Жалған сөз жарға жығар

Жалған сөз жарға жығар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

    Өтірік айту барлық жамандық атаулының бастамасы. Күнә істері тізімдерінің ең жоғарғы сатысынан орын алады. Құран Кәрімде өтірік айту, жалған сөз сөйлеудің зияндары жайында 167 жерде айтылған. Жаратушымыздың алдында ұнамсыз, әрі жиіркенішті амал болғандығы соншалықты 167 жерде келе бергендігінен де байқауымызға болады.

Құранда: "Расында Алла  өтірік айтушыны және шектен шығушыны тура жолға бастамайды", - деген.

            Өйткені өтірік айту адамдарға да қоғамға да үлкен зиян келтіреді. Сол үшін де дана халқымыз "жалғаншының жүзі қара" деп бекер сипаттамаған.

           Имам Маликтен риуаят етілген хадисте: "Алланың Елшісі, мүмин қорқақ бола ма?" деп сұралды. Пайғамбарымыз: "иә" деді. "Алланың Елшісі, мүмин сараң бола ма?" деп сұралды. Тағы да "иә" деп жауап қатты. "О, Алланың Елшісі, мүмин өтірікші бола ма?" деп сұралды. Ол кісі: "жоқ" деп жауап берді» делінген. Осы хадисте өтіріктің үлкен күнә екенін, өтірікші адам мүмин-мұсылман бола алмайтынын ескертіп тұр. Имам Байһақи Әбу Бәкірден риуаят еткен хадисте: "Өтірік айту адамды иманнан бездіреді" деген. Исламда өтірік айту қорқақтық пен сараңдықтан да жаман. Демек, өтірік айтудың қоғамға зияны көп. Жалған сөйлеу тек айтушының жеке өзіне зиян тигізіп қана қоймай, қоғамға да зарары орасан. Мағына жағынан алып қарайтын болсақ үлкен қылмыс десе де болады.

                   Адамдар не үшін жалған сөйлеуге дағдыланған?

             Жалған сөйлеуді арабша "кизб" дейді. Тілдік жағынан шындықтық тескерісі дегенді білдіреді. Жалған сөйлеу күнә амалға жатқызылғаны үшін оны сөйлеген адамның жүрегіне қара мөр (дақ) түседі. Тағы айтса тағы түседі, егер тоқтаусыз айтуды әдетке айналдыратын болса, онда ол адам қандай да бір күнә істейтін болса, ол күнә оның мұрнының ұшына да сезілмейтін болып қалады. Мұның нәтижесінде Жаратушымыздың алдында ол пенде "Кәззәб" деген атауға ие болады. Яғни күнә жүрегін де баурап алған деген ат тағылады.

             Бұл жайында Құран Кәрімде: "Жоқ, керісінше, олардың жүректерін істеген қылықтарының (күнәларының) таты басты".

            Абу Сағид әл-Худри р.ғ. риуаят етеді, Пайғамбарымыз с.ғ.с. айтады: "Адам баласы таңертең ұйқысынан оянған кезде барлық ағза мүшелері тілге айтады. Бізді ойласаң, бізге жаның ашитын болса Алладан қорық! Біздің жағдайымыз саған байланысты, сен тура болсаң, біз де тура жолдамыз".

                                     Жалған сөзді кімдер айтады?

            Алла Тағала өтірікті кімдер айтатынындығын былайша баяндайды:

"Шын мәнінде Алланың аяттарына сенбегендер, орынсыз жасынға шығарады. Міне солар, жалғаншылар. Яғни, Алланың аяттарына иман келтірмейтін адамдар өтірікті көп айтады. Әр адам үшін ойланарлық жәйт.

Хадис шәріптердің бірінде "Егер адам өтірік сөйлесе, періште әлгі өтірік сөздің иісінің сасықтығынан жиіркеніп алыс қашықтыққа ұзақтайды", делінеді. Бұл дегеніміз жантүршігерлік қорқынышты жағдай. Нақтырақ айтқанда жалғаншының періштесі болмайды.

                                    Адам не үшін өтірік айтады?

*Адамдардың көңілдерін өздеріне қаратулары үшін кей адамдар өздері өтірік айтады, яғни өтірік сөздер қолданады.

*Мақтану үшін.

*Кейбір адамдар өздерін білімді, абыройлы көрсету үшін жалған сөзге көп барады.

*Қандай да бір нәрседен пайда көру үшін өтірікке барады.

*Өш алу үшін.

*Әдетке айналдырып алғаны үшін.

Сол үшін де баршамызға мәлім болған мына бір хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Екіжүзділіктің белгісі үшеу: сөйлесе өтірік сөйлейді, уәде берсе орындамайды және қандай да бір аманатқа қиянат жасайды",- деген екен. Сол үшін де үнемі өтірік айтуды өздеріне әдетке айналдырып жүрген әр пенделер білгендері жөн екен, ондай адамдар Жаратушының алдында екіжүзділерден болып саналады. Алла сақтасын!

Ғалымдарымыз айтады, екі ғана нәрсеге өтірік сөз қолдануға болады: Ренжіскен екі адамды татуластыру үшін және соғыс кезінде дұшпан тарапқа құтылу үшін айтылған өтірік күнәға жатпайды.

Үммі Күлсім бинт Уқба р.ғ. анамыз Пайғамбарымыздан с.ғ.с. риуаят етеді: "Адамдар арасын жарастыру үшін үшін айтылған өтірік сөз күнәға жатпайды. Ол бар жоғы жақсылықты айтуда және жақсылықты жеткізуде". Үммі Күлсім анамыз Пайғамбарымызға с.ғ.с. байғат қылған ең бірінші муһажирлерден болады. Мұнан басқа да кейбір мынадай жәйттерді де алдыңғы қатарға қосуымызға болады: Мысалыға дерті асқынған, денсаулығы сыр беріп өлім халіне тақалып қалған науқасқа (дәрігер) "уайымдайтын ештеңе жоқ, әлі ақ жазылып кетесіз т.б. деген сияқты түрлі жұбату сөздерді қолдануына болады, яғни шариғатымыз рұқсат етеді.

Сондай ақ адамдар арасын татуластыру үшін, ажырасуға шақ қалған жанұяларды сақтап қалу үшін айтылған өтірігі бар сөздерге де дініміз рұқсат береді.

            Анықтап түсініп алуымыз керек, жоғарыдағы пікірлерді тек лажсыз кездерде ғана қолданғанымыз абзал. Ешбір адам адам өмірімде бір рет те өтірік айтқан емеспін деп айта алмасы анық нәрсе, дегенмен бұл әдетке айналған жаман дерт. Дініміз дерттерді дауалауға үндейді. Жаман әдеттен (өтірік айтудан) арылуға шақырады. Сонда да "Өтіріктің ғұмыры қысқа" деген сөз текке айтылмағанын қаперден шығармағанымыз абзал. Алла бәрімізді жалған сөйлеуден аулақ етсін!

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: