Қасиетті Рамазан айының қарсаңында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен "Қош келдің, Рамазан!" атты рухани кеш өтті. Кешке 200-ге жуық қыз-келіншек пен ақ жаулықты әжелер қатысты. Іс-шараны облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имам Ғалымбек Жапек Құран оқумен ашты. Ол жиналған жамағатты қасиетті айдың келуімен құттықтап, Рамазанның берекесі мен рухани маңызы жайлы баяндады.
Сектор жетекшісі Жазира Иманалиева мен "Кеңесхан қажы" мешітінің ұстазы Зейнеп Үсенова Рамазан айының қадір-қасиеті, оразаның рухани әрі физикалық тұрғыдағы пайдасы туралы тағылымды насихат айтты. Сондай-ақ, жиналған қауымға осы айда мейірімділік пен кешірімділікті арттырып, сауапты амалдар жасауға шақырды. Кеш барысында қатысушылар арасында танымдық сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, "Тәубе" тақырыбында әсерлі қойылым қойылып, жүректерге ой салды. Жиын соңында барша жамағат салауат айтып, дұға жасады.
Бұл кеш – Рамазанға рухани дайындық жасауға бағытталған тағылымды басқосу болды. Қасиетті айдың қарсаңында ұйымдастырылған мұндай игі іс-шаралар көпшілікті ізгілікке, мейірім мен сабырлыққа жетелейді.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі