Меркі ауданына қарасты барлық мешіт қызметкерлері қасиетті жұма күні «Зират және зиярат мәдениеті мен әдебі» тақырыбында уағыз-насихат жүргізді.
Аудан имамдары: «Қабірді зиярат етіп, марқұмдарға дұға етудің, ақыретті әркез еске алып жүрудің мүмин адамға тигізер пайдасы көп. Өмірдің жалғандығын ойлау арқылы, адам баласы бұл қысқа ғұмырында әр адамның қадірін біліп, олармен сыйласуға тырысып, барынша жақсылық істер жасап қалуға қамданады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ол қайсыбірің көркем ізгі іс жасайтындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», – деп, біздерді қайтатын күніміз жайында ойлануға шақырған», - деп мұсылман адамға әркез ақыретін ұмытпай, өткендер үшін дұға жасап жүруді естен шығармауға шақырды.
Алла Тағала баршамызды ізгі амалдар жасауда тұрақты етіп, бүгінгі қасиетті жұма күнгі дұға-тілектеріміз қабыл алғай. Елімізге амандық, жұртымызға береке бергей!
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі