Ораза сөзі араб тілінде саум деп келеді. Тілдік мағынасы «тыйылу» деген мағынаға саяды. Ал діни терминдік мағынасы «арнайы ниет етумен таң атқаннан кеш батқанға дейін ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан сақтану» дегенді білдіреді. Ораза һижраның екінші жылында парыз болды, содан бері мұсылман жұртшылығы ауыз бекітіп келеді.
Оразаға түрлі үкім берілген. Рамазан оразасы парыз болса, қалған нәзір оразалар уәжіп болады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүйсенбі-бейсенбі күндері үнемі ұстаған оразалары сүннет болғаны секілді, бекітілмегендері нәпіл ораза деп аталады. Ал Құрбан айт және Ораза айт күндері ораза ұстау харам етілген.
Дініміздің тірегі, бес парыздың бірі саналған ораза ең әуелі адамды Алланың ризалығы үшін деп ізгі іс істеуіне бағыттайды. Парыз етілген құлшылықты тек Құдай үшін деп орындауына әкеледі. Себебі пенде бас пайдасын дүниемен ғана есептеп, өзге сауапты істі кейінге қалдыратыны анық. Ал ораза ұстаған адам кеш батқанша өзін құлшылыққа арнайды. Бұл ісі оған дүниелік пайда бермегенімен, Жаратушысын риза етуге жетелейді. Біреулер оразаның пайдасын айтып жатса, өзгелер оның зиянын айтып, «ораза емес, диета ұстау керек» деп жатады. Алайда ораза парыз болғандықтан, оның пайда-зиянын емес, Жаратушының бұйрығы екенін ғана есепке алуға үйретеді. Әрине Алла Тағала пендесіне зиянды істі әсте бұйырмайды. Оразадан алатын ғибраттың бірі осы болмақ.
Оразаның негізгі мақсаты – адамды тақуалыққа жеткізу. Құран Кәрімдегі: «Әй иман келтіргендер! Бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етілді, әрине тақуалыққа жетулерің үшін», – деген («Бақара» сүресі, 183-аят) аятты түсіндірген тәпсірші ғұламалар, оразаның адамды тәрбиелеп тақуалыққа жеткізетінін тілге тиек еткен (Құртуби, 2 том, 111 бет, «Бақара» сүресі 183-аятының тәпсірі).
Ораза адамның мінез-құлқына тікелей әсер етеді. Себебі ораза ұстаушы үнемі өзін-өзі бақылауда ұстап, жаман әрекеттерден аулақ жүруге тырысады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде келтірілгендей, ораза ұстаушыға өзге адам тіл тигізсе немесе ауыр сөз айтса «мен оразамын» деп айтсын деп бұйырған (Бұхари, Мүслим). Демек өзгеге зиян тигізу былай тұрсын, нақақтан біреу оған тіл тигізсе, оған көркем түрде «мен оразамын» деп жауап қайтарсын делінген. Міне осылайша, көркемдікті ұстану арқылы ораза ұстаған адам мінезін түзейді. Ұнамсыз-арсыз іс-әрекеттерден аулақ болу арқылы жанын тазартады. Өзінің мінез-құлқын және өзге адамдармен қарым-қатынасын түзеу арқылы жақсы қасиеттерге ие болып, тақуалыққа жетеді. Құранда Алла Тағала адамдардың ең қадірлісі тақуа жан екенін ескерткен («Хужурат» сүресі, 13-аят).
Ораза адамды ихсан деңгейіне жеткізеді. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ихсан деген не?» – деп сұрағанда: «Алланы көріп тұрғандай құлшылық етуің. Сен оны көрмесең де, Ол сені көріп тұр», – деген (Бұхари). Демек ихсанның екі деңгейі бар екені айтылуда. Әуелгісі Алланы көріп тұрғандай құлшылық жасау болса, екіншісі оның сені көріп тұрғанын сезінуің екен. Ораза осы екінші деңгейде орындалатын құлшылықтың түрі екені айдан анық. Себебі ораза ұстаған адам үнемі оразасы ашылып кетпейтін жағдайды ойластырып жүреді. Тіпті дәрет алған уақыттың өзінде аузы-мұрнынан су кетіп қалмасы үшін мұқияттылық жасайды. Міне осы ісі ихсан деңгейі деп есептеледі. Аузын бекіткеннен бастап ашқанға дейін оразасына кедергі болатын істерден қашуы, үнемі өзін-өзі бақылауы, Алланың оны көріп тұрғанын сезінуі ең үлкен жақсылық болып есептеледі. Өйткені оразаның сауабы да ерекше көрсетілген. Құдси хадисте Алла Тағала: «Пенденің жасаған құлшылықтарының барлығы өзі үшін. Ал оразасы мен үшін, оның сауабын да Өзім беремін», – деп (Ибн Мәжа), жақсылықтың сауабын жазатын періштелердің өзі біле бірмеймін үлкен іс екенін білдірген. Демек пендені өзге ғибадаттар емес, оразаның ихсан дәрежесіне жеткізуі ғибрат аларлықтай орны бөлек құлшылық екенін көрсетеді.
Ораза ұстаған адам ең алдымен сабырлы болуды үйренеді. Себебі аштық адамға белгілі дәрежеде қиындық әкеледі. Содан болса керек, қазақ атамыз «Аш адамнан қырық күн ақыл сұрама» деген. Аш жүрген кісі ашушаң әрі ұрысқа жақын келеді. Ешнәрсені жақтырмай, қарсы пікір айтуға бейім тұрады. Сондықтан хадистерде: «Ораза ұстаған кісі ешкіммен жанжалдаспасын, өзгелер тіл тигізсе немесе ауыр сөз айтса «мен оразамын» деп айтсын», – деп бұйырылған (Бұхари, Мүслим). Отыз күн бойы осылай өзін сабырға әрі көркем мінезге бейімдеген адам қарны тоқ әрі көңіл-күйі орнында тұрған уақытта жанжалдан мүлдем аулақ жүрері сөзсіз. Оразаның сауабын аламын деп жүрген кісі түрлі жаман істерден бойын аулақ ұстайды. Өйткені ұрыс-жанжал мен өсек-аяң сөздер оразаны бұзбағанымен сауабын кемітіп, кешке дейін тек аш жүрген адаммен бірдей күйге түсіретінін біледі. Байқағанымыздай, оразаны лайықты түрде ұстаған кісі, көркем мінездің шыңы болып есептелетін сабырлық пен шыдамдылыққа үйренеді. Сол арқылы өзгелермен қарым-қатынасы түзеліп, өмірдің қиындығы мен тағдырдың тауқыметіне төзе білетін кемел жанға айналады. Осы қырынан да үлкен ғибрат аламыз.
Оразаның тағы бір ғибратты тұсы – адамның өзін өзгенің орнына қойып оның жағдайын сезінуі. Аш-жалаңаш жүрген пенделердің жағдайын білмеген, оны сезінбеген адам бірден ол жайлы жаман ойда болады. Оның айтқанының барлығын қабылдағысы келмей, өтірікке балайды. Қазақта «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деген нақыл сөз бар. Намаз барлығын бір сапқа тұрғызғаны секілді, ораза да жаппай аштықты сездіреді. Ораза ұстаған жан ғана жетім балалардың және қайғыға душар болып, ішерге ас таппай жүрген жандардың жай-күй жақсы түсінеді. Шариғат дәулетті кісілердің кедей-кепшікке көмектесуін бұйыруы да сондықтан. Әсіресе Рамазан айынан кейін пітір садақа беріп, жоқ-жітікке қол ұшын созуын міндетті етуінің хикметі де осы болар.
Ендеше, ойланып ақыл-жүгірткен кісіге бір оразаның өзінде талай ғибрат жатыр. Алла Тағала бір істі бұйырған болса, ол пенденің игілігі үшін. Ал бір істен тыйған болса, ол да пенденің амандығы үшін екенін ұмытпаған жөн.
Ғазиз АХМЕТ,
РАНТ мүшесі
«Иман» журналы, №3, 2024 жыл