Оларға Жұмақтан орын дайындаймын

Оларға Жұмақтан орын дайындаймын

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жақында бір кісі балалары жоқ әйелдер туралы «олар - нағыз әйелдер емес» деп айтып жатқанын құлағым шалып қалды. Бала сүю бақыты маңдайын жазылмаған әйелдер үшін мен өте қатты қынжылдым. Тақуалардың анасы Айшаның (р.а.) да баласының болмағаны бәрімізге мәлім жайт. Сонда бала көтере алмайтын әйелдерге осылай жоғарыдан қарап, тәкаппарлық танытуға бола ма? Асылында, әйел балалы бола ма, жоқ па оны Бір Алла біледі, сондай-ақ, ана құрсағына біткен жан иесінің ұл не қыз болатынын да Ол шешеді. Бәрі Бір Алланың қолындағы дүние. Тек Алланың қалауымен, кейбір әйелдер тоғыз ай, он күн бала көтеріп, ана деген аяулы атқа ие бола алмайды. Бұл жөнінде Қасиетті Құранның келесі аятында былай айтылған:  «Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. Немесе ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу қылады. Күдіксіз Ол, толық білуші, аса күшті!» (42:49-50).

Келтірілген аяттан көріп отырғанымыздай, балалы болу не балалы болмау адамның бақылауындағы дүние емес, оның ырқына көнбейді де. Егер кімде-кім бала көтере алмайтын әйелге жоғарыдан қарап, тәкаппарлық танытса, онда бұл сол адамның адами қасиеттен жұрдай екендігін және надандығын көрсетеді. Адамдардың бақылауына көнбейтін әлдебір қасиеттерге қалай жоғарыдан қарауға болады? Бұл терісінің түсі басқа адамдарға, басқа ұлттарға, олардың табиғи ерекшеліктері мен қасиеттеріне жоғарыдан қарағанмен тең болады.

Ақиқатында, бала көтере алмайтын әйелді Алла Тағала Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйікті әйелдерінің бірі Айша анамызға (р.а.) ұқсас етіп жаратқан, өйткені ол да бала көтере алмаған.

Бала сүю бақыты нәсіп етілмеген әйелдер туралы Ибн Аббас (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай айтқанын келтірген: «Менің үмбетімнен кімде-кімнің екі баласы ата-анасынан бұрын өлер болса, олар осы балалардың арқасында Жұмаққа кіреді».

Сонда Айша анамыз (р.а.): «Ал өзінен бұрын өлген бір баласы бар адамға не болады?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай жауап береді: «Осындай қайғыға сабыр еткені үшін, бұл баланың да ата-анасы Жұмаққа кіре алады».

Сонда Айша анамыз (р.а.): «Ал балалары болмаған адамдар ше?» - деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олардан бұрын мен барып, оларға Жұмақтан орын дайындаймын», - деп жауап берген екен.

 Алла жақсы біледі.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: