Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Байзақ ауданы Көкөзек ауылы «Жантай ата» мешіті жанындағы Жасұзақ Асланбек атындағы спорт кешенінде аудандық турнир өткізіліп, арнайы ас берілді.
Байзақ аудандық мәслихатының депутаты Асылбек Жантаев өзі туып-өскен Көкөзек ауылында әкесі Жантайұлы Жасұзақты, ағасы Жантайұлы Әбдірұзақты және ұлы Асылбекұлы Асланбек марқұмдарды еске алуға арналған спорттық шаралар өтіп, волейбол, футбол және дзюдодан аудандық турнир ұйымдастырылды.
Турнирді ұйымдастыруға аудандық Дене шынықтыру және спорт бөлімі атсалысты. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, екі жылдан бері қатарынан өткізіліп келе жатқан жарыстың ашылу салтанатына арнайы Байзақ ауданының әкімі Бақыт Алпысбайұлы сөз сөйлеп, жарысты ашып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, аудандық «Байзақ баба» мешітінің наиб имамдары Мұхит Ермаханұлы мен Бақытбек Бауыржанұлы жарыскерлерге өз насихаттарын айтып, баталарын берді. Келген қонақтарға дастархан жайылып, ас берілді. Құран бағышталды.
Волейболдан, кіші футболдан, дзюдодан жарыстар жалғасып, шын мықтылар жеңіске жетті. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен кубок, медаль, грамоталар табысталды. Осы шара аясында «Әл-Фараби» мәдениет үйінің өнерпаздары халыққа жырдан шашу шашты.