Мешіт қызметкерлерінің білімін арттыру әрі діни сауаттылығын жетілдіру мақсатында имамдарға арналған семинар ұйымдастырылды. Семинар барысында арнайы «Дін мен дәстүр – 3» кітабы негізінде дәріс жүргізіліп, ондағы құнды мәліметтер имам-молдаларға кеңінен түсіндірілді.
Шара барысында Меркі ауданы бойынша «Дін мен дәстүр» бағытына жауапты ұстаз Еламан Бақытханұлы дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығы, қоғамдағы рөлі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастарды тәрбиелеудегі орны жайлы жан-жақты әңгіме қозғады. Сондай-ақ имам-молдаларға қазақ халқының салт-дәстүрі мен Ислам құндылықтарының үйлесімділігі жөнінде нақты мысалдар келтірілді.
Семинар соңында имамдар өз пікірлерімен бөлісіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып тұщымды жауаптарын алды.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі