Әлемдердің раббысы Алла тағалаға сансыз мадақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Кішіпейіл болу дегеніміз – өзімізді қарапайым етіп көрсетуіміз. Кішіпейілділік адамдар арасында адамгершілікке, махаббатқа, сүйіспеншілікке шақыратын, сонымен бірге жанның тазалығына нұсқайтын мақтаулы сипат.
Алла таға құранда былай дейді:
«Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілділікпен жүреді».
Бірде сахаба Әнәс кішкене екі бүлдіршіннің қастарынан өтіп бара жатып, олармен амандасып: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осылай істейтін еді» - деді. Бұл хадистен пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүлдіршіндерге де кішіпейіл болғанын байқаймыз.
Сонымен қатар, пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Үлкендерімізге құрмет, кішілерімізге мейірім көрсетпеген бізден емес!» - деу арқылы үлкендерден бөлек кішілерге мейірім танытпағандарға қатаң ескертеді. Демек, кішілерге мейірімділік таныту кішіпейілдікке жетелейтін сипат екенін аңғаруға болады. Тіпті Алланың өзі құлдарына кішіпейіл болуға нұсқайды. Оны біз пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисінен көреміз: Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында Алла маған бір-біріңе мақтанбауға, бір-біріңе жәбір көрсетпеуге, кішіпейіл болуларыңа насихаттап уахи етті» - дейді. Аталмыш хадистерден үлкендерге құрмет көрсетпеу, өзара мақтану, жәбір көрсету сынды жағымсыз сипаттардан ада болу керектігін ұғамыз.
Кішіпейілділік турасында асыл дініміздің ұлы тұлғалары да сөз өрбітіп кеткен. Солардың бірін тілге тиек етсек, әділетті төрт халифаның бірі болған Әбу Тәліптің ұлы Әли (Алла оған разы болсын): «Кісінің мәртебесі –кішіпейілігінде» - дейді. Фудойл деген ғалым (Алла оны рахымына алсын) кішіпейілділік жайында сұралған кезде: «Кішіпейілдік ақиқатқа бойұсынуың, оған еруің, ақиқатты кішкентай бала айтса да, тіпті адамдардың ең наданы айтса да, оны қабыл етуің» - деп жауап берген екен.
Асыл бабаларымыздан да кішіпейілділік турасында сөздер артылған емес. Дана халқымыздың: «Ұлық болсаң - кішік бол» деген сөзін ел ауызынан көп естиміз. Махмұд Қашқари (Алла оны рахымына алсын) бабамыз: «Кісілік пен кішілік – ұлылықтың белгісі» - десе, Хәкім Абай атамыз (Алла оны рахымына алсын): «Жасанды кішіпейілдік – жақсы қасиет емес» - деп әрбір істе шынайы болуды өсиет етеді. Бабаларымыздың осындай нақыл сөздерінен олардың асыл дініміздің қайнар көздерінен сусындағандарын аңғаруға болады.
Ертеде мұсылмандардың патшасы болған Һарун Рашидке атақты Имам Мәлік Мәдина қаласындағы пайғамбар мешітінде дәріс беріп жатқаны туралы хабар жетеді. Сөйтіп ол Имам Мәлікке «Біз Мәдинаның маңайындағы елді мекенге түстік, бізге кел! Дәрісіңді тыңдайық!» - деп хабаршы жібереді. Имам Мәлік Һарун Рашидтің ұсынысынан бас тартып: «Білім ешкімнің алдына келмейді, білімге бет алып келу керек» - дейді. Соңынан «Егер мешітке кешігіп келетін болсаң, адамдардың мойындарынан аттап өтуге саған ешқашан мұрсат бермеймін» деп жауап қайтарады. Һарунның өзі мешіттен Әнәсұлы Мәліктің дәрісін тыңдауды жөн көріп барса, мешіт лық толы екен. Имам Мәліктің сөзін ескеріп, күзетшілерінің бірі қойған жерден биік болған орындыққа отырады. Оның бұл ісін байқап отырған Имам Мәлік бұл ісін жақтыртпайды. Сөйтіп ол «намаздың парыздары» жайында болып жатқан дәрісін «Аллаға деген кішіпейілділік» тақырыбына өзгертеді. Сосын Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қайсы бір адам Алла үшін кішіпейілділік танытса, Алла оның дәрежесін көтереді. Ал енді қайсы бір адам тәкаппарлық танытса, Алла оны төмендетеді» - деген хадисін айтады. Сол мезетте Һарун орындықты мешіттің сыртына тастап жіберіп, жалпы мұсылмандар секілді жерге отырады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні кішіпейіл болу – төмендеп кету емес, бәлкім адамгершілікке бастайтын, қарапайымдылыққа жетелейтін жақсы мінез. Халқымыз: «Кішіпейіл болғанмен, кішірейіп кетпейсің, өркөкірек болғанмен ұлылыққа жетпейсің» - деген сөзі бекер айтылмаса керек.
Шораев Нұрдос Нұрғазыұлы
Жамбыл облысы Байзақ ауданы Көктал ауылы
«Әбу-Бәкір Сыддық» мешітінің имамы