Рамазан – дұғалар қабыл болатын ай. Дұға қабыл болатын бұл күндері әрбір мұсылман көп дұға етуі керек. Әсіресе ауызашар уақыты – дұға қабыл болатын сәт. Сол үшін ауыз ашқанда дұға жасау – мұстахаб.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш адамның дұғасы қайтарылмайды: ораза ұстаушының ауыз ашқанға дейінгі, әділ басшының, жәбірленушінің дұғасы», – деген. Басқа хадисте Алла елшісі: «Ораза ұстаушының дұғасы қайтарылмайды», – деген. Ал Рамазан айына қатысты айды көргенде, ауыз бекітерде, ауызашарда және Қадыр түнінде төмендегі дұғалар оқылады.
1. Айды көргенде оқылатын дұға. Жалпы жаңа айды көргенде мұсылман адамның дұға етуі – мұстахаб. Талхадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Аллам! Жаңа айда бізге жеңілдік бер. Иманда, амандық және Исламда (берік ет). Менің және сенің Раббың – Алла», – деп дұға етуші еді», – дейді.
2. Ауыз ашатын уақытта мына дұғаны айтқан абзал. «Алла Тағалам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Шөл кетті, тамырлар суланды, иншалла, сауабы да жазылды». Бұл туралы Ибн Омардан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте былай айтылған: «Пайғамбарымыз ауыз ашқанда: «Зәхәбә Зома уәбтәллатил ‘уруқ уә сәбәтал-әжру ин шәә Алла», – деп дұға жасайтын». Тағы бір хадисте: «Аллаһуммә ләкә сумту уә ‘ала ризқикә әфтарту», – деп дұға жасағаны айтылады.
3. Ауыз бекітерде оқылатын дұға. «Алланың разылығы үшін таң атқаннан күн батқанға дейін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім». Оқылуы: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә». Келесі дұға: «Уа, Алла! Сенің разылығың үшін, Саған иман келтіріп, сауапты үміт етіп, Рамазан айының оразасын толық ұстауға ниет еттім. Аллаһым менің күналарымды кешіріп, оразамды қабыл ет!». Оқылуы: «Аллаһумма инни нәуәйту ән асумә Рамаданә кәмилан ли уәжһика әл-кәрим иманан уә ихтисабан. Аллаһумма тәқаббалһу минни уә жағал зәнби мағфуран уә сәуми мақбулан».
4. Рамазан айының соңғы он күнінде және Қадір түнінде оқылатын дұға. Айша анамыз Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем не айтуым керек?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар: «Уа, Алла! Расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!» – деп айт деп үйретеді. Оқылуы: «Аллаһуммә иннәкә Ъафуун, тухиббул-ъафуа фаъфу-ъанни».
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы
«Иман» журналы, №3, 2024 жыл