Адам баласының есепсіз сауаптарға кенеліп, Алла Тағаланың мейіріміне бөленіп, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына кенелуіне себеп болатын амалдардың бірі – Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту.
«Салауат» сөзі араб тілінде «береке», «құрмет көрсету», «тілек» сияқты мағыналарды білдіреді. Салауат айту – ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген жақындығымыз бен сүйіспеншілігіміздің белгісі, оған деген алғысымызды білдіріп, сағынышымыз бен құрметімізді жеткізу.
Мәуліт айына орай Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылдық «Толымбай тегі Зиябек» мешітінде мешіт ұстазы Смаганбетова Клара Диханбайқызының ұйымдастыруымен және Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде ҚМДБ-ның өңірдегі жетекшісі Жазира Иманалиеваның қатысуымен «Салауат» жарысы және «Пайғамбарымызға (с.а.с.) сағыныш хаты» атты жарыс өтті. Мешіт шәкірттері, қыз-келіншектер, апалар қатысқан шарада үздіктер анықталып, 1,2,3 орындарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттармен марапатталды.
Жуалы аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі