Алла жүрегіне иман нұрын дарытқан жанның өмірі түбегейлі өзгерері анық. Мұндай рухани жаңғыруды Анастасия есімді бойжеткен басынан өткерді. Ол Алланы іздеп, ислам дінін жүрегіне жақын тұтты. Бұған дейін христиан дәстүрінде тәрбиеленген Анастасия мұсылман боламын деген ниетпен мешітке барып, ұстазбен жүздесті.
"Кеңесхан қажы" мешітінің ұстазы Зейнеп Үсенова мен шәкірттері Анастасияны жылы қабылдап, исламның асыл құндылықтарын түсіндірді. Жүрегіндегі сенімді нығайта отырып, кәлима-шахаданы айтуына көмектесті. Осылайша Анастасия өз есімін Алиана деп өзгертіп, ислам дінін қабылдады.
Алиананың бұл қадамына достарымен араласуы мен мешіт шәкірттерінің қолдауы себеп болды. Ұстаз Зейнеп Үсенованың ұйытқы болуымен жамағат Алианаға мұсылман киімдерін сатып алуға қаржылай сыйлық сыйлап, дүкен иесі де арнайы сертификат тарту етті.
Қазір Алиана діни кітаптарды мешіттен алып, иманын нығайтып жүр. Жамағат жаңа мұсылман әпкелерін құттықтап, "ортамызға қош келдің" деп ыстық ықыластарын білдірді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі