Мәртебелі Айша анамыз (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген:
«Кімде-кім Алла Тағаламен кездесуге сүйіспеншілікпен қараса, соны Алла жақсы көреді. Ал кімде-кім өлімге жаман қараса, онда Алла да онымен кездесуге жаман қарайтын болады.
Сонда Айша анамыз (р.а.):
- Уа, Алла Елшісі! Әркім де өлімге жаман қарайды, - деп айтады.
- Олай айтпа! Мүміннің өлім сәті таяғанда ол Алланың мейірімі мен рақымы туралы қуанышты хабар алады. Ал иман келтірмегеннің өлім сәті таяғанда, оған періштелер Алланың жазасы туралы хабарлайды. Осы себепті иман келтіргендерге өлімнен сүйікті ештеме болмайды. Егер ол Алла Тағаламен кездескісі келсе, онда Алла да онымен жүздескісі келеді. Иман келтірмегендер үшін өлім сәтіне, яғни Алламен қауышу сәтіне жақсы қарау дегеннен артық түсініксіз нәрсе жоқ.
Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан:
- Өлім азабы қылышпен үш жүз рет ұрғаннан да қиын.
Мункар мен Накир (ғ.с.) мүміндерге жүздері күндей жарқырап келсе, ал иман келтірмегендерге – қап-қара болып келеді. Олардың дауысы күннің күркіреуіндей, ал танауынан шыққан демдері қатты желдей боп еседі. Олар қабірге келгенде, өлген адамның жаны аузы мен мұрнынан қайтадан денесіне кіреді.
Содан кейін Мункар мен Накир (а.с.) былай сұрайды: "Ман Раббука уа ма динука уаман Набийюка?" (Құдайың кім? Дінің не? Пайғамбарың кім?)
Егер Алланың мейірімімен оның жауаптары дұрыс болатын болса, оның үстінен үлкен күмбез тұрғызылып, Жұмақ жаққа екі есік ашып қойылады. Ол үшін жібек төсеніш салынады, Жұмақтан жұпар хош иіс есіп тұратын болады. Оның амалдары көркем жасөспірім кейпінде келіп, оған серік болады. Оның қабірі нұрға толады. Содан кейін бұл адамның жанын Жұмақ мекендеушілеріне апарып қосады.
Егер адам екіжүзді немесе иман келтірмегендерден болса, онда ол қойылған сұрақтарға дұрыс жауап бере алмайды. Сонда қабірдің оны қатты қысатыны сондай, оның сүйектері бір-біріне кіріп кетеді. Тозаққа түскенше, ол үнемі азапта болады.
Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан:
- Алла Тағаланың жүз мейірімі бар. Соның біреуі жан-жануарларға, жындарға және адамдарға берілген. Ал тоқсан тоғыз мейірімін Алла Тағала Қиямет күні мүміндерге береді.
Имам Ғазали (р.а.) былай айтқан:
- Ислам ғалымдары иман келтірмегендер мен күнәһар мүміндер үшін қабір азабы бар деген. Алайда қабір азабының қалай болатынын біз біле алмаймыз да білмейміз. Егер бізден: «Қабірде кішкене балалар сұраққа алына ма?» - сұраса, онда Алла Тағала оларға Мүнкар мен Накирдің (ғ.с.) сұрақтарының жауаптарын білдіреді деп айтамыз.
Күндердің күнінде Имам Ағзам Әбу Ханифадан (р.а.) қабір азабы туралы сұрағанда ол былай деп жауап берген екен:
- Қабір азабы - Ақиқат. Ол бар, оған шүбә келтірілмеуі тиіс.
- Оған қандай дәлел бар? – деп сұрағанда.
Ол былай деп айтқан:
- Алла Тағала Құранда былай деген: «Шүбәсыз ондай залымдарға одан өзге де азап бар. Бірақ олардың көбі түсінбейді» (52:47).
Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан:
- Қабір азабы үш нәрседен болады. Бұл азапқа ұшырайтындар: өсек таратушылар, өзгелерге нақақ жала жабушылар және нәжістен таза жүрмегендер.
Бұл жөнінде ислам ғалымдары былай айтқан: «Егер кімде-кім Аллаға қарсы шығып, Алла оны кешірмесе, онда ол жұма күні келгенше жазаланады. Осыдан кейін оның азабы біртіндеп азайып, Қиямет күніне дейін жалғасады. Қиямет күні Алла Тағала қаласа оны тағы да бір рет жазалап алады, қаласа кешірім беріп, жазаға тартпайды».
"Әнуарул-ашиқын" кітабынан