Тасаттур (әуретті жасыру)

Тасаттур (әуретті жасыру)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тасаттур – бұл әуретті жасыру болып табылады. Әурет – бұл еркектер мен әйелдердің басқа адамдардың алдында көрсетпеуі тиіс дене мүшелері. Тасаттурға байланысты мәселеге Құранда, хадистерде және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.), сахабаларының риуаяттарында ерекше орын бөлінген.

Қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінде: «Әй адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік-бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киімі жақсы. Солар Алланың белгілері. Әрине түсінерсіңдер. Әй адам баласы! Шайтан, ата-аналарыңның ұятты жерлерін көрсету үшін киімдерін шешіп, жаннаттан шығарған сияқты сендерге де сұмдық жасамасын. Өйткені, ол және оның сыбайластары, сендер оларды көрмеген жерден көреді. Шайтандарды иман келтірмейтіндерге дос қылды» (7:26-27), - деген аяттар бар.

Тасаттур денені бөгде көздерден жасырып және тыйым салынған тілектерге берілуден тияды. Инабаттылық пен арлылық адамды әурет жерлерін жасыруға міндеттейді. Бірақ мүміндердің әурет жерлерін жасыруының басты мақсаты — бұл Алланың әмірлерін орындауы болып табылады.

Егер Алла жаратқан әлемге зейін салып қарайтын болсақ, онда әрбір жаратылған нәрсенің оны қорғайтын жамылғысының бар екенін оңай байқауға болады: Жерде - атмосфера, ағаштарда — қабық, жануарларда - тері, жемістерде - қабықша және т.б. Егер олардың мұндай жамылғылары болмағанда, олар өмір сүру қабілетінен айырылып, өліп қалар еді. Адамның жамылғысы оның киімі болып табылады, мұнда Жаратушының үлкен даналығы жасырулы.

Жануарлар адамдар сияқты бір ауа-райы жағдайында өмір сүреді. Бірақ Алла олардың жамылғыларын дайын күйінде берген. Адамның жануарлардан айырмашылығы, ол тек өз денесін қорғау үшін ғана емес, сондай-ақ, ар-намысын сақтау үшін де білімі мен санасын қолдануы тиіс. Киім адамды сыртқы орта әсерінен қорғайды және оның әшекейі болып табылады.

Исламда әуретті жабу нормалары бар, сондай-ақ, дененің қай жерлеріне қарауға, ал қай жерлеріне қарауға болмайтындығы айтылған.

Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «(Мұхаммед Ғ.С.) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла, олардың не істегендерінен хабар алушы» (24:30)

Сондай-ақ, Құранда әйелдер туралы айтылған мынадай бір аят бар: «Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары)» (24:31).

Айша анамыз (р.а.) бір күні Әбу Бәкірдің (р.а.) қызы Асманың үстіне жұқа киім киіп Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келгенін айтқан. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) одан теріс айналып, былай айтқан: «Уа, Асма! Балиғат жасқа толған қыз мыналардан басқа ештемесін көрсетпеуі тиіс», - деп беті мен қол саусақтарын көрсеткен.  (Әбу Дәуд «Либас», 31).

Намаз оқығанда қыз-келіншектердің толықтай әурет жерлері жабық болуы қажет. Бұл жөнінде Айша анамыз (р.а.) былай айтқан: «Әурет жері жабылмаған әйелдің намазын Алла қабыл етпейді» (Ибн Маджа «Тахарат», 132; ат-Тиримизи «Салят», 160).

Мұсылман әйел беті, қолының саусақтары мен табанынан басқа денесін толықтай жабуы қажет.

Алла Елшісі, ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын, былай айтқан: «Тозақта мен әлі көрмеген адамдардың екі тобы болады (яғни, олар Пайғамбарымыздан кейін пайда болады). Олардың біреулерінің қолында сиырдың құйрығы сияқты қамшы болады, олар онымен адамдарды сабайды. Ал басқалары киінген -жалаңаш әйелдер, олар басқаларды да өздері сияқты киінуге мәжбүрлейді. Бұл әйелдердің бастары түйелердің өркештеріне ұқсас болады. Осы әйелдер Жұмаққа кірмейді, олар тіпті Жұмақтың иісін сезбейтін болады» (Мүслім, «Жәннат», 52).

Әйелдердікі сияқты еркектердің де кимдері де тым тар болмауы қажет. Тым тар  киімдер жұқа киімдерге қарағанда өте еліктіргіш болады. Мұндай киімдерді кию мәкрүһ, алайда бұл киіммен намаз оқуға тыйым салынбаған. Кең киім кию медицина жағынан да денсаулыққа пайдалы, ал тырысып тұратын киім ағзадағы қанның дұрыс айналымына кедергі келтіреді. Киімнің жұқалығы терінің түсін анықтап білуге болмайтындай болуы қажет. Жұқа киіммен намаз оқуға болмайды, өйткені ондай киім әурет жерлерді жаба алмайды.

Әйел отбасында немесе басқа әйелдердің ортасында болғанда әтірді қолдануына рұқсат етіледі. Үйден шығарда, мешітте немесе еркектердің арасында болғанда жұпар иісін қолдануға болмайды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Егер әлдебір әйел үйден шыққанда, әтірінің иісін басқалар сезсін деген ниетпен сеуіп шықса, онда бұл зина (ойнас) жасауға бірінші қадам болып табылады», - деп ескерткен.

Әйелге - еркектің, ал еркекке әйелдің киіміне ұқсас киім киюге болмайды.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай айтқан: «Алла еркектерге ұқсаған әйелдерге және әйелдерге ұқсаған еркектерге лағынет айтқан» (Әл-Бұхари, «Либас», 62; ат-Тирмизи, «Адаб», 24).

Алла Тағала еркек пен әйелді дене бітімі және рухани жағынан да бір-біріне ұқсамайтындай етіп жаратқан. Ислам еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынасқа қатаң қағида орнатып және олардың киім киісіне айырмашылық белгілеген.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: