Биыл дәстүрлі «Имани жаз – 2024» жазғы діни сауат ашу курсы республика бойынша 10 маусым күні басталған болатын. Аталған курс Жамбыл облысы бойынша қалалық, аудандық орталық және бірнеше ауылдық мешіттерде шәкірттер қабылдап, жұмысын жүргізді. Еске салар болсақ, сауат ашу курстарында ҚМДБ тарапынан әзірленген «Имандылық әліппесі» кітабы негізінде білім берілді. Бүгін Жамбыл облыстық “Һибатулла Тарази” мешіті жанындағы жазғы діни сауат ашу курсы өз мәресіне жетті.
Орталық мешітте ұл-қыздардан жалпы 6 топ 150 шәкірт тәлім алды. Шәкірттерге мешіт ұстаздары мен педагогикалық іс-тәжірибеден өтуші студенттер дәріс жүргізді. Сабақтың соңғы күні ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев оқушыларға насихатын айтып, білім алуда әркес шаршамауын үгіт етті. Әр топ естелік суретке түсіп, шәкірттердің ата-анасына алғыс хат табысталды.
Сондай-ақ бүгін Жамбыл облысы бойынша 50-ден астам мешітте жазғы сауат ашу курсының 1-ші легі аяқталды. Облыс бойынша курсқа 1300-ге жуық бала қатысты.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі