Исламның тыйым салуынан, рұқсат етуі басым

Исламның тыйым салуынан, рұқсат етуі басым

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жеті жаста болғанда, Исламдағы тыйымдар жөнінде дәріс алдым. Содан кейін өз ұстазыммен мынадай сұхбат орын алды:

 Менің білегімдегі жалтыраған білезікті көрген ұстазым:

– Бұл не? – деп сұрады.

– Бұл білезік, мұны маған апам сыйлаған.

– Саған зергерлік әшекейлер харам деп айтпап па едім?

– Бұл күмістен жасалған. Ұлдарға күміс тағуға болады. Апам менің туған күніме сыйлап еді.

– Туған күнді тойлау харам деп айтпап па едім?

– Біз тек Мак-Дональдске бардық.

 – Мак-Дональдстің харам екенін айтпап па едім?

 

Есейе келе мұсылмандар «тыйым» деген сөзді жиі еститін болады: мұны жасауға тыйым салынған,  мұны жеуге тыйым салынған, мұны тыңдауға, көруге тыйым салынған және т.б. Сөзсіз, өмірімізде шектеулер болу қажет, бірақ үнемі тыйым салынғандарға аса мән беретін болсақ, не болмақ?  

 

Үнемі тыйым салғандарға көңіл аудара жүріп, біз Алла Тағаламен қарым-қатынасымызды үрей мен алаңдаушылық негізінде құрамыз. Нәтижесінде, «өзін-өзі бүлдіру» ойы қалыптасады. Жазалану, тозаққа түсу қорқынышы қалыптасып, өзін кінәлі сезіну адамды қатты торықтырып жібереді де пенденің тәубеге келу құлшынысы мен Алла Тағалаға деген разылық сезімі қалмайды. Осылайша, адам дінді Алланың разылығын алу үшін емес, қорыққанынан өзін мәжбүрлі түрде ұстанатын болады. Кішігірім нәрсе үшін жазаланудан қорқып, діннің сыртқы көріністеріне ғана мән беріп, сағат сайын дәрет алып, екі-үш сағатын намазға арнайтын адамдармен жұмыс жасап көрсеңіз, олар кез-келген діни құлшылықтың басты құрастырушысы -  ниет екендігін естен шығарып алатынын байқайсыз. Олардың Аллаға құлшылық ету қуанышы емес, бойындағы қорқыныштары басым болуы себепті, кемеліне жеткізгенге дейін әрбір әрекетін бірнеше реттен қайталауға дейін баратынын көресіз. Әрине, пенденің Алладан қорқуы ақиқат нәрсе.    

 

Ислам жеңіл әрі адамға салмақ салмайтын дін, Алла Тағала біздің халімізді ауырлатуды қаламайды, керісінше, адам жан тыныштығына кенелетін анағұрлым ыңғайлы өмір салтын нәсіп еткен.

 

Ислам тек қана тыйым салулармен шектеледі әрі пышақтың қырымен жүргендей боласың және әрбір шалыс басқан қадам үшін сені жаза күтеді дейтіндерге мынадай кеңес береміз: Исламды еркіндік пен көптеген мүмкіндіктер  діні деп қарастырыңыздар. Харамнан басқаның бәрі – халал әрі рұқсат етілген. Ислам тек қана ұйғарымдар, тәртіп пен шектеулер діні емес. Рұқсат етілгендерге, көптеген нығметтерге және Алла Тағаланың сыйына көңіл қою керек. Негізінде, Исламның тыйым салғаннан гөрі, рұқсат беруі көп. Осыны жете түсінсеңіз, тыйым салынғанның да сізге қайырлы екенін ұғынасыз, өйткені харам сізге тек зиянын тигізеді. Ойланып көріңізші: бір тәулікте 24 сағат бар. Шамамен 25-30 минутты біз намазға арнаймыз, яғни, күннің 1,7% намазға кетеді. Бұл сіз үшін көп пе? Ал бір жылда 12 ай бар, соның бір айы ғана мүміндердің ораза ұстауына арналған. Тіпті ораза ұстап жүрсек те күн батқан соң ішіп-жеуімізге рұқсат етілген. Бұл көп пе? Мал-мүлкіміздің тек 2,5% ғана мұқтаж жандарға садақа етеміз, ал қалғаны пенденің өзіне тиесілі. Бұл сіз үшін аз ба? Қаражатымыз да, күш-қуатымыз да бола тұра Алла Тағала бізді өмірімізде бір рет қана қасиетті жерге барып қажылық парызымызды өтеуге шақырады. Жылына бір рет емес, он жылда бір рет емес, өміріңізде бір рет! Бұл көп пе?

 

Біз қалағанымыздың бәрін ішіп-жей аламыз, тек келесі азық-түліктерден басқа: ішімдік, шошқа еті, жыртқыш аңдардың еті және т.б. Басқалардың бәріне – рұқсат етілген. Бұл аз ба? Бұл айтылғандардың бәрі Исламның рұқсат беруші дін екенін дәлелдейтін аз ғана бөлігі. Ислам адамға қажеттінің бәрін ұсынады, Исламның сізге не ұсынғанына назар аударыңыз. Алла Тағаланың бізге берген күллі сыйы мен нығметтері туралы ойланып көріңізші...

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: