Жамбыл облысы Байзақ ауданы Байзақ ауылдық «Тілеш қажы» мешітінің имамы Рахымбек Кенжебайұлының ұйымдастыруымен Ислам және дәстүр құндылықтары жылы аясында мешіт шәкірттері асық ату ойынын ойнады.
Шараға аудан бас имамы Қанат Әділханұлы қатысып: «Баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйлыстыққа тәрбиелеген Қазақтың ұлттық ойындарының бірі – асық ойыны. Бұл ойын ертеден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыздың қолданысында келе жатқан көне ойын түрі. Ерте кезде әр қазақтың балалары мен жастарының бас қосуының негізінде асық ойыны ойнатылатын. Асық ойыны баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйлыстыққа тәрбиелеген. Ендеше көнеден келе жатқан ұлттық ойынның бүгінгі таңдағы өрісі қандай, асық ойындарының түрлері жайында аз-кем сөз етіп көрсек.
Ерте де ата-бабаларымыз асық ойынын балаларына жас кезінен үйрете бастаған. Тіпті сәби дүниеге келмей жатқанда, жас нәрестенің ойнайтын асықтарын жинаған. Асық ойындары тек қана қазақ халқына ғана таныс ойын түрі емес. Бұл ойынды Орта Азия халықтары, оның ішінде өзбек, қырғыз, тәжік ұлттары да әлі күнге дейін ойнап келеді. Асық ойындарының тәрбиелік мәні зор. Асық ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Асық ойындарының көп бала болып ойналатын түрі әрбір жас баланың намысын қайрап, жеңіске деген талпынысын арттырады. Асық ойынында үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады», - деді. Асық ойнаған мергендерге мешіт тарапынан сыйлық кітапшалар үлестірілді.