Құран – Алла Тағаланың жер бетіне түсірген ең соңғы кітабы. Бұл кітап адамзат баласының бүкіл дүниелік және ақыреттік мүдделерін толық қамтыған. Кім Құранның әмірлерімен жүрсе екі дүниенің де бақытына жетеді. Осы ұлы кітапты арабшадан оқып, әрбір әріпіне берілетін сауаптарға кенелу әрбір мұсылманның парызы.
"Кеңесхан қажы" мешітінің қыз-келіншектерге арналған сауат ашу курсында білім алып жатқан 50 шәкірт Құранға түсті. Құран оқып, әрбір маһражын дұрыс шығарып, хатымдар сауабына кенелуге қадам басты. Аталған құрметті сәтке орай мешіт ұстазы Зейеп Үсенова мен шәкірттері "Құран" кешін ұйымдастырды.
Шарада аталған мешіттің наиб имамы Құран оқу жайлы уағыз айтып, қыз-келіншектерге насихатын жеткізді. Сонымен қатар Зейнеп ұстаз Құранға түскендерге тәж тағып, Құран кітаптарын сыйлады.
Құран қасиеті, оқудың маңыздылығы жайлы қойылымдар қойылып, "Құран оқы да жоғарла" аяты жеткізілді. Құран оқу барысында әдеп таныту, мағынасын түсінуге, әмір аяттарын, тиымдарын жасауға, дәретпен, көркем тәжуидпен оқу жайында насихат айтылды.
Ерекше сезімдерге толы өткен шара соңында барлығы бір-біріне жақсы тілектер айтып, әжелер батасын берді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі