Мешітке жақын тұрсаңыз да жамағатпен намаз оқу үшін мешітке бармайсыз ба? Бәлкім, сіз жамағат болып намаз оқудың сіз үшін қандай қайырлы екенін білмейтін шығарсыз!
Әрбір мұсылман мешітте намаз оқу керектігіне дәлел болатын 10 орынды себеп бар. Олар:
1. Мешітте жамағатпен оқыған намаздың сауабы жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе артық
Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) сенімді бір хадисте былай айтқан:
«Жамағатпен оқылған намаз жеке оқылған намаздан 27 есе артық» (Сахих Әл-Бұхари).
Бұл хадистің басқа бір нұсқасында сауап 25 есе артық деп келтірілген. Санына қарамастан бұл аса сауапты амал болып табылады.
2. Періштелер сіз үшін дұға жасайтын болады
Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) өзінің көркем хадистерінің бірінде былай айтқан:
«Періштелер намазын оқып болып, дәреті бұзылмай өз орнында қалған адам үшін дұға жасайды. Олар: "Алла, оны кешіре гөр. Алла, оны жарылқай гөр", - деп айтатын болады» (Сахих Әл-Бұхари).
3. Жамағатпен намаз оқу мұсылманның бірлігін нығайтады
Көз алдыңызға мына бір жайтты елестетіп көріңізші – барлық мұсылмандар өз үйлерінде отырып, бір-бірлерін ешқашан көрмесе, аралас-құрлас болмаса немесе тек жұмыста және мейрамдарда ғана кездесетін болса ше? Онда біз бір-бірімізді қалай білмекпіз? Бір-бірімізге қалай қол ұшын бере алмақпыз?
Ал егер күніне бес уақыт бірге намаз оқитын болсақ, бірлігіміз нығайып, өзара достығымыз бен сүйіспеншілігіміз күшейіп, бір-бірімізге дінде қолдау көрсететін боламыз. Бауырларымызбен Алла үйі – мешітте отырып араласқаннан артық нәрсе бар ма?
4. Көптеген ғалымдардың айтуынша, мешітте намаз оқу - парыз
Бұл жөнінде Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан:
«...сондай-ақ (Алланың құзырына) иілушілермен бірге иіліңдер» (2:43).
Осы аятқа қарап көптеген мықты ғалымдар мұсылман ер адамдар үшін жамағатпен намаз оқу парыз деп түсінген.
Осы арада айта кету керек, дегенмен, ғалымдардың барлығы дерліктей жамағатпен намазды парыз деп санамайды, тек сауапты сүннет деп айтады, алайда бұл мұсылмандардың мешітте жамағатпен намаз оқуының санын көбейтуге итермелеуі тиіс.
5. Бұл сіздің иманыңызды сынап әрі нығайтады
Расына келер болсақ, мешітке бару оңай шаруа емес, өйткені біз барлық ісімізді тастап, мешітке барып, қайтадан қайтуымыз керек. Міне, сол үшін де бұл иманы мықты адамдар үшін сынақ. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан:
«Мешітке барып жүретін адамды көрсеңіз, оның иман келтіргендігіне куәлік беріңіздер, өйткені Алла былай деген: "Кімд-кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, тек солар ғана Алланың мешітіне барады"» (Ат-Тирмизи).
6. Бұл сізді екіжүзділіктен сақтайды
Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) екіжүзділер үшін жамағатпен оқылатын таң және құптан намаздары ең ауыр болатынын ескерткен:
«Егер олар таң және құптан намаздары үшін берілетін сауапты білгенде, еңбектеп сүйретілсе де міндетті түрде оқыр еді» (Сунан Ибн Маджа).
7. Сіз түнімен намаз оқығандай сауапқа кенелесіз
Таң және құптан намаздары туралы айта келе Пайғамбарымыз (ﷺ) бізге құптан намазын жамағатпен оқыған адам түн жарымына дейін намаз оқығандай сауап алады, ал құптан және таң намаздарын мешітте жамағатпен оқыған адам түнімен намаз оқығандай сауапқа кенеледі деген болатын. (Ат-Тирмизи).
8. Таңертең және кешке мешітке баратындарды Жұмақ күтеді
Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген:
«Кімде-кім мешітке таңертең және кешке баратын болса, Алла оған әр кез таңертең ол мешітке кетіп бара жатқанда әрі кешке қайтып келе жатқанда Жұмақтан орын дайындап қояды» (Әл-Бұхари мен Мүслим).
9. Ең үлкен сауап мешіттен алыс тұратындарға беріледі
Сіздің мешіттен алыс тұруыңыз – мешітке келуіңізге кедергі келтірмесін. Мешітке дейін алыс жол жүріп өтетіндер ең мол сауапқа кенелетінін білгендеріңіз жөн.
Әбу Мұса Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген:
«Мешітте жамағатпен намаз оқу үшін алыстан келетін адам ең үлкен сауапқа кенеледі. Және де имамның артында тұрып намаз оқу үшін күтетін адам, намазын жалғыз оқып алып, ұйқыға жататын адамға қарағанда мол сауап алады» (Әл-Бұхари мен Мүслим).
10. Күнәларыңыздың кешіріліп әрі сіздің жаңа деңгейге көтерілуіңізге септігін тигізеді
Пайғамбарымыз (ﷺ) күнәлардан тазарып, біздің деңгейіміздің көтерілуіне септігін тигізетін амалдардың бірі – мешітке дейінгі қадам санын көбейту деп айтқан (Мүслим).
Бұл мешітте жамағатпен намаз оқудың көптеген себептерінің тек оны ғана. Мешітке барып, жамағатпен бірге намаз оқуды бастау ешқашан кеш емес. Алла Тағала бізді Өзінің үйіне үнемі баратындардың санатынан болуға нәсіп етсін!