Уақыт – Алла Тағаладан адамзатқа берілген бағалы ризық. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өлмей тұрып – өмірдің, ауырмай тұрып – денсаулықтың, қартаймай тұрып – жастықтың, кедейленбей тұрып – байлықтың, көп жұмысқа тап болмай тұрып – бос уақыттың қадірін біл!» - дейді. Уақыт – жұмақтың кілті болып саналатын намаздың басты шарттарының болып табылады.
Тал бесіктен жер бесікке дейінгі уақыт – бізге берілген үлкен мүмкіндік. Сондықтан, уақытты босқа өткізу адам өміріне жасалған үлкен қиянат. Уақытың – өмірің. Күн мен түннің ауысуы, жыл мезгілдері, көктем мен күз, жаз бен қыстың ауысуы өмірдің де белгілі мерзімі бар екенін аңғартады. Бізге жеткен хадис-шарифтердің бірінде: «Қиямет күні пенденің аяғы жылжымай тұрып: өмірін қалай өткізгендігі жайлы, жастық шағын қалай өткізгендігі жайлы сұралады ...» делінген. Бізге берілген басқа да ризықтар секілді уақыттың да сұрауы бар. Сондықтан да, уақытты бос нәрселерге жұмсамай, әр минутымызды тиімді пайдалана білуіміз қажет.
Уақыттан асқан билік жоқ,
Уақыттан озған жүйрік жоқ.
Адамға Алла бұйыртқан,
Уақыттан қымбат сыйлық жоқ.
«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, дінімізде таң намазын оқу үшін ерте тұру әр мұсылманға парыз екені белгілі. Бір күннің бес уақытқа бөлінуі де 24 сағаттық тәулікті жүйелеп, ұтымды пайдалану үшін берілген үлкен мүмкіндік.
МҰСЫЛМАННЫҢ БІР КҮНДІК ЖОСПАРЫ:
Бес уақыт намаз. Әр намаздың уақытында оқылуына, сүннеттерінің толық болуына, намаздарының жамағатпен оқылуына мән беруі қажет.
Күнделікті дұғалар. Дұға – мұсылман қорғаны, сол себепті әр кез таңертең оянғанда, жұмысқа шығарда, ұйықтар алдында т.б. кезеңдерде дұғада болуы сауапты іс. Намаздан және басқа да құлшылықтардан кейін өзіңізге, жанұяңызға, жақындарыңызға дұға жасауды әдетке айналдырыңыз.
Құран оқу. Күніне бір бет болса да, үзбей Құран оқып тұру мұсылманды Раббысына жақындататын амал.
1 хадис оқу. Ұстазы ұсынған бір хадис кітабын таңдап бір хадисті оқып амал етсеңіз, пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай) сүннетін орындаған боласыз.
Қосымша намаздар.
Садақа беру. Садақа тек ақшалай ғана жүзеге аспайды. Жолдан бір тасты болсын, алып тастауыңыз, мұсылман бауырыңызға күлімдеп амандасуыңыз сіздің садақа бергеніңіз.
Жақындарымен байланысу, хал-жағдайын сұрасып тұру.
Жұмысқа деген ұқыптылық. Кәсібіңізде сәтті болғанды қаласаңыз, әрдайым өзіңіздің біліміңізді дамытуға тырысыңыз. Жаһандық өзгерістер мен жаңа технологиялардан хабардар болуыңыз, оны игеруіңіз сізді табысты қызметкерлер қатарына қосады.
Көркем әдебиет оқу. Әр ұлттың өзіндік болмысы бар. Ол болмыс көркем әдебиетінде, өлең-жырларында көрініс табады. Көркем әдебиетке жақын болу – ол адамды елінің патриоты етпек.
Діни кітап оқу. Руханиятты әлсін-әлсін суарып тұрмаса, адам құлазып, құлшылығынан мән кетіп, өмірінің берекесі кетуі мүмкін. Күніне бір бет болсын, діни кітаптың бетін ашу – иманды жанның ісі.
Ренжіткен адамың болса, кешірім сұрау, сені біреу ренжітсе, кешіру.
Тілдің кесапаттарынан емделу.
Жеке гигиенаға мән беру.
Тамақ жеуде ысырапшылдық танытпау.
Денсаулықты күту.
Әр мұсылман өзінің уақытын пайдалы өткізілуін қадағалауы керек. Қамшының сабындай қысқа ғұмырымызда, өткен әр минут секундында Алла Тағалаға құлшылықпен және жақсы амал жасаумен өткізуіміз керек. Әрине, бұл өмірде жұмыс істеп, бала-шаға қамын ойлауымыз қажет екендігі сөзсіз, бірақ, бұл дүние уақытша алдамшы ғана, шын мәнінде қайтар жағымыз мәңгі екенін естен шығармайық. Қолда бар мүмкіндікті бағалап, уақытымызды тиімді өткізуге тырысайық. Бұл үшін бізге Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай) өмірі үлгі-өнеге. Түрлі жамандықтардан сақтанудың жолдары ретінде мұсылман адам уақытын кітап оқып, білімін арттыру, аят, хадис, дұға жаттау, ата-ананың алдындағы міндеттерін орындау, туыстарын зиярат ету, жетім-жесір, кедей-кембағалдарға көмектесу, жақсылық жасау, намаздарының қазалары мен қарыздарын өтеу, араз адамдардың арасын татуластыру т.б. осы сияқты мәнді әрі пайдалы істерге жұмсауы керек.
Жайлауов Гали Олжабайұлы
Байзақ ауданы, Кеңес ауылы,
«Кеңес» мешітінің имамы