Қасиетті жұма күні Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Үлгілі ауылдық «Әбдімажит» мешітінің жамағатымен кездесіп, жұма намазын өткізді.
Бас имам Қанат Әділханұлы: «Мұсылман адам Жаратушының алдында міндетті болған құлшылық-ғибаттарын орындаумен қатар, күнделікті өмірде жүріс тұрысында, келбетіні жағынан асыл дініміз талап ететін ізгі сипаттарға сай болуы қажет. Қасиетті Құранда Алла Тағала иман келтірген жандарды түрлі ізгі сипаттармен сипаттаған. Мысалға, қасиетті Құрандағы «Әли Имран» сүресінің 133-134 аяттарында Алла Тағала:
«Раббыларыңның жарылқауы мен кеңдігі жер мен көктей жәннатына жарысыңдар. (Бұлар) тақуалар үшін әзірленген. Олар – (тақуалар) кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал сарп қылғандар. Сондай-ақ ашуларын жұтушылар, адамдарды кешірім етушілер. Алла игілік істеушілерді жақсы көреді», – деген.
Бұл аяттарда Алла Тағала мүминдерге Оның жарылқауы мен жәннаты тақуалар үшін әзірленгенін баяндап, кейін мүминнің келбетіне тән сипаттарды баяндап, олар таршылықта да, баршылықта да қолында барымен өзгелерге жәрдем беретінін, ашуларын ұстай алып, өзгенің кемшілігіне кешіріммен қарайтынын айтқан», - деді.