ИМАН ШАРТТАРЫ

ИМАН ШАРТТАРЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Иман – «сену, растау» деген ұғымды білдіреді. Шариғаттағы терминдік мағынасы – ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағала тарапынан жеткізген үкімдер мен тыйымдарды жүрекпен растап, қабыл ету деген сөз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 136-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ آمِنُواْ بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ وَالْكِتَابِ الَّذِي نَزَّلَ عَلَى رَسُولِهِ وَالْكِتَابِ الَّذِيَ أَنزَلَ مِن قَبْلُ وَمَن يَكْفُرْ بِاللَّهِ وَمَلائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلالاً بَعِيدًا

«Уа, иман келтіргендер! Аллаға, Пайғамбарына және оған түсірген Құранға, сондай-ақ одан бұрынғы түсірген кітапқа иман келтіріңдер. Ал кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне қарсы шықса, онда тым ұзақ адасты», – деп айтқан.

Иманның негізгі орны – жүрек. Қандай адам болмасын Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген нәрселеріне жүрекпен сенсе, оның дұрыстығына иланса, онысын бір себептерге орай тілімен айта алмаса да Алла құзырында мүмин болып саналады. Ал, тілімен ғана иман келтіргендігін айтып, жүрегімен растамаса, Алла құзырында шынайы иман келтірген болып табылмайды. Иман келтіргендігін тілмен айту бұл дүниеде мұсылман болғандығын білдіру және өзіне (дүниеден өтсе жаназа намазын оқуына, мұсылмандар мазарына қойылуына) ислам үкімдерін орындау үшін керек. «Иман – жүрекпен растап, оны тілмен айту» дегендегі мақсат та осы. Әйтпесе, құдіретті Алла құзырында мұсылман болу үшін жүрекпен растауы да жетерлік. Алла жүректерде не бар екенін толық білуші.

Хакім Абай он үшінші қара сөзінде иман турасында: «Иман деген – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ», – деп анықтама берген.

Ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) иман турасында сұрағанда, Алла Елшісі:

أَنْ تُؤْمِنَ بِاَللَّهِ وَمَلَائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ، وَتُؤْمِنَ بِالْقَدَرِ خَيْرِهِ وَشَرِّهِ.

«Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне, тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына сенуің», – деп жауап берген.

Қазақ халқы «Иманы кеткеннің жиғаны кетеді», – деп иманды үлкен байлыққа балап, барлық жақсы қасиеттер имандылықтан туындайтынын, имансыз адам бүкіл жақсылық атаулыдан мақрұм қалатынын айтқан. Расымен де Алла Тағалаға иман келтірген адам Жаратушысының алдындағы құлшылық-ғибадатын атқарып, адамдармен ең көркем мәміледе болуға тырысады, ешкімге қиянат жасап, ала жібін аттамайды.

Иман ұғымын, оның шарттарын толыққанды түсінуіміз үшін иман мәселесінде мынадай мағлұматтарды білуіміз маңызды:

 

Бірінші: Иман шарттарына сену

Ғалымдарымыз иман екі түрлі болатынын айтады. Оның бірі – ижмали иман, екіншісі – тафсили иман. Енді иманның осы екі түріне жеке-жеке тоқталайық:

А) Ижмали иман. Аллаға және ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар екендігіне сену.

Дінімізде бұл сенімнің жинақы түйіні болғандықтан мұны «ижмали иман», яғни «жиынтық иман» деп атайды. Иман негіздері жалпы және түйінді түрде «кәлима таухид» («Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Оның Елшісі» деген сөз) және «кәлима шәһадат» («Мен Алладан өзге құдайдың жоқ екендігіне және Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Оның құлы әрі Елшісі екендігіне куәлік етемін» деген сөз) түрінде берілген. Бір адам «кәлима таухид» немесе «кәлима шәһадат» сөзінің біреуін тілмен жеткізсе, яғни айтса және оған жүрегімен сенсе, ислам дінін қабылдап, мұсылман болып саналады. Бірақ мұсылман адам мұнымен шектелмей, иман негіздерін нақты және егжей-тегжейлі үйреніп, жеке-жеке сенуі керек.

Ә) Тафсили иман. Иман негіздеріне жеке-жеке сену «тафсили иман», яғни «егжей-тегжейлі иман» деп аталады. Егжей-тегжейлі иман негіздерін «Иманның шарттары» деп те атайды. Иманның шарттары жетеу:

1) Алла Тағаланың бар әрі бір екендігіне сену;

2) Періштелерге сену;

3) Кітаптарына сену;

4) Пайғамбарларына сену;

5) Ақырет күніне сену;

6) Тағдырға (жақсылық пен жамандық Алладан екеніне) сену;

7) Өлгеннен соң қайта тірілу бар екендігіне сену.

Иманның шарттары «Әмәнту» сөзінде жинақталған. Әрбір мұсылман «Әмәнту» сөзін мағынасымен бірге білуі керек. «Әмәнту» дегеніміз мынау:

آمَنْتُ بِاللهِ وملائكته وَكُتُبِه وَرُسُلِه وَالْيَوْمِ الْاخِرِ وَالْقَدْرِ خَيْرِه وَشَرِّه مِنَ اللهِ تَعَالى وَالْبَعْثِ بَعْدَ الْمَوْتِ حَقٌ. أَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ ‫

«Мен Аллаға, Алланың періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алланың жаратуымен болатындығына және өлгеннен кейін қайта тірілу хақ екендігіне сендім. Мен Алладан басқа ешбір тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін».

Әрбір мұсылманмын деген адам бұл сөздерді жаттап, шынайы иман келтіріп, шарттарын толыққанды білуі қажет.

 

Екінші: Иманның дұрыс болу шарттары

Иман келтіргеннен кейін оның шынайылығын арттыруда өзіндік шарттары бар. Яғни, иман дұрыс әрі қабыл болуы үшін мынадай төрт шарт табылуы тиіс.   

  • Иман үмітсіздік халде болмау

Иманға келмеген қандай да бір кісі соңғы демінде немесе жан алқымына келгенде иман келтірсе, иманы жарамсыз болады. Өйткені бұл шарасыздықтан, Алладан және өлімнен қорыққандықтан иманға келіп отыр. Ислам мұндай иманды қабыл етпейді. Исламның біздерден талап ететін иманы ғайыпқа сену және бұл иман үмітсіздік пен қысылтаяң сәтке ұшырамай тұрғанда болуы керек. Себебі Аллаға сенбейтіндер жан алқымға келгенде Алланың ұлылығы мен азаптың хақ екендігін көреді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 18-аятында:

وَلَيْسَتِ التَّوْبَةُ لِلَّذينَ يَعْمَلُونَ السَّيِّاتِ حَتّى اِذَا حَضَرَ اَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ اِنّى تُبْتُ الْآنَ وَلَاالَّذينَ يَمُوتُونَ وَهُمْ كُفَّارٌ اُولئِكَ اَعْتَدْنَا لَهُمْ عَذَابًا اَليمًا

«Ал жамандықты өздеріне өлім келгенге дейін істеп: «Енді шынайы тәубе еттім» деген және қарсы болған бойда өлгендердің тәубесі қабыл емес. Міне, солар үшін күйзелтуші азап әзірледік», – деп айтқан. 

Сонымен қатар, ақыр заман келіп, күн батыстан шыққан кездегі иман да қабыл болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...Күнбатыстан шыққан кезде адамдар мұны көріп, жаппай иман келтіреді. Бірақ ол кезде олардың иманы оларға пайда бермейді. Өйткені олар бұрын иман келтірмеген немесе олар иманында қайыр таппаған еді», – деген (имам Бұхари). 

  • Ислам дінінің әкелген заңдылықтарының (үкімдерінің) ешбірін жоққа шығармау

Мұсылман адам иман келтірген соң діннің парыздарын парыз деп, харамды харам деп біліп, иман негіздеріне толығымен сенуі қажет. Діннің парыз еткен қандайда бір бұйрығына сенбеу адамды діннен шығарады.  Себебі пенде иман келтірген соң діннің ешбір нәрсесін жоққа шығармауы қажет. Яғни, діни әмір мен тыйымдардың біреуіне сеніп, біреуіне сенбеуге болмайды.  Мысалы, бір адам: «Мен Құранға сенемін, бірақ ондағы ішімдік мәселесіне қосылмаймын», – деу дұрыс емес. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 85-аятында:

أَفَتُؤْمِنُونَ بِبَعْضِ الْكِتَابِ وَتَكْفُرُونَ بِبَعْضٍ

«Сендер кітаптың кейбіріне сеніп, кейбіріне қарсы келесіңдер ме?» – деп айтқан.

Біз иман келтірген кезде пайғамбарлардың барлығына сенуіміз қажет. Олардың арасын бөліп-жармай иман келтіруіміз тиіс. «Мен барлық пайғамбарларға иман келтірдім, бірақ Мұхаммед пайғамбардың пайғамбарлығына сенбеймін немесе күмән келтіремін», – деп айту да адамды имансыздық халге душар етіп, діннен шығарады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 150-аятында:

إِنَّ الَّذِينَ يَكْفُرُونَ بِاللَّهِ وَرُسُلِهِ وَيُرِيدُونَ أَن يُفَرِّقُواْ بَيْنَ اللَّهِ وَرُسُلِهِ وَيَقُولُونَ نُؤْمِنُ بِبَعْضٍ وَنَكْفُرُ بِبَعْضٍ وَيُرِيدُونَ أَن يَتَّخِذُواْ بَيْنَ ذَلِكَ سَبِيلاً

«Сондай-ақ Аллаға, пайғамбарларына қарсы келгендер, олар Алла мен пайғамбарларының арасын ажыратуды қалайды. Олар пайғамбарлардың кейбіріне сенеміз, кейбіріне қарсы келеміз дейді. Сөйтіп, олар екі ортадан жол табуды қалайды», – деп ескерткен.  

  • Әртүрлі күмәннан арылу

Пенде иман негіздерінің, яғни діни әмір мен тыйымдардың қандай да біреуі жайында күмәнданбау керек. Мысалы, «шынымен-ақ ақыретте адамдар осы тәнімен тіріліп есеп береді ме?» – деген сияқты күмән келтіруге болмайды. Сол сияқты «Алла жалғыз ба екен?» – деп күмәндану да иманнан шығуға себеп болады. Асыл дінімізде уақытша иман келтіру деген нәрсе болмайды. Адам иман келтірген соң соңғы деміне дейін сол иманын берік ұстай білуі тиіс. Болмашы нәрсеге бола күмәнданбастан, барлығына толық иман келтіру  мұсылманның нақ сипаты. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресі, 15-аятында:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ آمَنُوا بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ ثُمَّ لَمْ يَرْتَابُوا وَجَاهَدُوا بِأَمْوَالِهِمْ وَأَنفُسِهِمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ أُوْلَئِكَ هُمُ الصَّادِقُونَ

«Шын мәнінде Аллаға, Елшісіне иман келтірген мүминдер сосын күдіктенбей, Алла жолына малдарымен және жандарымен күресті. Міне, солар шыншылдар», – деп айтқан. Егер мұсылман адам қандай да бір мәселе жайында күмәнданса, дереу діни ілімі бар кісіге барып, анығын сұрап, шайтанның азғыруына жол бермеуі керек.

  • Алланың рақымынан үмітін кесіп, азабына бейқам болмау

Мұсылман адам өзін қорқыныш пен үміт арасында ұстауы тиіс. Мүмин кісі ешуақытта: «Менің иманым бар, өмір бойы құлшылық жасадым, енді жәннатқа барамын», – деп өзіне сенімді айтуға болмайды. Сондай-ақ: «Мен өте көп күнә істедім, енді Құдай мені кешірмейді, барар жерім тозақ», – деп Алланың рақымынан үмітін үзбеу керек. Мұндай сезімге берілу мұсылман кісінің иманнан шығуына себеп болады. Сондықтан мұсылман Алла Тағаланың рақымына, кешірімділігіне сенгендей, азабының қатты болатындығына да иланып, үнемі қорқыныш пен үміттің арасында болғаны жөн. Мысалы, Алла Тағала Адам пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) «сәжде ет» деп бұйырғанда Ібіліс қасасырысып, сәжде етпей, өзінің дәрежесі мен амалына, біліміне сенген болатын. Өкінішке орай, осы тәкәппарлық әрекеті үшін Алланың құзырынан қуылып, күпірлікке душар болды.

 

Үшінші: Иман артып, кемиді ме?

Иманның шынайылығы тұрғысынан мұсылмандар арасында айырмашылық жоқ. Адамдар арасындағы айырмашылық сену-сенбеумен болады. Бірақ иманның қуатты немесе әлсіздік тұрғысынан, яғни сапа жағынан айырмашылық бар. Мәселен, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иман қуаттылығы ешкіммен салыстыруға келмейді. Болмаса төрт халифа Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлилердің (Алла оларға разы болсын) иманымен біздің иман қуаттылығымыз тең емес. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнфал» сүресі, 2-аятында.

اِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذينَ اِذَا ذُكِرَ اللّهُ وَجِلَتْ قُلُوبُهُمْ وَاِذَا تُلِيَتْ عَلَيْهِمْ ايَاتُهُ زَادَتْهُمْ ايمَانًا وَعَلى رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ

«Сөзсіз мүминдер Алла еске алынса, жүректері қобалжиды да оларға Алланың аяттары оқылса, имандары қуаттанып (артып), Раббыларына тәуекел етеді», – деп айтқан.

Иманның сапа жағынан күшейіп немесе әлсірейтіндігіне Ибраһим  пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) былай дегенін мысал етіп келтіруге болады. Ибраһим пайғамбар Алланың хабибі, досы. Сонысына қарамастан былай дейді:

وَاِذْ قَالَ اِبْرهيمُ رَبِّ اَرِنى كَيْفَ تُحْيِ الْمَوْتى

«Сонау заманда Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) Раббым! Өлікті қайтып тірілтесің, маған көрсет», – деді. 

قَالَ اَوَلَمْ تُؤْمِنْ

«(Алла Тағала) Маған сенбейсің бе?» – деді

قَالَ بَلى وَلكِنْ لِيَطْمَئِنَّ قَلْبى

«(Ибраһим пайғамбар) Әрине сенемін, бірақ жүрегім орнықсын», – деді («Бақара» сүресі, 260-аят).

Аталған аят арқылы хазіреті Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) көрмей-ақ иман келтірсе де, Алланың құдіретін көзбен көрген сәтте иманының онан да қуаттала түсетіндігін білдіруде.

Төртінші: Иман мен амал арасындағы қатынас

Иман және амал, бұл екеуі екі бөлек дүние. «Әһлі сунна» ғалымдары иман мен амалды екі бөлек нәрсе деп қарастырып, бұл пікірлерін аят-хадистермен дәлелдеп көрсеткен. Сондай-ақ, Әһлі суннадағы ақида (сенім) ғалымдары адам исламның әмір-тыйымдарының бірін қабыл етпесе немесе жоққа шығарса, мұсылман болмайды. Ал, оны қабыл етіп, тек орындамаған болса, мұсылман, бірақ күнәһар пенде үкімінде болатынын айтқан. Алла Тағала қасиетті Құранда:

اِنَّ الَّذينَ امَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَاَقَامُوا الصَّلوةَ وَاتَوُا الزَّكوةَ لَهُمْ اَجْرُهُمْ عِنْدَ رَبِّهِمْ وَلَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ

«Негізінен иман келтіріп, iзгi ic iстегендер, намазды толық орындап, зекет бергендер, олар үшін Раббыларының қасында сыйлық бар. Оларға ешқандай қорқу мен қауіп-қатер болмайды», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 277-аят). Аятта иманнан кейін «ізгі іс істегендер» деген сөз айтылған. Араб тілінің грамматикасында екі бөлек сөзді бір-біріне қосарлата айту ережесі бар. Алайда амал иманның ажырамас бөлігі болғанда, «иман келтіріп», деген сөзден кейін «ізгі іс істегендер» деген сөзді айтудың еш қажеті болмас еді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِذَا أَحْسَنَ أَحَدُكُمْ إِسْلَامَهُ فَكُلُّ حَسَنَةٍ يَعْمَلُهَا تُكْتَبُ لَهُ بِعَشْرِ أَمْثَالِهَا إِلَى سَبْعِ مِائَةِ ضِعْفٍ وَكُلُّ سَيِّئَةٍ يَعْمَلُهَا تُكْتَبُ لَهُ بِمِثْلِهَا حَتَّى يَلْقَى اللهَ تَعَالَى

«Сендерден біреуің жан-дүниесімен исламды қабылдап, онан кейін жасаған әрбір жақсы ісі үшін ең азы оннан жеті жүз есеге дейін сауабы жазылады. Ал жасаған әрбір күнәсі үшін сол ісі ғана жазылады. Бұл жағдай Аллаға қауышқанға дейін жалғаса береді», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Хадиске мән берсек, исламды қабылдап, иман келтіргеннен кейін жасаған амалдарымыз жақсы не жаман болсын оның қайтарымы бар екенін көрсетуде. Жақсылық жасаса, еселеп сауап алады. Ал жамандығы үшін сол күнә ғана жазылады. Демек, иман келтіріп, алайда ислам үкімдерін толық орындамаған мұсылман адамға «кәпір» деп үкім шығаруға хақымыз жоқ.

Иман мен амал бөлек-бөлек болғанымен өзара тығыз байланыста. Яғни, иман пендені жәннатқа кіруге себепкер етсе, орындаған (намаз, ораза, қажылық және т.б.) құлшылықтары тозақтан құтылуға бірден-бір жол. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәһф» сүресі, 30-аятында:

اِنَّ الَّذينَ امَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ اِنَّا لَا نُضيعُ اَجْرَ مَنْ اَحْسَنَ  عَمَلًا

«Біз иман келтіріп, ізгі іс істегендердің еңбегін (жақсылығын) әсте жоймаймыз», – деп айтқан.

 

Қадірменді жамағат!

Пенде Алла Тағаланың разылығына қол жеткізуі үшін тек иман келтіруі жеткіліксіз. Иманмен бірге ықыласпен құлышылық жасап, көркем мінез-құлық иесі де болуымыз маңызды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَكْمَلُ الْمُؤْمِنِينَ إِيمَانًا أَحْسَنُهُمْ خُلُقًا

«Мүминдердің арасында иман тұрғысынан ең кемелдісі, мінезінің ең жақсы болғандары», – деген (имам Ахмад).

Шал ақын бабамыз:

Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,

Бөріге қой алдырмас ердің ері.

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Ала алмас ешбір нәрсе: шайтан, пері, – деп нағыз мүмин иманында берік болып, нәпсінің жетегінде кетпейтінін айтқан.

Алла Тағала иманымызды берік етіп, қасиетті жұма күнгі дұға тілектерімізді қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: