Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Сухамбай ауылдық округінің мәдениет үйінде Жақаш ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында «Дін мен дәстүрдің ара-қатынасы» тақырыбында ауыл тұрғындарына насихат айтып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Қанат Әділханұлы насихатында: «Дін – кез келген жеке адам, қоғам, ұлт өміріндегі ең маңызды фактор. Дін, сенім болмаса, үлгілі мәдениет құру да мүмкін емес. Тарихта дінге немқұрайды қараған мемлекеттер қанша алып болса да, ұзақ салтанат құра алмаған. Ал бүкіл адамзат тарихында Ислам дінінің алар орны ерекше. Оның ғылым мен білім, мәдениет пен өркениеттің сарқылмас кәусар бұлағы екендігін әлем әлдеқашан мойындаған. Мың жылдан астам уақыттан бері ата-бабаларымыз осы Ислам дінін ұстанып, жоғары бағалап келеді. Ислам – адам баласына айналадағы жанды-жансыз барлық жаратылысқа қамқорлықпен, жанашырлықпен қарап, оларды заңды жолдармен және белгіленген мөлшерде пайдалануды әмір ететін дін. Демек, ол тек адамдар арасындағы емес, бүкіл жаратылыс арасындағы ғажайып үйлесімділік пен үндестік негізінде құрылған», - деді.