ҚҰРАНДА АТЫ АТАЛҒАН 6 ЖЕМІС

ҚҰРАНДА АТЫ АТАЛҒАН 6 ЖЕМІС

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құранда аталған барлық жемістің адам ағзасына тигізер пайдасы мен көптеген ауруға ем екенін заманауи медицина дәлелдеп келеді. Мұнда ойланған адам үшін ғибрат бар. Әсіресе жеміс-жидектердің пісіп-жетілуі, бойындағы бай минерал мен дәрумен қоры таңғалдырмай қоймайды. Барлығы бір топырақтан өсіп-өнгенімен, түр-түсі мен дәмі әртүрлі.

ҚҰРМА

«Құрманың діңін өзіңе қарай сілкі. Саған жаңа піскен құрма түседі. (Құрмадан) же, су іш әрі тыныштыққа бөлен!» («Мәриям» сүресі, 25-26 аяттар).

Құрманы түрлі минералдар мен дәрумендердің қоймасы десек, артық айтқандық емес. Оның құрамында мыс, темір, магний, мырыш, марганец, фосфор, натрий, алюминий, кадмий, кобальт, күкірт, бор т.б. минералдармен қатар алмада, бананда, апельсинде жоқ 23 амин қышқылы бар. Сондай-ақ А, В1, В2, В3, В6, PP дәруменіне де өте бай. Ғалымдардың зерттеуінше, 10 түйір құрма адамға магний, мыс және күкірттің тәуліктік мөлшерін бере алады.

Ер адамдар жүрек-қан тамырлары ауруларына бейім келетіні бүгінде ешкімге жасырын емес. Мұны статистикалық деректер де растайды. Ал құрмада көп мөлшерде кездесетін калий жүрек бұлшықетінің жұмысын жақсартып, қысымды қалыпқа келтіреді. Магний күйзелісті жеңуге көмектеседі. Сондықтан дәрігерлерер адамдарға құрманы көбірек жеуге кеңес береді.

Құрма қартаю процесін бәсеңдетеді. Антиоксиданттар (А, С дәрумендері), полиқанықпаған май қышқылдарының терінің жақсы сақталуына пайдасы бар. Құрма ағзадағы йод тапшылығын жоюға көмектесетін жемістер тізімінде көш бастап тұр. Сондай-ақ құрма құрамындағы В дәрумені мен магний серотонин синтезіне қатысып, адамға «қуаныш гормонын» сыйлайды.

 

ІНЖІР

«Ант етемін інжір және зәйтүнмен» («Тин» сүресі, 1-аят).

Інжір де түрлі дәруменге бай. Атап айтсақ, құрамында C, B1, B2 дәрумендерімен қатар каротин, кальций, калий, фосфор, қант пен пектин бар. Інжірдің құрамындағы эфир майы қанның қоюлануына жол бермейді. Інжір фармацевтикалық құндылыққа ие болғандықтан, адам денсаулығында ерекше рөл атқарады. Інжір қақырықты түсіріп, тамақ, кеуде, суық тию, тұмау ауруларының алдын алады. Жөтелді басуға көмектеседі. Інжірдің жүкті немесе бала емізетін аналар үшін орасан зор пайдасы бар. Інжір қан қысымын төмендетуге, қандағы қант деңгейін бақылауға көмектеседі. Бірінші дәрежелі қант диабетімен ауыратын он адамға таңғы асқа інжір жапырағынан әзірленген шай берген кезде олардың инсулинге деген қажеттілігі төмендеген.

Інжір жүректің жақсы жұмыс істеуіне әсер етеді. Себебі құрамында калий көп болғандықтан, жүрек-қан тамырлары ауруларына таптырмас ем. Мұны бүгінде медицина ғылымы да растайды. Ислам тарихшыларының айтуынша, Ескендір Зұлқарнайын жорыққа шыққанда ас орнына пайдасы мол, алып жүруге ыңғайлы әрі тойымды азық ретінде осы інжірді көп пайдаланған екен.

 

ЗӘЙТҮН

«...Сондай-ақ жүзімнен бақтар және бір-біріне ұқсайтын, ұқсамайтын зәйтүн мен анар шығарамыз. Олардың жеміс салған және жемісі пісіп жетілген кезіне назар салыңдар...» («Әнғам» сүресі, 99-аят).

Зәйтүн майында көп кездесетін линолей қышқылы холестеринді азайтады. Жараның тез жазылуын қамтамасыз етіп, көздің өткірлігін күшейтеді. Ал оның құрамындағы фенолдар иммунитетті көтеріп, кәрілікті баяулатады. Зәйтүннің моноқанықпаған майларын қуыруға
да, табиғи күйінде де пайдалануға болады. Ағзаңыз өзіне керегін алып, артығын қабылдамайды.

Зәйтүннің қасиетіне қарап оны сұлулық құпиясы деуге толық негіз бар. Оның құрамындағы А және В дәрумендері теріге жағымды әсер етеді, шашты нығайтып, өсуін тездетеді және жылтыратады. Ал оның моноқанықпаған майларындағы А және Е дәрумендері әйелдің жүкті болу мүмкіндігін арттырады. В6 дәрумені жүктілік кезіндегі варикоз бен тромбоздың алдын алады. Зәйтүн майын тамақпен бірге күніне кем дегенде бір рет қолдану – әйелдердің омырау безі обырының алдын алады. Себебі зәйтүн омырау безі обырының пайда болуына себеп болатын HER-2/neu онкогеніне қарсы тұруға қауқарлы.

Зәйтүнді Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да жақсы көріп, күнделікті қолданған. Хадистерде бұл майды бет күтіміне, шаш, қас күтіміне пайдалану керектігі айтылады. «Зәйтүн майын жеңдер, оны денеге жағыңдар, өйткені ол – мүбәрак ағаш», – деген (Термизи). Тағы бір хадисінде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Зәйтүн майын жеңдер, оны денеге жағыңдар. Расында оның бойында жетпіс түрлі дертке шипа бар. Оның ішінде алапес (ауруына да ем)», – деген.

 

БАНАН

«...Және жемістері шоғырланған банан ағаштары арасында» («Уақиға» сүресі, 29-аят).

Банан – дәмді әрі жеңіл жеміс. Ағзада тез қорытылумен қатар денсаулыққа да аса пайдалы. Жемістің 100 граммында 376 миллиграмм калий бар, бұл шамадан артық сұйықтықты ағзадан шығару үшін жеткілікті. Банан жараны жазады, өйткені оның құрамында осы ауруды тудыратын бактерияларға қарсы тұратын заттар бар. Тропикалық елдерде бананның езбесі нәрестенің тамағы болып есептеледі. Себебі банан аллергия тудырмайды және баланың ағзасын пайдалы заттармен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ тропикалық жеміс көзге де ерекше пайдалы. Әдетте сәбіз көзге оң әсер етсе де, банандар торлы қабықтың зақымдануы және орталық көру қабілетінің бұзылуымен күреседі.

Денеге В6 дәрумені жетпесе адам қатты шаршап, қимылы баяулап, ұйқысыздыққа, анемияны ұшырап, бүйрегіне тас жиналады. Ал бананның құрамында В6 дәруменінің жоғары дозасы бар. Бананды көбіне ағаш деп атайды. Дегенмен бұл – шын мәнінде биіктігі 6-7 метрге жететін көпжылдық, өте үлкен шөптесін өсімдік.

 

АНАР

«Ол екеуінде жемістер, құрма және анар бар» («Рахман» сүресі, 68-сүре).

Анардың құрамында А, В, С, Е дәрумендері мен калий, йод, темір, кремний, кальций сияқты минералды заттар бар. Сондай-ақ бұл жемістің құрамында зиянды әсерлер мен токсиндерден тиімді қорғайтын және ерте қартаюдың алдын алатын екі зат бар. Зерттеулерге сәйкес, анар шырыны мен қабығында кездесетін пуникалагин жасыл шай мен қызыл шарапқа қарағанда антиоксиданттық белсенділікке ие. Бұл екі компонент те ағзаға пайдалы, әртүрлі аурудың қаупін азайтады және жасушалардың қалпына келуіне ықпал етеді. Анардың құрамында бірдей пуникалагиндердің көп болуына байланысты қабынуға қарсы әсер етеді. Ол қабыну процесін тоқтатады және иммундық жүйені күшейтеді. Анар жүрек-қан тамыр жүйесін нығайтып, қалқанша безінің қызметі мен қан құрамын жақсартады. Соның ішінде гемоглобиннің жоғарылауына
айтарлықтай көмектеседі. Жеміс бактерияға, қабынуға қарсы тұра алады және туберкулездің алдын алады. Иммунитетті арттырып, денені суық тию мен вирустан қорғайды.

Анар шырыны асқазан, бүйрек, бауыр, өт, диабет, анемия ауруларына ем болады. Сондай-ақ анар шырынын физикалық, лазерлік, химиялық терапия мен радиациялық сәулелер қабылдағаннан кейін ішкен жөн. Себебі анар шырыны емнен кейін ағзада қалып қойған зиянды қалдықтардың көзін жояды.

 

ЖҮЗІМ

«...Құрма бақтары және жүзімдіктер жасадық және ол жерден бастаулар ағыздық» («Йәсин» сүресі, 34-аят).

Жүзімнің құрамында Р, С, В1, В2, В6, Д, Е, РР дәрумендері, калий, магний, кальций, фосфор, кобальт, никель, титан, бор, алюминий, силиций, йод, цинк, күкірт және маргенец секілді микроэлементтер бар. Жүзім қандағы азот оксидінің деңгейін көтеріп, қанның қоюлануынына жол бермейді. Жүзім шырынына келетін болсақ, оның әсері мен пайдасы өте зор. Шырынды аш қарынға ішу қажет. Жүзімнің әр түрі өзіндік емдік қасиетке ие. Мысалы, жасыл түрінен алынған шырын иммунитетті көтеріп, сергектік пен күш-қуат сыйласа, қара жүзімнен алынған шырынды ісікке қарсы қолданылады. Сондай-ақ ол мидың жұмысы мен көру қабілетін жақсартуға көмектеседі. Қызыл түсті жүзім денені микроағзалардан, бактериялардан, вирустардан және паразиттерден қорғайды. Айта кету керек, бұл өзіңіз жасаған табиғи шырын туралы. Ал дүкеннен сатып алынған шырынға химиялық заттар, консерванттар, бояғыштар қосылуы мүмкін.

Жүзім – дәрумендердің, аминқышқылдарының, микроэлементтер мен талшықтардың, пектиндер мен ферменттердің және эфир майларының қоймасы. Табиғи түрде өскен жүзімнің адам ағзасына төмендегідей пайдасы бар:

  • Асқазан-ішек жолдарының жұмысын қалыпқа келтіріп, іш қатудың алдын алады; 
  • Жүйке жүйесінің жұмысын реттеп, шаршауды басады. Адамның күшін қалпына келтіріп, сергітіп, жұмыс өнімділігін арттырады. 
  • Ауыр металдардың және радиоактивтік сәуленің шығуына көмектеседі. 
  • Гемоглобин деңгейін қалыпқа келтіріп, түрлі аурумен күреседі.

 

Кеулімжай ҚҰТТЫ

«Иман» журналы, №10, 2023 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: