ИМАМНЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ

ИМАМНЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Араб тілінде «имам» сөзі «көшбасшы», - деген мағынада қолданылады.  Имам – елдің ұйытқысы бола білуі тиіс. Қазақ суық тисе, дәрігерге, көз тисе, молдаға барады. Күйзеліп жүрген болса да, психологқа емес, имамға барып, дертін айтады, демін салдырады.

Имам мешітте күнделікті 5 уақыт намаз оқытумен ғана шектеліп қалмауы керек. Өйткені, оған намаздан басқа да жүктелген көптеген міндеттер бар. Имам халықтың ішінде өзінің абырой-беделімен, білімімен көпшілікке үлгі бола алса – имам. Өйткені, қазақ халқы қандай да бір рәсім өткізетін болса, ең алдымен имамға жүгінеді. Шаңырақта сәби дүниеге келсе, азан шақырып ат қоюға имамды шақырады. Келін түсіріп жатса, шариғат жолымен неке қидыру тағы да имамсыз бітпейді. «Өлместі Құдай жаратпас» дегендей өмірден озғандарды да имамсыз ақыретке жөнелте алмаймыз. Осындай жиындарда ел алдына шығып, халыққа насихат айту, қуанышын көбейтіп, қайғысын бөлісу имамның маңызды қызметтерінің бірі екені сөзсіз. Сондықтан да, имамдар дін жолындағы ауыр жүгі мен ел алдындағы жауапкершіліктерін терең сезініп, елді біріктіретін, жамағатты татулыққа үндейтін рухани басшылық қасиеттерге де ие болуы керек деп санаймын.

Халқымызда «Мұсылмандық әсте әсте, кәпір болу бір пәсте» – деген дана сөз бар. Адасып жүргендерге тура жолды көрсету, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру имамның мойнына жүктелген абыройлы қызмет.

Тақырыпқа байланысты ғибратты оқиғаны баяндап өтейін. Ұлық Имам Әбу  Ханифаның терең ілімі мен тапқырлығына және парасаттылығына сүйсінетін адамдар көп еді. Алайда, оның біліктілігін және халық алдындағы беделін қызғанатын теріс ниетті адамдар да жоқ емес-тін. Лаж болса, қатесін әшкере етіп, масқара еткісі келетіндер бар тұғын. Бірде Имам Ағзам Әбу Ханифаның тапқырлығы алдында жеңіліп қала берген бір адам, пікір талас сәтінде өзін ұстай алмай Ұлық Имамға қол көтереді. Ұрған шапалағы қатты болғаны сонша, ғұламаның мүбәрак бетінде қолының ізі қалып қояды. Сол кезде, Имам Ағзам Әбу Ханифа ашуланудың орнына, ол адамға:  «Сенің бұл әрекетіңе мен де бір соққы жұмсап, жауап бере алатын едім. Бірақ олай істемеймін. Сенің үстіңнен халифаға шағымдана алатын едім, бірақ оны да істемеймін. Сені Алла Тағалаға тапсырып, ақіретте, есеп-қисап күні даушы болып, ақымды даулауыма да болар еді, алайда бұлай да істемеймін. Оның есесіне, егер ақіретте менен осы мәселе жайында сұралатын болса, мен сенсіз пейішке кіргім келмейді деп айтар едім», - депті. Әбу Ханифаның мұндай мәрттігінен әсерленген әлгі адам істеген ісіне қатты өкінгені соншалықты, етегі жасқа толған күйі ұлық имамның қолын сүйіпті. Имам Ағзам Әбу Ханифа болса оған: «Жылауыңның қажеті жоқ, мен сені сол сәтте-ақ кешіріп қойғанмын», - деген екен. Алла оған разы болсын!

Имам Ағзам Әбу Ханифаның өмірі қазіргі қоғамның имамдарына үлгі-өнеге. Қазіргі қоғамның имамы халыққа жақын, елге пайдасы тиетін, шақырған жерге уақытында баратын, жаназа рәсімдерін тыңғылықты орындайтын және уағыз-насихат айтқан кезде көркем түрде халыққа жеткізетін әккі маман болуы заман талабы деп айтар едім. Имам кісі біреуге уәде берсе, уәдесінде тұруы керек.

Жергілікті имам құдайы астарға барған кезде үйдің егесінен сый-сыяпат күтпеуі керек және де бұйрығы жоқ, жолдан қосылған кейбір молдасымақтар тәрізді «жаназа шығарғанға мынанша ақша бересіз», - деп баға қоюға болмайды.

Сондай-ақ, имам адам барған жерінің жағдайына қарап насихат айтқаны абзал болады. Мысалға, қуаныш болса, құттықтауын жеткізеді немесе қайғырып отырған болса, жұбату сөздерін айтады. Қазақта «Қайғыны бөліссе, азаяды, қуанышты бөліссе, көбейеді», - деген сөз бар. Имам адам барған жерінің жағдайына қарай айтар уағызын сайлап алғаны дұрыс.

Имам – Исламның айнасы. Сондықтан да, ол өзінің айтатын сөзіне, киетін киміне және жүріс-тұрысына аса мән беруі тиіс. Қай жерде не айту керектігін білуі ләзім. Орынсыз сөз сөйлеп, мезгілсіз күлуіне жол жоқ. Киімі таза, шапаны, көйлек-шалбары үтіктеулі, мұрты басылған, шашы мен сақалы реттелген тап-тұйнақтай болуы тиіс. Үстінен хош иіс аңқып, айналаға Ислам діні жайлы жақсы ой қалыптастыруы ләзім.

Алла Тағалам пайғамбар мінбері мен мешіт михрабының мұрагерлері – имамдарымызға абырой бергей! Әмин!

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: