Жамбыл облысы Байзақ ауданы Байзақ ауылдық «Тілеш қажы» мешітінде аудан бас имамы Қанат Әділханұлы I аймақ имам-молдаларына «Ислам және отбасы құндылықтары» тақырыбында семинар өткізді.
Семинарда Қанат Әділханұлы: «Отбасылық құндылықтар – қоғамдағы құндылықтардың ең бір шоқтығы биігі. Отбасы шағын меклекет, сол шағын мемлекеттегі тәрбие оңалмай, қоғамның реттелмейтіні анық. Отбасы қарым-қатынастарының тұтас қоғамға әсер ететіндігі баршаға мәлім. Егер отбасы тату болса, қоғамда да тұрақтылық орнайды. Отбасында ынтымақ болса, қоғамда да бірлік пен тыныштық салтанат құрады. Отбасы мәселесі сол қоғамға айырықша әсер етеді. Иманды, ибалы, парасатты ұрпақ, міне нағыз байлық осы. Әрбір отбасы ізгілікке жүгінсе, барлығы аңсайтын, жылылық пен мейірім тұнып тұратын, қиын-қыстау кезде де әйелі азаматын сыйлайтын, құрметтейтін отбасылар көбейетініне сенімдіміз. Отбасындағы бақыттың баянды болуы үшін, парыз бен қарыздың, дәстүрдің, адалдық пен арамдықтың салмағын білетін ұрпақ тәрбиелеу маңызы өте жоғары. Сонда ғана біз ынтымақты, ырысты ел бола аламыз. Қазақ халқында отбасылық қарым-қатынасты нығайтуда, бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтар мен діннің рөліне айрықша мән берген», - деді.