Жамбыл облысына қарасты ауыл имамдары биылғы аттестациядан өту үшін біліктіліктерін жетілдіру жұмыстарын бастап кетті. Бұл мақсатта "Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жапек дін қызметкерлерінің құжаттарын тексеріп, рәсімдеу жұмыстарын пысықтады.
Аттестацияға дайындық аясында имамдар медреседе 1 апта бойы білімдерін жетілдіріп, тәжірибелерін шыңдады. Оларға арнайы дайындық сабақтары өткізіліп, діни білім деңгейін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, облыс бойынша 12 имам-молда Астана қаласына жол тартты.
Бұл сапардың басты мақсаты – білімдерін сынап көру және өз дайындықтарын пысықтау. Имамдарды аттестациялау жұмыстары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Дін істері және талдау бөлімі мен Аттестациялау комиссиясының ұйымдастыруымен жүзеге асырылады. Дін қызметкерлерін кәсіби тұрғыда дамытуға бағытталған бұл іс-шара олардың діни сауатын арттырып, қоғам алдындағы жауапкершіліктерін одан әрі нығайтуға септігін тигізбек.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі