Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Құдіреті күшті Хақ Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың бірегейі де осы – ихсан ілімі. Қасиетті Құранда: «Негізінде Алла әділдікті, игілікті (ихсанды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды. Түсінерсіңдер деп сендерге (осылайша) насихат береді», - деп баяндалған. Сөздікте «жақсылық», «игілік» деп келетін «ихсан» сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасы – бір нәрсені қолға алғанда оны «ең әдемі, ең кемел түрде жасау» дегенді білдіреді.
Байзақ ауданына қарасты ауыл имам-молдалары Талас ауылдық «Ан-Нағим» мешітінде «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты семинарға қатысты. Семинарды Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы жүргізіп, «Имамның көркем мінезі»6 «Ихсан дәрежесіне қалай жетуге болады?», - сынды тақырыптарды қозғап имамдардың сұрақтарына жауап берді.