ҚҰРАН СЕКТОРЫН АШУ – ҮЛКЕН ІС, МАҢЫЗДЫ БАСТАМА

ҚҰРАН СЕКТОРЫН АШУ – ҮЛКЕН ІС, МАҢЫЗДЫ БАСТАМА

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі барша дін қызметкерлеріне Бағдарлық баяндамасын жолдап, 2024 жылда атқарылатын басты жұмыс бағыттарын айқындап берді. 

Бас мүфти Бағдарлық баяндамасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Құран секторы ашылатынын, аталған сектор Қарилар даярлау орталықтарының жұмысын жандандыруға, Құранды сауатты оқитын имамдар шоғырын қалыптастыруға, Құран жарыстарын сапалы әрі нәтижелі өткізуге жан-жақты үлес қосуы тиіс екенін айрықша атап өтті.

Біз бұл жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдадық. Мұсылман елдерінің Діни басқармаларында Құран бөлімдері, Құран департаменттері жұмыс істейтінін жақсы білеміз. Мұндай жақсы бастама біздің елде де жүзеге асса деген тілегіміз болатын. Аллаға шүкір, Бас мүфти барша дін қызметкерлерін үлкен қуанышқа бөледі.

Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен қазақ топырағында тұңғыш рет Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай І халықаралық Құран жарысы жоғары деңгейде өткен болатын. І халықаралық Құран жарысының ашылу рәсімінде ҚМДБ Төрағасы: «Бұл іс-шараны өткізудегі мақсатымыз – Құран құндылықтарын әлемдік деңгейде дәріптеу, қасиетті кітабымызға құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру, еліміздегі барша мұсылман жамағатының Құран оқуға деген ықыласын арттыру» деген еді.

Расында, Бас мүфти атап өткендей, бұл игі іс-шара еліміздегі қариларға да үлкен жігер берді. Әлемдік жарысқа елімізден екі қариымыздың қатысуын үлкен жеңіске баладық.

Наурызбай қажы Тағанұлы Бағдарлық баяндамасында: «Біз жыл сайын әр қалада республикалық Құран жарысын өткізіп келеміз. Былтыр Ақтауда 12-ші республикалық Құран жарысы сәтті өтті. Қазір елімізде ҚМДБ-ға қарасты 10 қарилар даярлау орталықтары жұмыс істейді. Алла қаласа, жуырда тағы 2 орталық ашылады.

Сайып келгенде, осындай игі істердің нәтижесінде қасиетті Рамазан айында тарауық намазын өтейтін шетелдік қариларға деген қажеттілік жыл сайын азайып келеді. Болашақта мешіттерімізді өз қариларымызбен толық қамтамасыз етуіміз керек.

Жамағаттың Құран оқу сауаты да күн санап артуда. Тіпті, жамағат арасында Құранды көп жаттаған, тәжуид ережесіне сай дұрыс оқи алатын азаматтар қатары көбеюде. Демек, біздің имамдарымыз Құранға ерекше ден қойып, сауатты оқуымен, терең білімімен, көркем мінезімен әрқашан жамағатқа үлгі болуы қажет.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны үйреткендерің», – деп айтқандай, біз Құранды үйреніп қана қоймай, оны үйретушілерден болуымыз керек. Өткен жылы еліміз бойынша 7 335 адам Құран жаттау курсынан өтті. Бұл – жақсы көрсетіш. Алайда біз бұл межемен шектеліп қалмауымыз қажет. Осы ретте ҚМДБ жанынан Құран секторын ашу туралы шешімге келдім» деп атап өтті.

Сонымен қатар ҚМДБ Төрағасы өткен жылғы тәжірибені ескеріп, барлық өңірдегі имамдар арасында өткен Құран үйрету курсы биыл қайта жалғасатынын жеткізді. Бұл ретте Діни басқарманың бірыңғай Құран тәжуиді кітапшасын шығарудың маңызы зор екенін тілге тиек етіп, «Құран үйрету ережесі» кітапшасын шығаруды тапсырды. Бұл да біз үшін үлкен қуаныштың бірі болды.  

Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біз саған әр нәрсені баяндайтын және мұсылмандар үшін тура жол, мейірім және сүйінші ретінде Құранды түсірдік», – деп айтқан («Нахл» сүресі, 89 аят). Демек, адам баласы Құранды өміріне шамшырақ етер болса, Алланың қасиетті кәләмі тура жолды көрсетіп, Рахманның мейіріміне бөлеп, Жаббар иеміздің сүйіншісіне, яғни, жәннатқа жеткізеді. 

Халқымыз қашан да Құранға ерекше құрмет көрсеткен. Кімнің үйіне барсаңыз да төрінде Құран ілулі тұрады, ал оны біреу оқыса, ұйып тыңдайды. «Ағраф» сүресіндегі: «Қашан Құран оқылса, Оған құлақ салып тыңдаңдар да үндемеңдер. Әрине мейірімге бөленерсіңдер» деген аятқа амал еткен ата-бабамыздың жолы бізге де нәсіп болуда.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сіз бен бізге сүйінші хабар жеткізгендей, кімде-кім Құранның бір әрпін оқыса, оған одан бір жақсылық бар әрі ол он есе арта түседі. Осы хадистің олық мәтінінде былай делінген: «Кiм Алла Тағала кiтабының бiр әрпiн оқыса, оған одан бiр жақсылық бар әрi жақсылық он есе арта түседi. «Әлиф-ләм-мим»-дi бiр әрiп демеймін. Бәлкiм, «әлиф» бiр әрiп, «ләм» бiр әрiп, «мим» бiр әрiп».

Шын мәнінде, Құран оқу, жаттау, оған амал ету, аяттардың мағынасын терең ойлану дүние мен оның ішіндегі барлық нәрседен қайырлы. Құранға жақын адам Аллаға жақындай түседі. Ал Аллаға жақындай түскен пенденің жүрегі тыныштық табады. Жүрегі тыныштық тапқан адам ешнәрседен қорықпайды. Жоғарыда келтірілген аяттардың жалғасында былай делінген: «Ақиқатын айтар болсақ, Аллаға жақын жандар еш қорқуды білмейді және уайым-қайғыдан қапа болмайды» («Юнус» сүресі, 62-аят).

Алла Тағала баршамызды өзінің ақиқат жолында берік, сауапты істерге себепкер болуды нәсіп етсін. Құранды оқып жаттаған, оған амал еткен және қариларға қолдау көрсеткен жандарға Алла разы болсын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Құран құндылықтарын қоғамға дәріптеу жолындағы бастамаларына сәттілік пен береке тілейміз.

 

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: