Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Аққия ауылдық «Аққия» мешітінің жамағатымен кездесіп, «Исламда терең ойланудың (тәфәккүрдің) мән-мағынасы мен орны» тақырыбында насихат айтып жұма намазын жүргізді.
Қанат Әділханұлы насихатында: «Ислам дінінде ақылдың, терең ойланудың маңызы өте зор. Оны тәфәккүр деп атайды. Ал шариғатта «тәфәккүр» деп Алла Тағаланың әлемді жаратқан жаратылыстарына терең ой жүгіртіп, ғибрат алуын айтады.
Хакім Абай:
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой!
Бес асыл іс көнсеңіз, – деп, «терең ойды» бес асыл істің қатарына жатқызғаны тегін емес. Аталмыш қасиеттердің қай-қайсысын алып қарасақ та исламның рухымен астасып жатқандығын көреміз. Ислам діні еңбекке, алға талпынуға, қанағат пен мейірімге және терең ойға шақырады. Соның ішінде тәфәккүр, яғни ой жүгіртудің орны бөлек», - деді.