Рамазан – бүкіл әлемге Алланың мейірімін төгетін қасиетті ай. Рамазан жылдың қай мезгіліне келсе, мұсылман сол айда бар ынтасымен, шынайы құлшылығын жасап, Алланың шексіз мейіріміне бөленуге тырысады. Алланың мейірімнен құр қалған мұсылман үлкен жеңіліске ұшырайды. Кешірім айында Жаратушы иеміздің алдында шынайы құлшылығымызды арттырып, мол сауапқа кенелуді баршамызға нәсіп етсін! Бұл мақалада қасиетті Рамазан айынның хикметтері мен ұлы жетістікке жеткізетін амалдарды қарастырмақпыз.
Қасиетті Рамазан айында бес парыздың бірі – оразаның ғибадат ретінде бекітілгені мұсылмандар үшін үлкен бақыт. Рамазан Құран айы болғанымен, ораза ұстау арқылы да Аллаға жақындаймыз. Ұстаған оразамыз немесе аузы берік мұсылмандарды тамақтандырған болсақ, Алла бізді ерекшелеп, жәннатқа әр-Райян қақпасы арқылы кіргізеді. Әһли хикмет ғұламалары былай деген: «Қасиетті Рамазан айының әрбір күні – мұсылмандар үшін мейрам. Осы күндерді қадірлеген адамның бүкіл жылы берекелі өтеді».
Оразаның сауабы тек Аллаға мәлім. Себебі ол – пенде мен Алла арасындағы ғибадат. Ораза тұтқандабіз Алланың күре тамырымыздан жақын екенін біліп, өзімізді тыйым салынған амалдардан аулақ ұстаймыз. Сондықтан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза – күнәдан қорғайтын қалқан», – деген.
Ораза ұстаған адам сабыр сақтау арқылы нәпсімен күресудің жолын тауып, Аллаға көркем түрде құлшылық етуді үйренеді. Сабыр, нәпсі сөздерінің астарында көркем мінезбен Алла Тағалаға бойсұну бар. Сол себепті оразаны тәнмен де, жанмен де ұстаймыз. Таң ата Аллаға тәуекел етіп ораза ұстап, нәпсімен күресіп, жақсылыққа ұмтылып отыру тақуалыққа жеткізеді. Ол туралы Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер», – дейді («Бақара» сүресі, 183-аят). Оразаның адамға берері көп болмағанда Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымызға дейінгі пайғамбарлар ораза ұстамас еді. Оған Құранның «Ағраф» сүресінің 142-аяты дәлел. Оразаның бізге берер сабағы – кедейдің жай-күйін аз болса да ұғыну. Ауыз бекітер және ашар кезде тойып тамақтану бізді осы мақсаттан айырады. Жылына бір рет болса да аш адамның кейіпіне түсу адамзаттың бір-біріне жанашырлығын оятады.
Рамазан айына, ораза ұстаушыға құрмет көрсетуді де ұмытпағанымыз жөн. Ұстаздарымыз бізге: «Кей адамдар үзірсіз, яғни еш себепсіз шамасы жете тұра ораза ұстамайды. Онысымен қоймай, ораза ұстаған кісінің алдында тамақ жейді. Бұлар екі күнә алады. Біріншісі, ораза ұстамағаны үшін. Екіншісі, ораза ұстаған кісінің алдында тамақ жеп, көңілін бұзғаны үшін», – дейтін. Сондықтан қасиетті айда ұстануымыз қажет маңызды әдептерді ескеріп, ұқыптылық танытайық.
Оразаның басты ерекшелігінің бірі – оның риядан, яғни «басқалар көрсін» деген көзбояушылықтан таза болуында. Өйткені пенде адамдардың көзінше «оразамын» деп, жеке қалғанда оразасын бұзып жіберуге қауқары жете тұра, аузын ашпай, риясыз оразасын ұстайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адам баласының барлық амалы еселенеді: жақсы амал оннан жеті жүз есеге дейін көбейеді. Алла Тағала айтады: «Адам баласының барлық амалы – өзі үшін. Тек ораза – Мен үшін. Оразаның есесін, сыйын Өзім беремін. Өйткені, пендем Мен үшін шақуат қалауы мен тамағынан тыйылады»; «Ораза ұстаушы бөленетін екі шаттық бар: ауыз ашқан кездегі қуаныш және Раббысымен жолыққан уақыттағы қуаныш»; «Мұхаммедтің жаны Оның иелігінде болған Алламен ант етемін! Алла Тағаланың алдында ораза ұстаған адамның аузының иісі мисктің (әтірдің) исінен де жағымды» (Бұхари, Мүслим).
Әлемдерді Жаратушы Алла Тағала Құран Кәрімді Рамазан айында түсірген. Ол жайында Құранда былай делінеді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» («Бақара» сүресі, 185-аят). Сондықтан Рамазан – Құранмен жүрегімізді байлайтын ай. Жүрекке байлау арқылы пенде амалын тура жолға салады. Сахабалар Құран аяттарын жаттап, оған амал етуді көздеген. Пенде де мұның Алланың әмірі екенін жете түсінсе, Құранмен жүруді әдетке айналдыра алар еді. Құран болмаса, Ислам да, иман да болмайтын еді.
Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айының бірінші түнінде шайтандар және өз бетімен кеткен жындар кісенделеді. Тозақтың бір есігі қалмай бәрі жабылады, жәннаттың барлық есігі ашылады. Сондай-ақ әр түн сайын: «Уа, жақсылық істеуші, бағалай біл! Уа, жамандыққа бейім тұрушы, өзіңді ұста!» – деп жар салады. Әр түн сайын Алла Тағала көптеген пендені тозақтан құтқарады», – деген. Жамандыққа итермелейтін шайтандар кісенделе тұра, күнәнің жасала беруі адамның өз нәпсісімен, еркімен күресе алмауы және әдетке айналып кетуі себебінен.
Алла Тағаланың Рамазан айында мейлі қыс, мейлі жаз болсын, ораза ұстауды жеңілдетуі – пендесіне берген сыйы, мейірімі. Басқа кездегі ораза
мен парыз болған оразаның жеңілдігі мен еселеніп беретін сауабын еш салыстыруға келмейді. Тозақтың есігі жабылып, шайтанның кісенделуінен адамға тигізетін зияны әлсірейді. Сондықтан ғибадаттардың орындалуы да жеңілдейді. Қасиетті айда әлемдегі барлық мұсылмандар ораза ұстап, Құран оқып, жамағатпен тарауық намаздарын оқып, басқа да сүннет амалдарын жасағандықтан, Алланың мейрімі жауып, жаны мен тәнірахатқа бөленеді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айында шынайы сеніммен әрі ықыласпен түнді намаз оқып өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген (Бұхари, Мүслим). Сахаба Салман (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге мынаны айтты: «Ей, адамдар! Ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды. Бұл айда үлкенді-кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда бір парызды орындау басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі».
Әнас ибн Мәлік (оған Алла разы болсын) былай деп айтқан: «Рамазан келгенде Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сендерге бұл ай келді. Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылады», – деп айтты. Жаратушы Иеміздің өзі Құранда Қадір түнін «мың айдан да қадірлі» деп айтып тұрғандықтан, барлық ізгі амал, ғибадаттарды осы түнде жасауға тырысу керек. Қадір түніндегі амалдар 83 жыл 4 айға пара-пар келгендіктен, оны тек Аллаға құлшылық етіп өткізген абзал. Қадір түні – мұсылмандарға ғана берілген баға жетпес сый.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға көшіп келгеннен соң өмірінің соңына дейін иғтикәф амалын орындаған. Әбу Һұрайрадан (оған Алла разы болсын) риуаят етілгендей, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жыл сайын Рамазан айында он күн бойы иғтикафқа кіріп отырған, ал қайтыс болатын жылы жиырма күн бойы иғтикафта болған (Бұхари). Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Рамазан айының соңғы он күндігінде Алла елшісі ешқайда шықпастан мешітте отыратын әрі ол бұл амалын Алла Тағала оның жүрегіне тыныштық бермейінше жалғастыратын. Оған қарап жарлары да осылай жасайтын еді».
Рамазан айында құлшылығын Алла разылығына жетуге арнаған мұсылман Құран оқып, ғибадат етіп, иманын күшейтіп, нәпсісімен күресуі керек. Отыз күн бойы ізгі амал жасап, оны әдетке айналдыру – нағыз мұсылманның ісі. Нәпсімен күресудің жолын Раббымыз Рамазан айы арқылы жеңілдеткенін түсінсек, бұл қасиетті айдың мақсаты Алланы естен шығармау, мәңгі мекеніміз жәннатқа жету екенін аңғарамыз. Рамазан айында үнемі жасалатын ғибадаттар қатарына кәлима, истиғфар айтып жүру, жәннаттың биік дәрежесін сұрау, ата-ананы сыйлау, қоршаған ортамен жақсы қарым-қатынаста болу, парыз, сүннет амалдарын үнемі орындап жүру, уақытты пайдалы өткізу жатады. Рамазан қонаққа бару не шақыру емес, құлшылық айы екенін естен шығармауымыз қажет. Әулиелерден қалған мынадай сөз бар: «Хақ алдында оразаның үш дәрежесі бар. Бірінші, жалпының оразасы. Ас пен жыныстық қатынастан тыйылу. Екінші, бірінші дәрежеге қоса көз, құлақ, тіл, қол және аяқпен жасалатын күнәдан тыйылу. Үшінші, хастардың дәрежесі. Әуелгі екі дәрежеден жоғарырақ болады. Жүректі жамандықтан, дүнияуи ойдан таза ұстап, барлық ғибадатын Алланың ризашылығына арнайды. Мол сауапқа кенелетін де осы – жан, тән, жүрекпен ұсталатын үшінші дәрежедегі мұсылманның оразасы».
Бұзықтық тоқтап, ізгі амалдар Аллаға арналғанда, оның үстіне әлем бойынша Алланың құлдары Алла разылығы үшін үздіксіз Құран оқып, ораза ұстап, тарауық намазына тұрып, пітір, садақа беріп, сүннет амалдарды тірілтіп, шын ықыласымен дұға жасап, Жаратушының жақындығын сезінеді. «Бақара» сүресінің 186-аятында Алла Тағала былай дейді: «Құлдарым сенен келіп сұраса, білсін, Мен оларға өте жақынмын. Дұға етушінің дұғасына жауап беремін». Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Алла Тағала өзіне дұға жасаған барлық адамның тілегіне жауап береді. Оның дұғаларға жауап беруі – дұға жасаған адамға сұрағанын беруі арқылы, яки дұғасының сауабын ақыретке жинауы немесе жасаған дұғасының көлеміндей күнәсін кешіру арқылы болады», – дейді.
Алла разылығы үшін жасалған ғибадаттан соң, қол жайып, дұға тілесек, шүбәсіз қабыл болады. Ауыз ашу кезінде оқылатын дұғаның өзінде «жасаған күнәларымды кешір» деп Аллаға ғана мұқтаждығымызды айқындай түсеміз.
Кенжеәлі қажы ҚОҢЫРАТБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти
«Иман» журналы, №3, 2024 жыл