Мұсылмандар жеңілмейді

Мұсылмандар жеңілмейді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамдардың жасайтын қателіктерінің кеңінен таралған бір түрі – олар кішігірім ауыртпашылыққа тап болса, бірден торығып, стресске түседі. Мұндай жағдайда адамдардың көпшілігі бұл қиындықтан шығудың жолдарын ойламай, салы суға кетіп, үмітсіздікке салынады.  Дегенмен, жағдайдың ауыртпалығы, қаражаттың аздығына қарамастан, адамды «Алла Тағаланың мейіріміне бөлену» деген үлкен үміт үнемі алға жетелеп отыру керек.

 

Қасиетті Құранда Алла Тағала Оған сенім артқан адамның кез-келген жағдайда үмітін үзбейтіндігін айтқан:  «Әй ұлдарым! Барыңдар да Юсыпты және туысын іздестіріңдер! Сондай-ақ Алланың мәрхаметінен күдер үзбеңдер. Өйткені, Алланың рахметінен, қарсы болған қауым ғана күдер үзеді» («Юсуф» сүресі, 87-аят).

 

Мұсылман қандай жағдайға душар болса да үмітін үзбеуі керек. Бұл Алланың мүміндерге берген ұйғарымы.

Алланың мейірімі бәрін қамтиды. Ислам діні адамның өмірін ауырлатып, оны торықтырып, күнәсі үшін жазалауды қарастырмайды, керісінше, адам өмірін жеңілдетуді, оның үнемі өзімен жұмыс жасауын, түзелуін, өзін-өзі жетілдіру жағын көздейді. Пенденің күнәсі мен сынақтары оны иман келтірмегендерден етпейді, оның иманы сол басына түскен сынақтарды қалай көтеріп, қалай әрекет еткеніне байланысты болмақ. Исламның ерекшелігі де осында: ол адам үшін, оның болмысын түсінеді әрі қиындықтан шығу жолдарының шешімін оның өзіне қалдырады.

  

Басымызға бір ауыртпалық түсер болса, бірден біз мүмкін болар жаман салдарын ойлап кетеміз де «қап», «өкінішке орай» деп өкіне бастаймыз. Бәлкім, өмірдің қиыншылықтарына әрбір адам осындай көзқараста болар, бірақ бұлай ойлаудың зиянды екеніне ой жүгіртіп жатпаймыз, қиыншылықтарға төтеп берудің маңызды екенін түсіне бермейміз.

 

Алла Тағаланың ұйғарымы бойынша өмір сүру адам баласы үшін анағұрлым жеңіл. Алла шексіз даналыққа, әділдікке, аяушылық пен мейірімге ие дегенді жете түсіну мүміннің өзіне қайырлы болмақ. Алла Тағаланың қалауынсыз ештеңе де болмайды. Алла нені қаласа, соны қалаған кезінде жарата алатын ұлы күшке ие.

 

Қасиетті Құранда былай айтылған: «(Мұхаммед Ғ.С.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді» («Бақара» сүресі, 186-аят).

 

Құранда Алла Тағала мүмін кез-келген нәрсені Одан сұрай алады деп айтқан. Алланың құдіреттілігі мен мейірімділігін жете түсіне білген адам ешқашан қандай жағдайда болмасын үмітін үзбейді. Алла Тағаланың ұйғарымын орындау мүмін үшін қайырлы, әрі оған береке әкеледі. Адам үшін мұңайып  жүргеннен гөрі, позитивті ойда болғаны абзал. Кімде-кім Алланың бұйырғандарын орындап, үмітін үзбесе, сол адам тыныштық пен үйлесімдікте өмір сүреді де,  уайым-қайғы оның жан тыныштығын бұза алмайды. Алла Тағалаға деген ризашылықты білдіру – үміт үзбеу және шүкіршілік арқылы жүзеге асады. Ал үміт үзу немесе қайғыға салыну арқылы біз Алланың құдіретінің шексіздігі мен Оның әр нәрсеге қуаты жететіндігі туралы ойлаудан алшықтап кетеріміз анық.  

 

Алла Тағала айтқан: «Қашан адам баласына бір жақсылық татырсақ; сонда ол, оған мәз болады да егер өздерінің қолекі істегендерінің салдарынан бір жамандық келсе, сонда олар күдер үзеді» («Рум»сүресі, 36-аят). Қиындықтар, ауырлық пен сынақтар әркімнің де басынан өтетін жайт. Болып жатқан жағдайға адамдардың қалай әрекет ететініне байланысты олар ерекшеленеді. Біреулер тіпті ең жаман деген жағдайдың өзінен қайыр көріп, сабырлық танытып, Аллаға сиынады, мұны бұл қашып құтылмайтын болуы керек нәрсе сияқты қараса, ал енді біреулер үмітсіздікке беріліп, болған істің мың себебін іздей бастайды. Мұндай адамдар қолында бардың бәрі Алланың пендесіне деген мейірімділігінің арқасында болып жатыр деп ойламайды, керісінше бәрін өзім жасап жатырмын дейтіндер де бар.   Бұл туралы Құранда: «...Раббың жетекшілік және көмекшілікте саған жетіп, асады» («Фурқан» сүресі, 31-аят).

 

Алла Тағала әрбір іске қайыр берген. Басына түскен ауртпашылықтан адам өз еркімен, өз күшімен шыға алмайды, тек Аллаға деген сенім, жүрегіндегі иманның күштілігінің арқасында ғана қиыншылықты жеңе алады. Адамдар болмысы жағынан өте әлсіз әрі Аллаға сенім артпайынша, ол мықты бола алмайды. Алланың жаратқан пенделері біздер Аллаға әркез мұқтажбыз. Қиындықтарды шешу,  ауыртпашылықтан  шығу жолдары мен жан тыныштығына кенелу, осының бәрі Бір Алланың қолында және сол жолға Жаратушы көрсеткен жолдар арқылы ғана шыға аламыз. Алла жақсы біледі.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: