Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Тілеш қажы» мешітінің имамы Рахымбек Кенжебайұлының ұйымдастыруымен мешіт жанынан ашылған асханада жамағатқа арналып Ережеп айының құрметіне ауызашар дастарханы жайылды.
Дастархан басында ауыл имамы Рахымбек Кенжебайұлы жамағаттың ауызбіршілігін нығайту мақсатында «Дін мен дәстүр егіз ұғым», тақырыбын қозғады және Байзақ аудандық мешітінің наиб имамы Баешов Азамат: «Лудомания, яғни ойынқұмарлық – қоғамды құлдыратып, айрандай ұйып отырған отбасылардың шырқын бұзып, елдің берекетін кетіретін зиянды әдет. Егер адам нәпсісіне ие бола алмаса, оның түрлі күнәлі істерге бейім келетіні сөзсіз. Солардың ішінде осы ойынқұмарлық та оңайлықпен емделмейтін рухани дертке баланып отыр.
Құмар ойынға әуес болу қасиетті Құран Кәрімде де, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де тыйым салынғанын, тіпті үлкен күнәлардың қатарына жататынын жақсы білеміз. Дін ғалымдары құмар ойындарды «кездейсоқ сәттілікке үміттеніп, ұтыс мақсатымен ақша, құнды зат тіге отырып ұту немесе ұтылу» деп сипаттайды. Үлкен күнә саналуының басты себебі – оның бұқаралық, яғни қоғамдық сипат алуында. Осы ойынқұмарлықтың кесірінен бір емес, бірнеше адамның тағдыры талқан болып жатқанын ескерсек, лудоманияның алдын алу – бізге міндет», - деп лудоманияның алдын алу жолдарын баяндап өтті.