Дүйсенбі ауыр күн бе?

Дүйсенбі ауыр күн бе?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сырт мемлекеттерде, әсіресе батыс елдерінде, тіпті халқымыздың ішінде де "Дүйсенбі ауыр күн" деген сөзді құлағымыз шалып жатады. Мейлі әзіл етіліп айтылса да осы бір сөз кеңінен таралған. Кей адамдардың бұл күн жайлы кеңірек білгілері келетінін де көпшіліктің ішінен байқап жатамыз. Ал енді осы тұрғыда дініміздің бұл мәселеге көзқарасы қандай?

Екі күн демалыстан соң жаңа апта басталады - яғни, дүйсенбі. Үлкендер жұмыстарына, балалар мектептеріне аттанады. Алайда демалуға үйреніп қалған еріншектер орындарынан қозғалуға зауқылары соқпай, амалсыз күнді өткізіп: "дүйсенбі - ауыр күн" дей салады.

Ресейде дүйсенбі күні - ауыр күн. Тіпті 1963 жылдары М.Горкий атындағы киностудияда осы туралы кино да түсірілген деседі. Әрине, жасыратыны жоқ, жұма күні кешқұрым ішімдікті бастап, дүйсенбінің таңында әрең дегенде өзіне келген кейбір адамдар үшін ауыр келеді. Біразға дейін өзіне келе алмастан "дүйсенбі - ауыр күн" демеске амалы да жоқ болады. Енді осы аталмыш оқиғаның шығу тегіне көз жүгіртіп көретін болсақ, 16-шы ғасыр ортасында Қазан хандығы (1552) Мәскеу патшасы Иван Грозный (1530-1548) тарапынан басып алынған соң татарларды мәжбүрлеп насранилік дінінің проваслав ағымына кіргізу, яғни шоқындыру жағдайы басталған. Бұл рәсім насранилар үшін қасиетті болып саналып, жексенбі күні өткізілетін болған. Бұдан бас тартқандар болса, оларды дүйсенбі (жексенбінің ертесіне) күні қатты жазалайтын болған екен. Осы жағдайға байланысты "дүйсенбі ауыр күн" деген сенім пайда болған.

Ал енді Ислами сенім-нанымда болған әр мұсылманның жүрегінде дүйсенбі күнінің ауырлығы деген сенім орын алмайды. Өйткені Алланың әрбір күні жақсы, әрі нығмет. Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) Әбу Бәкір (р.ғ.) Мекендегі құрайыштық мүшріктерден қашып барып жасырынған үңгірден дүйсенбі күні шыққан.

   Имам Ахмад ибн Ханбал айтады: "Пайғамбарымыз с.ғ.с. дүйсенбі күні туылған. Меккеден дүйсенбі күні шыққан және Мәдинаға дүйсенбі күні кіріп барған және ақырет сапарына аттанған күні де дүйсенбі күні болатын".

    Адамзаттың ардақтысы болған Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір жолындағы көптеген ғажайып оқиғалар тақырыбымызға арқау болып отырған дәл осы дүйсенбі күндерінде орын алып отырған.

     Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Құран маған дүйсенбі күні түсті", деген. Сол үшін де әр істерімізді реті келіп жатса, дүйсенбі күндерінен бастағанымыз абзал екен. Алла Елшісінің с.ғ.с. дүниеден өткен күні де дүйсенбі күні болатын. Сол үшін де бұл күнде Құран, истиғфар мен салауаттарды көп оқығанымыз абзал.

          Дүйсенбі саудаға шығуға, сапарға аттануға қолайлы күн саналады. Сахабалар мұның себебін Пайғамбарымыздан с.ғ.с. сұраған кезде: "Бұл күні Шұғайып ғ.с. пайғамбар сауда жасаған және сапарға да осы күні шыққанды ұнататын", деп жауап берген.

           Дүйсенбі күні кешірім күні. Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Жұмақ есіктері дүйсенбі және бейсенбі күндері ашылады. Алла Тағалаға серік қоспаған әрбір пендеге үлкен кешірімділіктер жасалады, тек бірге туған бауырымен араздасып, бет көріспей кеткен адамдарға ғана бұл кешірімділік жоқ", деген.

           Дүйсенбі - амалдарымыздың ұсынылатын, көтерілетін күні. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Амалдар әрбір дүйсенбі және бейсенбі күндері Алла Тағалаға көрсетіледі", деген. (Имам Муслим). Демек, дүйсенбі сәтті күн десе де болады екен.

            Дүйсенбі ораза ұстайтын күн. Айша р.ғ. анамыз айтады: "Пайғамбарымыз с.ғ.с. дүйсенбі және бейсенбі күндері оразаға жақсы мән беретін, және айтатын: "бұл екі күнде амалдарымыз Раббымыздың құзырына көтеріледі, мен амалдарымның оразамен, яғни ораза арқылы көтерілуін қалаймын". (Имам Тирмизи).

           Әділетті төрт халифаның бірі болған сахаба Әбу Бәкір р.ғ. де 2 жыл 3 ай 10 күн халифалық қызмет қылғаннан соң, 65 жасында дүйсенбі күні дүние салған екен. Құранда Тәубе сүресінің 51-ші аятында: "Алланың жазғанынан бөлек ешнәрсе де болмайды", деп баяндалады.

           Сөз соңында айтарымыз, дініміз дүйсенбі күнінен (дүйсенбі күнін ауыр күн санау) еш пендені қайтармаған, әрі бұл жайында ешбір дәлелдер де келтірілмеген. Шариғатымыз әр істің, әр сөздің мағынасына, байыбына мән беруге шақырады. Баршамызға ақиқатты білу, түсіну жолында еш ақсамауды көздейді.

 

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: