Пайғамбарымыздың (ﷺ) ата-анасын Алла тірілтіп, мұсылман етуі

Пайғамбарымыздың (ﷺ) ата-анасын Алла тірілтіп, мұсылман етуі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Елшісі (ﷺ) Меккеде біраз болған соң, он екі мың адаммен Хунейнге жорыққа аттануға жиналады. Он екі мың адамның он мыңы - мединеліктер болса, екі мыңы - меккеліктер болған. 

Алла Тағала олардың жолын ашпағандықтан, олар Рамазан айынан Шәууәл айына дейін Меккеде қалуға мәжбүр болады.

Мүшріктердің үлкені Мәлик бин Авф достарына былай айтады:

- Бүгін сендер төрт мың адамсыңдар, төрт жасаққа бөлініңдер де мұсылмандарды көргенде, төрт жақтан шабуыл жасаңдар.

Екі жақтың әскерлері кезігіп қалғанда, иман келтірмегендер мұсылмандарға бірден тарпа бас салып отырған. Сол күні аяусыз шайқас болып, соның салдарынан көптеген ададар қаза болады. Пайғамбарымыздың (ﷺ) қасында тек Аббас, Әбу Суфьян және бірнеше ансарлар ғана қалады. Басқалардың бәрі қашып кетеді.

Шейба есімді адамның Алла Елшісінің (ﷺ) жалғыз қалғандығын көріп, өзіне былай айтқандығы келтірілген:

- Мен қазір Мұхаммедті өлтіремін.

Мұны түсініп қойған Алла Елшісі (ﷺ) өзінің кеудесін қолымен ұрып:

- Әй, Шейба! Сенен Алладан қорғаныш іздеймін, - деп айғай салады.

Бұл сөзді естіген Шейбаның жүрегінде титтей де күпірлік қалмай, Пайғамбарымызды (ﷺ) жақсы көріп кетеді. Содан кейін Алла Елшісі (ﷺ) ақ қашырдан түсіп, жерден бір уыс топырақты алып, иман келтірмегендердің үстіне шашып жібереді. Үрейленген мүшріктер тығылып қалады. Ал олардың арасындағы үлкені Мәлик бин Авф Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп, мұсылман болған екен. Осы жайттан соң Алла Тағала мына бір аятты түсірген:

«Расында Алла, сендерге көп жерлерде нұсрат берді. Сондай-ақ Хұнайын күні де сендерге нұсрат берді. Сол уақытта көптіктеріңе мәз болған едіңдер. Сонда ол, сендерге түк пайда бермеді. Сондай-ақ кең бола тұра жер, сендерге тар келді. Сонан соң бет бұрып қайта қаштыңдар» (9:25).

Содан кейін бай олжамен Пайғамбарымыз (ﷺ) Мединеге оралады. Куртубидің тәпсірінде Әбу Бәкір Ахмад бин Әли Әл-Хатийб пен Әбу Хауса Омар бин Шахиннің келесі сөздері келтірілген:

- Мәртебелі Айша анамыз (ол кісіге Алла разы болсын): «Қажылықпен қоштасу кезінде Пайғамбарымыз (ﷺ) Хаджунге келіп, түйесінен түсе сала жылап жіберді. Оған қослып мен де жыладым. Сосын біршама уақыт ол бір жаққа кетіп қалып, қайтадан келгенде күлімсіреп, көңілденіп келді. Мен одан:

- Уа, Алла Елшісі! Менің ата-анам сенің құрбаның болсын. Кеткенде жылап кетіп, келгенде көңілденіп келгеніңнің мәнісі не? - деп сұрадым. Сонда ол (ﷺ):

- Анамды ойлап жыладым, сосын дұға айттым. Міне, Алла анамды тірілтіп, ол менің дінімді қабылдап, қайтадан ақирет әлеміне кетті. Сол себепті мен қуандым, - деп жауап береді.

Куртуби былай келтірген:

- Меккеден Мединеге келер жолда Пайғамбарымыз (ﷺ) әкесінің қабірін зиярат етіп, оны Ислам дінін қабылдауға үндейді. Алла Тағала оның әкесін тірілтіп, ол да иманға ие болып, қайтадан ғайып болған. Сондай-ақ, оның ағасының да біраз уақытқа тіріліп, иман келтіргендерден болғанын естідім.

Кейбір тарихшылар бұл мәліметтердің сенімсіз екендігін айтуда, алайда Имам Куртубидің өтірік айтпайтындығын естен шығармау қажет. Және де әлемдерге мейірім ретінде жіберілген Алла Елшісінің (ﷺ) ата-анасы мүміндерден болуға лайық.

Әнас Алла Елшісіне (ﷺ) бір адамның келіп: «Сенің әкең мен менің әкем қазір қайда?» - деп сұрағандығын келтірген. Сонда Алла Елшісі (ﷺ):

- Ол екеуі де Тозақта, - деп жауап берген.

Ендеше, Алла Елшісі (ﷺ) әкесінің иман келтіргендігі қайда? - деген сұрақ туындайды. Бұған жауап мынадай болады:

- Пайғамбарымыздың (ﷺ) бұл сөздерінде таңғаларлық ештеме жоқ. Мүмкін, осыдан кейін ол Алладан сұрап анасын тірілттірген шығар. Анасы біраз уақытқа тіріліп, Исламды қабылдап, қайтадан о дүниеге аттанған шығар. Көптеген пайғамбарлар өлілерді тірілткен болатын. Ілияс пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) өлген Юнусты (ол кісіге Алланың сәлемі болсын), ал Ғиса пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) бес адамды тірілткен болатын. Ал хазірет Мұхаммед Мұстафаның бұл пайғамбарлардан дәрежесі анағұрлым жоғары. Адамзаттың ардақтысы, пайғамбарлардың сұлтаны Мұхаммедтің (ﷺ) ата-анасын Алла Тағала кәпірлермен бірге Тозаққа тастады деп ойлау мүлде көкейге қонбайтын дүние.

Алланың қалауымен, қасиетті Елшінің әрі ұлы Пайғамбардың (ﷺ) бұл дүниеге келуімен күллі адамзат баласына тек Құран ғана түсіріліп қоймай, сонымен қатар, көптеген ғажайыптар, әсіресе, хижрадан соң орын алған болатын. Егер алдыңғы пайғамбарлар бірнеше ғажайыптарды көрсетсе, біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) үш мың ғажайыпты көрсеткен. Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) жер бетіне отыз мың мәрте түскен, соның жиырма жеті ретінде мәртебелі Пайғамбарымызға (ﷺ), ал қалған үш мың ретінде басқа пайғамбарларға (оларға Алланың сәлемі болсын) келген болатын.

 "Әнуарул-ашиқын" кітабынан.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: