Өлім – пешенемізге жазылған шарасыздық па?

Өлім – пешенемізге жазылған шарасыздық па?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әлдебір адамның қазасынан кейін көбіне мына бір сөздерді естіп жатамыз: «Ол өлмес пе еді, егер...», «Егер сол күні үйінен шықпаса/көлігіне отырмаса/сол көшемен жүрмегенде» және т.б. Осындай сәттерде адамдар қарапайым ғана бір ақиқатты естерінен шығарып алады, өлім – алдын-ала әрбір пенденің маңдайына жазылып қойылған және адам баласы қай жолмен жүрмесін, үйінен шықсын, шықпасын, бәрірбір Алла Тағаланың белгілеген уақытында оның демі таусылады.

Жазмышқа иман келтіру исламның маңызды құраушысы болып табылады, өйткені өз тағдырын шешуде адамның мүсәпірлігін көрсетіп, әрбір нәрсенің тек Алла Тағаланың қалауымен ғана жүзеге асатындығын мойындатады.

Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан:

«Алланың бұйрығы болмайынша ешкім өлмейді, ол жазулы бір мерзім» (3:145).

Ал басқа бір аятта былай айтылған: «Қашан біреудің ажалы келсе, Алла, оны әсте кешіктірмейді және Алла, істегендеріңді толық біледі» (63:11).

Алла Тағала әрбір адамға несібе нәсіп еткен, пендесінің несібесі таусылмайынша, ол адам бақилық болмайды. Алла пендесіне несібені қандай етіп берсе, сонша ғана болады. Әр адам баласының өмірі оның пешенесіне жазылған өмір уақытына сай болады, өлім сәті кешіктірілмейді де, ұзартылмайды, дәл сол уақытында адамның соңғы демі таусылады. Міне, сондықтан тағдырға иман келтіру асыл дініміздің шарты болып табылады.

Алла Тағала былай айтқан: «Әр әлеуметтің белгілі бір мерзімі бар. Олар, сол мерзімі келген сәтте, бір дем кешікпейді де ілгерлемейді» (7:34).

Бірақ адамның өлім сәті, соңғы демінің таусылар сәті одан жасырылған, қай жерде, қашан және қалай жан тәсілім ететінін адам баласы білмейді. Міне, мұнда бәрін қамти алатын Алла Тағаланың даналығы бар. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі уақыт  – Алла Тағалаға апаратын жол, бұл жолдың ұзындығы әркімде әртүрлі, адам баласы осы жолдың ұзындығы үшін жауап бермейді, сол жол бойы не істеп, не қойғаны, яғни, осы жолды қалай жүріп өткеніне жауап береді. Өміріміздің қашан таусылатынын біз білмейміз, мұнда да Алланның даналығы мен мейірімі жатыр, әрбір келесі сәт тек Жаратушыдан.

Алла Тағала былай айтқан: «Және Ол, құлдарың үстіне өктем, Сендерге қорғаушы (періште) лар жібереді. Біреулеріңе өлім келген сәтте, періштелеріміз жанын алады әрі еш кемістік етпейді» (6:61).

Басқа аятта былай келтірілген: «Сендер қайда болсаңдар да, тіпті мықты қорғандарда (жұлдыздарда) болсаңдар да өлім жетеді...» (4:78).

Адам баласының жан тәсілім ететін уақыты мен жері, қалай қайтыс болатыны – алдын-ала Алла Тағала белгілеп қойған. Осы мәселе төңірегінде мынадай бір сауал туындауы мүмкін – адам өз тағдырының қуыршағы ғана емес пе? Әрине, жоқ, өйткені Алла Өзінің бәрін қамти алатын ілімімен бәрін де біледі. Алла Тағала келешекте не болатынын, өткенде не болғанын, біздің өміріміздегі әрбір жайтты, біздің қалай әрекет еткенімізді, қандай амал жасарымызды, қандай шешім қабылдарымызды, қай жерде қателесіп, оның қайда апаратынын – бәрін-бәрін біледі.

Құранда былай айтылған: «(Мұхаммед Ғ.С.): “Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар” де» (32:11).

Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Ақиқатында, сендер ана құрсағында қырық күн ішінде ұрық тамшысынан қалыптасып шығасыңдар. Содан кейін сонша күн ұйыған түрде және сонша күн бір жапырақ тән түрінде боласыңдар. Содан кейін оған рух үрлейтін Періште жіберіледі. Оған төрт нәрсе жазу бұйырылады: несібе, өмір мөлшері, оның істері және оның бақытты немесе бақытсыз болатындығы …»

Жоғарыда келтірілген Құран аяттары мен хадистен көріп отырғанымыздай, адам баласына өлім сәтінің нақты келер уақыты, жері және қандай жағдайда жан тәсілім ететінін алдын-ала Алла Тағала белгілеп, оның пешенесіне ол бұл жарық дүние есігін ашпай тұрып-ақ жазып қойған.

Құранда былай айтылған: «Әрине қиямет мерзімінің мәліметі Алланың қасында. Жаңбырды Ол жаудырады, Ол жатырлардағыны біледі. Ешкім ертең не істейтінін білмейді әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді. Күдіксіз Алла (Т.) толық білуші, хабар алушы» (31:34).

 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: