Жамбыл облысы Байзақ ауданы Базарбай ауылдық «Базарбай» мешітінің имамы Ербол Қасқырұлы «Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының Байзақ ауданындағы №8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жас спортшыларымен жүздесті.
Ербол Қасқырұлы: «Ислам діні өз қоғамын қуатты да айбынды болуы үшін, спортқа ерекше көңіл аударып, онымен айналысуға шақырады. Қасиетті Құранның 42 жерінде «қуат» сөзі кездеседі. Әбу Һурайра жеткізген хадис-шәріпте хазреті пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы мәселеге байланысты: «Екеуінде де өз қайыры болса да, қуатты мүмін Аллаға, әлсіз мүміннен жақынырақ және сүйіктірек», – деген (Имам Мүслім).
Басқа бір хадисте пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сенің Раббыңның сенде ақысы бар, сенің денеңнің сенде ақысы бар, сенің отбасыңның сенде ақысы бар және сенің қонағыңның сенде ақысы бар, сол үшін сен ақысы барлардың ақысын бер», – дейді (Имам Әл-Бұхари, имам Мүслім). Демек, спорт – ағзамыздың ақысы. Ол денемізді шынықтыру арқылы өтелмек», - деді.