Тұрар Рысқұлов ауданы Қорағаты ауылы «Қорағаты» мешітіне Жамбыл ауданының бас имамы Дәурен Нұржанұлы келіп, «Жат ағым жарға жығады» тақырыбында уағыз-насихат жасады. Уағызға Қорағаты мешітінің жамағаты қатысып, діни біліммен сусындап қайтты.
Дәурен имам жат ағым өкілдерінің кейбір сипаттарына тоқталып: «Ата-бабамыздың сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінін жоққа шығару, салтымыз бен ғұрпымызды мойындамау – жат ағым өкілдерінің бойында кездесетін жағымсыз әдет. Олар салт-дәстүрімізді «бидғат» (дінге кейіннен енгізілген жаңалық) деп таниды. Ал расында Ислам әлемдік дін болғандықтан, ол адамзат қауымына ақиқатты танытып, әрбір ұлт пен ұлысқа өзінің салт-дәстүрін сақтай отырып, ізгілік жолымен жүруді насихаттайды.
Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араб халқының Исламға дейінгі дәуірдегі шариғатқа қайшы келмеген әдет-ғұрыптарының сол қалпында қолданылуына тыйым салмады. Тіпті Ханафи мәзһабында шариғат ережесіне сай келген ғұрып шариғи дәлел ретінде қарастырылады. Ғалымдарымыз бұған қатысты қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 199-аятындағы: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деген аятты алға тартты.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі