Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Джадраев Сұлтаншәріп қажы мешітке келіп неке қидырушы жас отбасыларға «Неке бақыты» тақырыбында кездесуөткізді. Кездесуде ақ некенің артықшылығы, бақытты отбасы құрудың жолдары жайлы пайдалы дүниелер көптеп айтылды.
Ауданның бас имамы кездесуде: «Алла Тағала Құран Кәрімде маңызды бір жәйтқа назарымызды аударады: «Сондай-ақ, Олармен (жұбайларыңмен) жақсы мәміледе болыңдар. Тіпті ұнатпасаңдар да. Бәлкім, сендер ұнатпаған нәрседе Алла сендер үшін көптеген қайыр жасырған болуы мүмкін», дейді.
Ал, мүбәрак мәтінді хадистердің бірінде: Әбу Һурайра (р.а): «Алла Елшісі (с.ғ.с): «Мүмін ер адам еш уақытта мүмін әйелді жек көруші болмасын. Егер де, қандай бір мүмін әйелдің әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатар», – деп айтты», – делінген. Әлбетте, өмір болған соң «Ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды». Өйткені, пенде бойында кемшіліктерімен жаратылған. Жұбайлар бір-бірінің кемшілігін көрген сайын араларында түсінбеушілік шығып, баяғы сүйіспеншіліктің жүректен бірден өшіп кеткеніндей құлазу сезімі пайда болуы мүмкін. Адамзаттың ұстазы болған Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиетінде осының шығар жолын көрсетіп беруде. Демек, қандай жағдай болмасын, сыйласа білу, бірін-бірі жек көрмеуге тырысу керек. Яғни, жұбайының ұнамайтын қылығын көрген кезде ұнайтын, жақсы бір мінезін еске түсіру арқылы бірін бірі кешіруге тырысуы керек»,- деп сөзін аяқтады.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі