Жамбыл облысы «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Абдіқадыр Давидұлы Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітініде ауыл имам-молдаларына «Пәтуа берудің жауапкершілігі» тақырыбында семинар өткізді.
Абдіқадір Давидұлы семинарда барысында: «Мұсылман адам өзінің күнделікті өмірінде қажет болатын діни үкімдерді үйренуі уәжіп. Бірақ, діни сауалдарға әркім дұрыс жауап бере бермейді. «Өзім біліп істей берейін» десе, қателікке соқтығуы мүмкін. Ал, сауалға шешім таппаса, тағы болмайды. Сонда не істеу керек?
«Біреу білмегенді біреу білер» дейді халық. Ал, діни мәселені шешуге ілімі жетпейтін жандарға Алла Тағала: «Егер білмесеңдер, онда білетіндерден сұраңдар!», – деп әмір етеді. Басқа бір аяттарда: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?!», «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады», – делінген.
Білу үшін сұрау керек. Бабаларымыз «Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен болмаса, кішіден сұра!» деп ақыл айтады. Бірақ, әркім ғалым бола бермейді және әркімнің ғалым болуы да талап етілмейді. Көптің оқымысты немесе ғұлама болатындай мүмкіншілігі де жоқ. Бұл тұралы имам Ғазали «Мұстасфә» аты кітабында: «Барлық мұсылмандар шариғат үкімдерін орындауға міндеттелген. Алайда, олардан ғылыми ізденіспен айналысуды талап ету дұрыс емес. Егер солай етілсе, онда егін егу, өнеркәсіппен шұғылдану және жас ұрпақты тәрбиелеу ісі тоқтап қалар еді. Діни сауаты жоқ кісілердің білмегенін ғалымдардан сұрауы және олардың артынан еруі уәжіп», – деп айтады», - деді.