Бүгін Тараз қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен "Көне қолжазбалар мен ескі кітаптар - Дәстүрлі Ислам құндылығы" атты ғылыми семинар өтті.
Оған еліміздің жетекші дінтанушылары, шығыстанушылар, архив және музей қызметкерлері, сондай-ақ дін саласының өкілдері, журналистер қатысты.
Атап айтсақ, ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төреәлі Қадір, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінің директоры Ләззат Қожаханова, архив бөлімінің басшысы Сағындық Зейнуллаұлы, “Тараз қаласы мемлекеттік архивінің” директоры Нұрхат Тірібосынұлы Серікбаев, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиұлы Қалиев, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ілияс Рысбекұлы Сейітжан және архив, музей саласының өкілдері, сондай-ақ БАҚ қызметкерлері мен теология, әдебиет, тарих бағытындағы мамандар қатысты.
Семинар барысында қазақ жеріне жеткен исламдық қолжазбалардың тарихи-мәдени маңызы, рухани мұралардың сақталуы және ұрпақ санасына жеткізілу жолдары талқыланды. Оған қосымша, арнайы көрме де ұйымдастырылып, сирек кездесетін көне кітаптар мен қолжазбалар қонақ назарына ұсынылды.
Тарихи дереккөздерден алынған мұраларды қазіргі заманға сай зерттеу, сақтау және жариялау жұмысындағы маңызды бағыттарды ортаға салды.
Семинардың ашылуында Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төреәлі Қыдыр сөз сөйлеп, институт жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды:
«Біздің мақсатымыз – халқымыздың рухани мұрасына айналған көне жазбаларды ғылыми тұрғыда зерделеп, заманауи оқырманға жеткізу. Бұл — болашақ ұрпақтың тарихи-рухани жады үшін аса маңызды іс», – деді ол.
Сонымен бірге Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы өзінің баяндамасында өңірлерде діни сауаттылықты арттыру жолында көне мұраларды таныстырудың маңыздылығын атап өтті:
«Киелі Жамбыл жері — тарихқа бай мекен. Осы өңірден табылған қолжазбалар мен көне деректердің жастарға дұрыс түсіндіріліп, насихатталуы — рухани тәрбие ісінің негізі», – деді бас имам.
Семинар соңында қатысушылар ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру, қолжазбаларды цифрландыру, оларды зерттеу-талдау жұмыстарын бірлесе атқару туралы ұсыныстарын білдірді.
Шара ұйымдастырушы "Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жапек:
"Бұл семинардың мақсаты – Ислам ғылымындағы көне жазба мұралардың мәнін тереңірек танып, рухани-танымдық байлығымызды келер ұрпаққа жеткізу. Бабаларымыз қалдырған әрбір қолжазба – халқымыздың тарихи жады мен діни білімінің айғағы. Сол асыл мұраларды ғылыми тұрғыда зерттеп, заманауи форматта жаңғырту – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті," — деді өз сөзінде.
Семинарға қатысушылар келешекте:
• Исламдық қолжазбаларды жүйелі түрде цифрландыру;
• Оларды ғылыми айналымға енгізу;
• Жас ұрпаққа тарихи білім берудің тиімді жолдарын қарастыру;
• Ортақ ғылыми жобалар арқылы ынтымақтастықты нығайту сияқты бағыттарда бірлесіп жұмыс істеу туралы ортақ пікірге келді.
Бұл бастама – еліміздің рухани құндылықтарын жандандырып, келешек ұрпаққа жеткізуде маңызды үлес қоспақ.
Ақерке Шахризатқызы
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі



12 Ноябрь 2025
21 Джумада-авваль 1447

