жеткізіп басқара аламыз. Ал асқа келсек, кейбіріміз үшін бұл әлі де тың дүниедей. Сол үшін бізге осы бағытта қарулануымыз артық етпейді», - деді ол.

Қанат Жұмағұл асабаларға ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Маямеров Ержан қажы Малғажиев хазіреттің бастамасымен әзірленген «Дін және дәстүр» атты еңбекті өздеріңізге тарту етті. 

Тіс қаққан асаба Бахтияр Жұмаханов өз сөзінде қандастарымыздың өзге діндер мен түрлі ағымдарға еліктеп жүргеніне алаңдаушылық білдірді. Айтуынша, басқа діннің шырмауына іліккен қазақтар да тойларына асаба шақыртатын құсайды. Әрине олар өз талаптарын қояды десе, тіпті бір асаба бізге дін мамандары дәріс оқыса, сертификат алсақ деген ұсыныс білдірді.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: