Меркі ауданына қарасты барлық мешіт қызметкерлері қасиетті жұма күні «Дін мен Дәстүр – егіз ұғым» тақырыбында уағыз-насихат жүргізді.
Аудан имамдары: «Ата – бабамыз сан ғасырлар бойы Құран Кәрім аяттары мен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет жолын берік ұстанды. Соның ішінде шариғатымыздағы іс-әрекет пен үкім бойынша Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы, ал діни танымдық мектебі иман, сенім тұрғыда имам әл-Матуриди қалыптастырған жолмен келеміз. Имам Әбу Ханифа негізін қалаған Ханафи мәзһабында әдет-ғұрып шариғи қайнар көздердің бірі деп танылады.
Қасиетті Ислам діні барша адамзат баласына түскен әлемдік дін және Ислам жер бетіндегі барлық қауымға ақиқатты танытып, әрбір ұлт пен ұлысқа өзінің салт-дәстүрлерін сақтай отыра ізгілік жолымен жүруді насихаттайды. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араб халқының исламға дейінгі дәуірдегі шариғатқа қайшы келмеген әдет-ғұрыптарының сол қалпында қолданылуына тыйым салған жоқ.», - деп өзіміздің Қазақи құндылығымдызды қастерлеуге , дәстүрімізді дәріптеуге шақырды.
Алла Тағала қасиетті дінімізді бекем ұстанатын, дәстүрімізді құрметтейтін ел болуымызды нәсіп қылсын, жұма күні тілеген дұға-тілектерімізді қабыл қылсын.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі