25-қазан Республика күніне орай Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2023 жылғы 16 қазандағы жарлығы бойынша өңірімізден тұңғыш рет мешіт имамы Әміров Сейткамалдин Зіпінұлы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен наградталды.
Мешіт имамына Құрмет грамотасын арнайы түрде Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлы табыс етті. ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы бас имамы Бейбіт Әліпбайұлы Сейіткамалдин имамды жеке қабылдап, Құрмет грамотасын алуымен құттықтады және алдағы уақытта руханият саласында жемісті еңбек ете беруіне тілектестік білдірді.
1991-1992 жылдары Тараз қаласындағы «Абдықадір» мешіт-медресесінде, 2011 жылы Алматы қаласындағы Имамдардың білімін жетілдіру институтында 4 ай діни білім жетілдірген Сейіткамалдин имам 1992 жылдан бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауылдық мешітінде имам болып жұмыс атқарып келеді.
Сейіткамалдин имам 30 жылдан астам уақыт бойы өңірдегі ауылдағы дін саласының көркеюіне үлес қосып, аянбай тер төкті. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, еліміздің иманды жастарын тәрбиеледі. Өз тарапынан көмек қажет ететін отбасыларына, мектеп оқушыларына демеушілік көрсетіп келеді. Өңірімізге өте сыйлы, ел қадірлейтін мінезімен көпшіліктің алғысына бөленген азамат. 4 перзент тәрбиелеп отыр.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі